Білім

Құрметті жас достар, ата-аналар, ұстаздар!

 

Баршаңызды соңғы қоңырау мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!

Бұл — толғанысқа толы ерекше сәт. Дәстүрлі түрде соғылатын соңғы қоңырау. Бір сыныптан келесіге жоғарылау. Мектеп бітіруші түлектер үшін тіптен ерекше күн. Тарыдай болып кіріп,  таудай болып шығатын мезгіл.  Ата-аналардың, ұстаздардың қимастық сезімді бастан кешер уақыты.

Биыл, өкінішке қарай, әлемді жайлаған вирустың кесірінен соңғы қоңырауды өзгеше өткізудеміз. Мен  бүгін өздеріңмен виртуалды әлемде кездесіп отырмын.  Жылдағыдай мектеп ауласына жиналмаймыз.  Шаршы топты айнала сыңғырлата қоңырау соға алмаймыз. Дегенмен әрбір істің бір қайыры бар. Бұл да бізге берілген сынақ болды. Төтенше жағдайлар кезеңінде оқушылар мен ұстаздар қашықтықтан білім алу тәжірибесін үйренді. Цифрлық ақпарат тәсіліне әбден төселді. Осылайша оқу жылын абыроймен аяқтап шықты. Ұстаз алдында баршамыз — әкім де, ақын да, кәсіпкер де, ғарышкер де  борыштымыз. Әсіресе биылғы жағдай олардың еңбегінің өлшеусіз екендігін көрсетті.

Осылайша білім мен тәрбиені қатар ұстап, шеберлік танытқан ұстаздарымызға   зор ризашылығымды  білдіргім келеді!

Құрметті оқушылар!

Мінеки, жыл бойы жинақтаған білімдеріңді сынға салып, дәлелдейтін уақыт та келіп қалды. Өздеріңе тілейтінім, сабырлы болыңдар, ұстаздарыңның үмітін ақтаңдар.  Сынақты жақсы бағамен тапсырып, ата-аналарыңды  қуантыңдар.

Бүгін облыстағы 6 604 мектеп бітіруші түлек үлкен өмірге жолдама алғалы тұрсыңдар. Бірқатарың  ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысып, бақ  сынайсыңдар. Енді бірің өз таңдауларыңмен бірден еңбек жолын бастайсыңдар. Қандай таңдау болса да, құрметке лайық. Енді ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысатындар  жоғары балл жинап, өздерің таңдаған оқу орындарының студенттері болуды армандайсыңдар. Армандарыңның орындалуына тілектеспін. Дегенмен өмір болған  соң түрлі жағдай болады. Бұрылыс та,  құбылыс та кездеседі. Оған да дайын болу керек. Біріңе жоғары балл жинаудың сәті түсер, енді біреулер аздау балл алуы мүмкін.  Ондайда сабырлық сақтау керек. Өздеріңе бекем болыңдар. Өйткені өмірдің мәні мен мағынасы  дәл осы сынаққа  тіреліп тұрған жоқ. Мүмкін, тағдыр сендерге басқа жолды бағыттап тұрған болар. Мұны да дұрыс түсінген жөн.  Ой еркіндігі мен сенімділік адамды биік армандарға жетелейтін. Сондықтан ешқашан өздеріңнің жеке дамуларыңды тоқтатпаңдар! Ең бастысы —  қандай жағдай болмасын, болашақтарыңа сеніңдер!

Мақсатқа жетудің жолдары көп. Мүмкіндік те мол екенін естен шығармаңдар! Өйткені сендердің әрқайсысыларың ерекше тұлғасыңдар. Осыны дұрыс түсінсеңдер, әрдайым жолдарың ашық болады.Сонда ғана еліміздің дамуына зор үлес қосасыңдар. Әлемдік бәсекеге қабілетті боласыңдар.

Табысқа жетудің бірден-бір кепілі — осы, Жас достар!

«Мәңгілік ел» идеясын жүзеге асыру да өздеріңе аманат!  Бүгінгі мектеп бітіруші түлектер, өздеріңе аға буын осындай үлкен үміт артамыз. Армандарың асқақ болсын!

Қымбатты түлектер!

Мінеки, бүгін сендердің өмірлеріңе тағы бір өзгеріс енді. Сендер үлкен жолайрықта тұрсыңдар. Таңдау нәтижесіне өздерің жауапты боласыңдар.  Ұлы Абайдың «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан», — деген ұлағатты ойы осындайға айтылса керек.

Олай болса, өмірден өз орындарыңды тауып, білімді де білікті азамат атануларыңа шын жүректен тілектеспін! Болашаққа бастайтын қадамдарың нық болсын!

Қанаттарың талмасын! Ақ жол, айналайындар!

Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын ОРАЗАЛИН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button