Басты бет » Тарих » Ақтөбедегі ашаршылық кезең және АРА-ның көмегі

Ақтөбедегі ашаршылық кезең және АРА-ның көмегі

Қазақ даласы үшін ХХ ғасыр қуаныштан гөрі қасіреті көп кезең болды. Патша үкіметінің озбырлық саясаты қазақ халқын өз жерінен айырды, одан кейінгі азамат соғысындағы  қанды арпалыстан соң ата-бабаларымыз кеңестік үкіметтің сұрқия саясатына тап болды. 1919 жылдың қаңтарында енгізілген «азық-түлік салғырты», яғни ауылшаруашылық өнімдерін мемлекетке мәжбүрлі тапсыру саясаты, 1921-1922 жылдары елдегі болған аштыққа соғыстан кейінгі шаруашылықтың күйреуі мен құрғақшылықтың салдарынан малдың жаппай қырылуытікелей әсер етті.Облыстық  архивте сақталған құжаттарға сүйенсек, губерниялық атқару комитеті басшылары — Ряхов, Назаров, Сердюковтар сол жылдардағы Ақтөбе жерін жайлаған қасірет пен малдың жұқпалы аурудан қырыла бастағанын Ленинге жазған хаттарында баяндайды.

Орталықтан қайран болмай, қазақтың ұлт зиялылары аштықпен күресуге бар күш-жігерін салды, тоқтатуға тырысты. Алайда 1921 жылдың қараша айында Ақтөбе қаласында 469 ересек, 320 бала аштықтан көз жұмып, мал басының 55 пайызы азайған. Сол жылы 28649 ересек, 87725 бала аштыққа тап болған. 1921 жылдың шілде айынан бастап аштық  Ақтөбе, Орынбор, Орал, Бөкей, Адай губернияларында тез тарайды.

 

1921-1922 жылдары аштыққа ұшырағандар саны

 

Губерния Желтоқсан Қаңтар Ақпан Наурыз Сәуір Мамыр
Орынбор 444 786 351166 437776 524170 515118 495064
Орал 400 900 328816 277835 370000 378818 292098
Қостанай 254 900 283749 87494 337000 354350 294350
Ақтөбе 359 325 361051 359326 252514 361049 234580
Бөкей 100 000 100000 100000 77059 66265 66265
Елек         86720 91856
Адай 75 000 75000 75000 75000    
Торғай         60 000 75000
  1559911 1600452 1629431 1736413 2303320 2071222

 

Кестедегі сандар арқылы республикада өмір сүрген 4 781 263 адамның жартысы аштыққа ұшырағандар екенін көруге болады. 1921 жылдың  11-18 маусымында Қазақ өлкелік атқару комитеті азық-түлік салғыртын салықпен ауыстырса да, жағдай қиындай берді, яғни жеуге азық, малға шөп таба алмай қиналған халыққа салықты үсті-үстіне салып, төлей алмаса малын тартып алу басталады. Оның үстіне қарақшы топтар мен барымташылық та қосылады. Жаппай бассыздықты ауыздықтауға ішкі істер бөлімдері күш салады. Оған 1921 жылы 9 сәуірде шыққан Ақтөбе уезіатқару комитеті ішкі істер бөлімінің басшысы Мырзағұл Атаниязовтың №920 бұйрығы дәлел. Сонымен бірге Төтенше жағдайлар бойынша Орталық комитет Ақтөбе қаласы, Темір, Шалқар, Ырғыз, Ойыл, Қарабұтақ, Ақбұлақ аудандарындағы ашыққандарға 315 миллион сом көлемінде көмек көрсеткен. Бұл қаржыға Ақтөбеде 100 адамдық түнеу үйі салынып, Мәскеуден 2 вагон астық пен Ташкенттен 1 вагон ұн, 1 вагон жеміс, 2 цистерна мұнай әкелінеді және халыққа таратылған. 46 тамақтану орнында (асхана) 15043 адам тамақ ішкен.

Аштық қасіреті 1922 жылдың наурыз-сәуір айларында күрт күшейген. Ақтөбе губерниясы халқының 50 пайызы аштықтан  көз жұмып, 28 пайызы індетке тап болады. 1921 жылдың тамыз айы мен 1922 жылдың қаңтар айы аралығында біздің жерден 10 мың адам Түркістанға, 1000 адам Орынборға көшірілген. 3907 адам Ақбұлақ пен Жұрыннан Түркістан аумағына жіберілген.

