Білім

Қыздарға арналған «Білім-Инновация» лицей-интернаты салынып жатыр

Жаңа оқу жылында аталған білім ордасына облыс бойынша 7-8 сыныптарға 150 бала іріктелмек.  Лицей-интернат бұрынғы экономика және статистика колледжінің ғимаратында орналаспақ.  Қазір бұл ғимаратқа ақтөбелік кәсіпкерлердің ықпалымен күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Кеше облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағамбетов құрылыс жұмыстарын өз көзімен көріп қайтты.  

Қазір  бұл ғимаратқа Ақтөбедегі «Кемел-Білім» компаниясы күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Жоба құны — шамамен 850 миллион теңге. Компания басшысы Жасұлан Жақсымбетовтің айтуынша, ғимараттағы барлық коммуналдық жүйелер ауыстырылған. Олар құрылысты тамыз айына дейін аяқтауды жоспарлап отыр.

Облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағамбетов және аймаққа арнайы шақыртумен келген  «Білім-Инновация» халықаралық қоғамдық қорының президенті Дархан Өте кеше құрылыс жүргізіліп жатқан жерде болды.

Бұл — елімізде баламасы жоқ алғашқы жоба. Себебі қыздарға арналған «Білім-Инновация» лицей-интернатының ғимараты  жеке кәсіпкердің ықпалымен жүзеге асырылып жатыр. Сондықтан бұл бастама өзге облыстарға үлгі. Білім ордасындағы спортзалы, зертхана, пән кабинеттері, жатақхана мен ІТ сыныптардың барлығы соңғы үлгідегі технология негізінде жүзеге асырылмақшы. Әрине, мұндай білім мекемесін ашу турасында бұған дейін ата-аналар тарапынан сұраныс болды. Бүгінде облысымыздағы ер балаларға арналған «Білім-Инновация» лицейінің деңгейі жоғары. Жаңа оқу жылында ашуды жоспарлап отырған қыздарға арналған «Білім-Инновация» лицей-интернаты да білім мен тәрбие беру жағынан өзін көпке үлгі ретінде көрсетеді деген сенімдеміз, — деді Мейрамбек Шермағамбетов.

Дархан Өтенің айтуынша, бүгінде елімізде аталған қорға қарасты 30 «Білім-Инновация» лицейі және онға жуық жекеменшік мектеп бар.

— Ақтөбе өңіріндегі ер балаларға арналған «Білім-инновация» лицей-интернаты еліміздегі алдыңғы қатарлы білім ордасы саналады. Себебі білім сапасы жағынан да, олимпиада көрсеткіштері бойынша да бұл лицей көп жылдан бері бірінші орында тұр. Ата-аналар қыз балаларға арналған мұндай лицейдің қашан ашылатыны турасында көптен бері сұрастырып жүрген еді. Енді жаңа оқу жылынан бастап облыс әкімі Оңдасын Сейілұлының тікелей қолдауымен, ақтөбелік кәсіпкерлермен бірлесіп, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында қыз балаларға арналған «Білім-Инновация» лицей-интернаты ашылатын болады, — деді ол.

Оның айтуынша, биыл қыздарға арналған лицей-интернатқа 7-8 сыныптар үшін 150 балаға іріктеу жүргізіледі. «Біз мұнда облыстық білім басқармасымен бірлесе  отырып, оқудың академиялық жағын өз міндетімізге аламыз. Лицейде оқушыларға үш тілде білім беріледі. Мектеп басшылығы мен мұғалімдер осы өңірден таңдалады. Егер ағылшын тілінен мықты ұстаздар таппасақ, онда кадрды шетелден шақыртатын боламыз. Қазіргі күні біз өз тарапымыздан білім ордасына академиялық жағынан кешенді жұмыстарымызды жасап жатырмыз», — деді Дархан Өте.

Ол қазір  ел аймақтарында қыздарға арналған 7 «Білім-Инновация» лицейі бар екенін айтты. Жаңадан ашылатын білім ордасында оқушыларды  IT-технологияға бейімдеуге ерекше басымдық берілетін болады.

Биыл республика бойынша «Білім-Инновация» лицейлеріне қабылдау емтихандары 18-19 маусым күндері жүргізіледі. Осы күндері облыстағы ер балалармен қатар, қыздар да емтихан тапсыратын болады.

Облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаеваның айтуынша, аймақтағы қыз балаларға арналған лицей-интернат  300 орынға арналған. Ғимараттың 4-5 қабаты жатақхана болмақ.

Бізге арнайы мектеп ашу жөнінде кәсіпкерлерден ұсыныс түсті. Бұған дейін қыз балаларға арналған «Білім-Инновация» лицей-интернатын ашу жөнінде ата-аналардан көп ұсыныс болғанмен, қаржылық жағынан мүмкіндік болмағасын, ол өтініштерін орындай алмағанымыз рас. Құрылысты жүргізіп жатқан кәсіпкерлер — қазақ-түрік лицейінің бұрынғы түлектері. Олар осы ғимаратты алып, жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Қыздарға арналған «Білім-Инновация» лицейі ретінде ашылатын білім ордасының дизайны көңілге қонады әрі сапалы, — деді Л.Оразбаева.

Оның айтуынша, індетке байланысты 18 мамыр мен 18 маусым аралығында аймақтағы мектеп-интернаттарға қабылдау құжаттары онлайн тәртібінде жүргізіліп жатыр. Осы уақыт аралығында қыздарға арналған лицей-интернатқа да құжат тапсыруға болады. Ол үшін хабарлама онлайн негізде жүзеге асырылмақшы.

Бір айта кететін жайт, облыстағы қыздарға арналған «Білім-Инновация» лицей-интернатында білім алушылардың төлемақысы мемлекет есебінен төленбек.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button