Білім

Мектеп-гимназия мерейі

«Сәт сапар, XXI ғасыр түлегі». Кеше осындай атпен Ақтөбе қаласындағы М.Құрманғалиева атындағы №32 мектеп-гимназияда мектеп түлектеріне аттестат табыс ету шарасы өтті.

Облыс орталығындағы білім сапасы жоғары мектептің биылғы түлектері оқу жылын үлкен жетістікпен аяқтапты. 75 түлектің алтауы — «Алтын белгі», бесеуі «Үздік аттестат» иегері. Білімдерін дәлелдеп, «Алтын белгі» аттестаттарын сәтті қорғаған мектеп-гимназия мақтаныштары — Ақбота Бабажан, Данияр Нармұхамедов, Ерасыл Есетов, Думан Елубай, Аида Бердешова, Әлішер Әбілқасымов.

Салтанатты жиында сөз алған мектеп-гимназия директоры Айжан Жамбылова білім ордасының жетістіктері туралы жан-жақты айтты.

— Біздің мектеп-гимназия сапалы көрсеткіштерімен облыс орталығындағы білім шаңырақтарының арасында алдыңғы лекте тұрғанын мақтанышпен айтамыз. Оқушыларымыздың көпшілігі түрлі деңгейдегі байқау, жарыс, олимпиадаларда топ жарып жүр. Әр жылғы түлектеріміз өзіндік қабілеттерімен ерекшеленеді. Биылғы 11-сынып оқушылары да шетінен алғыр, өнерлі, дарынды, талантты. Олар облыстық, республикалық пәндік олимпиадаларда да, ғылыми жобалар қорғау жарыстарында да, спорттық-мәдени сайыстарда да биіктен көрініп, жеңімпаз, жүлдегер атанды, — дейді мектеп-гимназия басшысы. Мысалы, Ақбота Бабажан, Данияр Нармұхамедов, Ерназ Ізімғалиев, Дамира Ізімғалиева, Адина Қошмағанбетова, Әлішер Әбілқасымов, Зере Нұрымжанова, Азат Қуандықов, Нұрбек Асылханов, Аида Бердешова, Есет Ұзақбай, т.б. оқушылар  облыстық, республикалық білім бәйгелерінде жоғары көрсеткішке ие болып, облыс абыройын асқақтатқан.

Жалпы аталған мектеп-гимназияда 1345 оқушы бар. Олар 4-тоқсанда жаңа технология бойынша оқу процесін сәтті аяқтады.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button