1919 жылдан бастап Кеңес Одағы жерін жайлаған аштыққа халықаралық ұйымдар көмекке келеді, соның ішінде АРА (American Relief Administration) ұйымының қызметін атауға болады. Бұл ұйым 1922 жылдың 26 желтоқсанынан бастап Ақтөбе губерниясында ашыққан балаларды тамақтандырумен айналысады, яғни ақпан айында бөлінген 25 мың құрғақ паектың 3000-ы Ақтөбе қаласына, 6000-ы — Ақтөбе аудандарына, 7500-і— Ақбұлаққа, 6500-і— Темірге, 2000-ы — Қосестек ауданына таратылады. Басқа аудандар алыс жатқандықтан, ұйым оларға көмек беруден бас тартыпты.

30 қаңтарда АРА-ның Орынбор губерниясының 3 ауданында, Ақтөбеде және Ақтөбе губерниясының 6 ауданында 717 асханасы ашылып, 88900 адам тамақтанған. 1 маусымға дейін Ырғыз, Шалқар аудандарында 1101 асхана ашып, онда 375 345 адам тамақтанып, 554 612 құрғақ тамақ таратылған. Ұйым өлкедегі адамдарды тамақтандырумен бірге дәрі-дәрмек, медициналық құралдар, киім-кешектер, сабын, шаруашылық құралдарын таратқан. Бірақ жолдағы түрлі қиындықтар мен тонаушылық кесірінен, азық-түлік кейбір ашыққандарға жетпей қалған. Мысалы, Темір ауданындағы ұйымның өкілі Демидов көмекке деп жіберілген азық-түліктің базарда сатылып жатқанын анықтаған. Жалпы, бұл аштық табиғаттың әсерінен емес, большевиктер мен партияның теріс саясатынан болды.

Облыстық тарихи-өлкетану музейі қорының фото-құжаттар топтамасында 1921-1922 жылдары болған аштықты растайтын ерекше құжаттар бар. Солардың бірі — шетелдік АРА ұйымының ересектерді тамақтандыруға берілген акт түрі. Актіде 1922 жылдың 1 тамызы күні Ақтөбе губерниясы Троицк болысы, Троицк ауылы №31 үлестіру пунктінде 27 шілдеден бастап 23 тамызға дейін 687 адамның жан басына 182/3 фунттан келетін барлығы 320 пұт жүгері астығы таратылғаны жазылып, ұйымның төрағасы ретінде Д.Тёмушканың есімі жазылған.

Таратылған азықтың есебі де құжатта көрсетілген. Оған қоса азықты алушы 687 адамның есімдері тізіліп жазылған ескі дәптер де бар. Сиямен толтырылған дәптерде адамдардың аты-жөні, карточка нөмірі, жасы, азық мөлшері, алғандығын растайтын қолы қойылған. Тізім орыс тілінде, кириллицамен толтырылған. Тізімде көбі славян тобына жататын ұлт өкілдері, бірақ арасында мұсылмандар мен қазақ есімдері де бар: Исмаил, Фатима, Мұхаммедрахим, Махмуза, Исхак, Фатыма Юсуповтар; Нұрқан, Қапиза, Малика, Жарылқас Кундубаевтар; Лай, Елубай Бисеновтер; ӘсемӨтегенов; Төлеген, Тимиске Мукаевтар және тағы басқалары.

АРА ұйымының төрағасы болған ДавидТёмушка сол нәубет жылдары Троицк ауылында мұғалім болған, кейін 1929 жылы Ақтөбе қаласында ашылған өлкелік музейдің, яғни қазіргі Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің алғашқы басшысы болып тағайындалады. Аштықтың куәгері болған Д.Тёмушканың бұл құжаттары өзі қызмет еткен облыстық музей қорында сақтаулы тұр.

Ләззат САҒИДОЛЛАҚЫЗЫ,

облыстық тарихи-өлкетану музейі қорларды

ғылыми-зерттеу бөлімінің меңгерушісі.