Жаңалықтар

Пайда ойлама, ар ойла…

Ұлы Абайдың осы бір тағылымды сөзі қазіргі уақытта күн сайын дерлік алдымыздан шығып отырғандай.

«Әділдік жоқ жерде пара белең алады», «Дүние-байлық неге керек, денсаулығың болмаса, Төрелігің неге керек, халықтың көңілі толмаса» деген нақыл сөздердің де мәнін өмірдің өзі тереңірек ұғындыра бастады.

Біз білім беру саласында шәкірттерге сапалы білім берумен бірге, саналы тәрбие жолын көрсетіп, осындай ұлағаты мол ұғымдарды түсіндіруге тырысамыз. Өйткені қоғамымызды жайлап алған жаман дерттердің негізі жас буынның бойында қалыптаспауы тиіс.

Халық арасында жұлынқұрт, індет аталып кеткен сыбайлас жемқорлық, парақорлық сияқты келеңсіз құбылыстарды жою толықтай жүзеге аспағанымен, оны ауыздықтаудың, тежеудің сәті кейде түсіп, кейде шарасыздықтың белең алатыны да рас. Әрине, сыбайлас жемқорлық сылып тастайтын сыртқы жара емес, бұл тамырын тереңге жайған, өзге сау органдарын шырмап, тыныс-тіршілігін тарылтатын, сөйтіп, олардың толыққанды қызмет етуіне қатер төндіретін қауіпті кесел. Оны емдемес бұрын аурудың пайда болу, даму, таралу жолдарын біліп, дерттің қозуына қолайлы жағдай тууына жол бермеу керек. Ол үшін бұл ауруға қоғам болып қарсы тұруымыз қажет. Яғни бұқара көпшілік тарапынан сыбайлас жемқорлық көріністеріне қолдан келгенше тосқауыл қойылып, қолында билігі бар азаматтар осы жолда өзгелерге үлгі болуы тиіс.

«Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деп қара қылды қақ жарып, турасын айтып, әділдікке жүгінген текті халықтың ұрпағы бүгінгідей өз алдына ел болып, еңсесі биік 50 мемлекеттің қатарына жетуді көздеп отырған шақта асқаралы адами қалып-парасат биігінен көрінуге тиіспіз. Елімізде жемқорлықпен және ұйымдасқан қылмыспен күресті күшейту шараларына орай «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы», «Мемлекеттік қызмет туралы» арнайы заңдар қабылданды. Жемқорлықпен күрес арнайы дайындалған мемлекеттік бағдарлама негізінде жүзеге асырылуда.
ҚР «Сыбайлас жемқорлықпен күрес туралы» Заңы сыбайлас жемқорлыққа анықтама береді. Онда «…мемлекеттік міндеттерді орындайтын адамдар, сондай-ақ соларға теңелген адамдар, өздерінің лауазымды құзыреттерін және онымен байланысты мүмкіншілікті немесе өз құзыреттерін басқаша пайдаланып, мүліктік пайда алу үшін заңмен қарастырылмаған мүліктік жайлылықты және артықшылықты қабылдау, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалармен аталмыш жайлылықты және артықшылықты оларға заңсыз беруге осы адамдарды парамен сатып алу» деп көрсетілген.

Біздің мектебімізде жыл бойына 5-11 сыныптар арасында аталған тақырыптар бойынша тәрбие сағаттары өтіп келді. Мақсатымыз — оқушылардың сана-сезімін осы бастан жаман әдеттен аулақ жүруге бейімдеу. Жас өрендерге пайда ойламай, ар ойлау қажеттігін жүректеріне жеткізіп айту — бәріміздің борышымыз.

 Жамал САУЫТБАЕВА,

М.Дулатұлы атындағы №62 орта мектеп-лицейдің мұғалімі.

Ақтөбе қаласы.   

Басқа жаңалықтар

Back to top button