Абай — 175

Гүлбибі — инста-байқау жеңімпазы

Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына орай Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті «Абайтану және ұлттық руханият» ғылыми зерттеу орталығы «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» атты инста-байқау жариялаған болатын. Екі ай көлемінде өткен байқауға еліміздің бірқатар өңірінен 16-30 жас аралығындағы белсенді жастар қатысты.
Жуырда аталған инста-байқаудың қорытындысы жарияланды. Құрамында белгілі ақындар Ертай Ашықбаев пен Бауыржан Бабажанұлы, университеттің ғылым және инновациялар жөніндегі проректоры Рақым Бекназаров, «Абайтану және ұлттық руханият» ғылыми зерттеу орталығының жетекшісі Абат Пангереев, т.б. университет оқытушылары бар қазылар алқасы өлең оқу мәнері, дауыс ырғағы мен интонациясы ерекше қатысушыларды анықтады.
Байқаудың нәтижесінде қызылордалық Гүлбибі Сейдәлі І орынды жеңіп алып, 50 мың теңге көлемінде сыйақыға ие болды.

ІІ орынды Семей қаласынан қатысқан Назгүл Сембаева мен Қостанай облысының Амангелді ауданынан қатысқан Айым Қаршыға иеленді. Олардың әрқайсысына 25 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлық берілді.

Сондай-ақ ІІІ орынды қос ақтөбелік Бауыржан Жақсылықов, Айдана Ақсейілова және қарағандылық Аида Сәкенова өзара бөлісті. Ал «Көрермен көзайымы» номинациясына инстаграм парақшасында ең көп лайк жинаған Ақтөбе қаласынан қатысқан Мейрамгүл Маратбекқызы ие болды.
Сонымен қатар байқауда белсенділік танытып, көзге түскен Ернәсіл Рысқалиев, Азамат Әбуов, Данагүл Жанділдәға университет ректоры, абайтанушы, ғалым, профессор Бауыржан Ердембековтің авторлығымен жарық көрген «Абайтану» кітабы сыйға берілді.

 

 

Д.ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button