Спорт

Бокс ауылда да дамуда

Өткен аптада олимпиадалық резервтер даярлайтын облыстық бокс мектебінде бокстан 1993-1994 жылдары туған жастар арасында облыстың ашық біріншілігі болып өтті.

Біріншілікке Ақтөбе қаласының балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінен, Алға, Мұғалжар, Шалқар, Темір, Қобда, Мәртөк аудандарынан және Есет батыр атындағы әскери-полиция мектеп-интернатынан — барлығы 14 команда қатысты. Жалпы, биылғы чемпионат аудандардан келген боксшылар санының артуымен ерекшеленді. Жарысқа келгендердің 48-і чемпиондықты сарапқа салса, қалған 19-ы өзара жолдастық кездесу өткізді.

Салмақ дәрежелері бойынша мына боксшылар облыс чемпионы атанды: Нұртас Әжбенов, Сержан Атыраубаев (Мұғалжар), Дархан Ізбасаров (№2 БЖСМ), Айдар Жұмабеков, Арман Жұмашев (бокс мектебі), Игорь Саназаров (№4 БЖСМ), Нағи Сәкен (Ембі), Евгений Логинов (бокс мектебі), Сордор Дадаханов (№2 БЖСМ).

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер облыстық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасының медальдарымен, дипломдарымен марапатталды.

Бердібай КЕМАЛ.

Футбол

Қазақстан — Бельгия: 0:2

Шторк тағы да жеңіліс тапты

Өткен жұмада футболдан Еуропа чемпионатының іріктеу матчында Қазақстан құрама командасы Астанада Бельгиямен кездесіп, 0:2 есебімен ұтылып қалды.

Қазақстан командасы сапында екі ақтөбелік — Александр Сидельников пен Андрей Карпович ойнады. Сидельников «жарты команда» саналатын қақпашылықты, ал Карпович команда капитаны міндетін атқарды.

Ойыншылары әлемнің таңдаулы клубтарында ойнайтын көне құрлық футболшыларына қарсы тұру оңай емес екені белгілі. Дегенмен ойын біз үшін тым жақсы басталды. Комбинацияны алаңның орта тұсынан ұйымдастырған қазақстандықтар қақпаны алыстан нысанаға алып көрді. Айып доптары да орындалды. Алайда Қазбек Гетериев пен Андрей Карповичтің ұрған доптары қарсыластар құрған «қабырғадан» қайтты. Александр Кислицын, Генрих Шмидтгаль да қонақтар қақпасын торуылдап көрді. Шмидтгаль сол қанаттан екпіндете шығып, Нұрбол Жұмасқалиевке пас асырған еді. Бірақ Нұрбол қақпадан биік тепті. Бельгиялықтар да сырт алаңда жүрмін демей қауіпті жағдайлар туғызып отырды. Бұл таймда Сидельников қақпаны бірнеше рет аман алып қалды. 1 тайм 0:0 есебімен тең аяқталды.

Ал матчтың екінші кезеңіне қонақтар ширығып шықты. Еінші таймда ойынға қосылған Марвин Огунжими бас бапкердің сенімін ақтап, өз елін қуанышқа бөледі. Воссеннің ұрған добын Сидельников қайтарған еді, алайда доп Окунжимидің алдына түсті. Бельгиялық футболшы допты қақпаға тастай салды. Осылайша 52-минутта есеп ашылды — 0:1. 68-минутта Кислицын дөрекі ойыны үшін екінші сары қағаз алып, қақпадан қуылды. 70-минутта алғашқы соғылған гол тұп-тура қайталанды десе болады. Тағы да Воссен, тағы да Сидельников допты қайтарды, Ал Огунжими өзінің осы ойындағы екінші голын соқты. Айта кету керек, Огунжими үшін Қазақстанмен ойын сәтті болды. Бельгия құрамасының жейдесін киіп,  осындай маңызды матчқа алғаш рет шыққан ол екі гол соқты.

Қазақстан құрамасының тізгінін ұстағалы жеңілістен көз ашпай келе жатқан бас бапкер Бернд Шторктың командасы өз алаңында Бельгиядан ұтылды. Ал команданың бүгінгі жағдайымен әлемдегі футбол державасы Германияға қалай қарсы тұрмақ?

Бүгін «Астана-Арена» стадионында өтетін ойын көрсетілімі «Хабар» телеарнасында Астана уақытымен 22.50-де басталады.

Бельгиямен болған кездесуден кейін Қазақстан Футбол федерациясы УЕФА-ның төрешілер комитетіне наразылық түсірді.

Ұлттық құраманың бапкерлер штабы, Федерация басшылығы, футбол төрешілері мен инспекторлар департаменті басшылары ойынның бейнетаспасын қарап, кездесудің бас төрешісі поляк Марцин Борски екі рет өрескел қателесті деген пікірге келді. Бірінші жағдайда, яғни 9-минутта бельгиялық футболшы өзінің айып алаңында қолымен ойнаса да, пенальти белгілемеді. Сондай-ақ 68-минутта Бельгия қақпасына соғылған голды есепке алмады.

Осы өрескел екі қателік ойынның нәтижесіне әсер етті деген тұжырым жасаған қазақстандық мамандар матчтың тағдыры алдын ала шешіліп қойған деп санайды.

Бердібай КЕМАЛ.

«Ақтөбе» «Сатурнды» ұтты

Мәскеуде оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатқан «Ақтөбе» командасы Раменск қаласының «Сатурн» командасымен жолдастық кездесу өткізді.

Бұл кездесуде ұлттық құрамаға шақырылған бес ойыншыдан басқа негізгі құрам мүшелері түгелдей ойнады. Ал алаң иелері аралас құрамда шықты. Ойынның бірінші жартысында екі гол соққан ақтөбеліктер жеңіске жетті. Екі голдың авторы — Мұрат Тілешев пен Тити Эссомба.

Жерлестеріміз Мәскеуден ертең оралып, 15 қазанда Астананың «Локомотивімен» болатын ел чемпионатының кезекті матчына дайындалады.

Бердібай КЕМАЛ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button