Жаңалықтар

Жағажайларды патрульдер тексеріп жүр

Карантин режимін жеңілдету шараларының келесі кезеңі 25 мамырдан басталуға тиіс еді. Алайда өткен аптамен салыстырғанда, аймақта індет жұқтыру көрсеткіші  7 пайызға өскен. Сол себепті бірқатар шағын және орта бизнес субъектілерінің ашылуы кейінге қалдырылып отыр. Бұл туралы кеше облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Нұрхан Тілеумұратов жергілікті телеарнадан берген сұхбатында мәлімдеді.  

Қазіргі таңда облыста індет жұқтырған 270-ке жуық адам тіркелді. Өткен аптамен салыстырғанда, індет жұқтыруға байланысты жағдай 7 пайызға көбейіп отыр. Яғни өсім жоғары. Карантин режимін жеңілдету шараларының келесі кезеңі 25 мамырдан басталуға тиіс еді. Алайда осы жағдайға байланысты бірқатар шағын және орта бизнес субъектілерінің  ашылуы кейінге қалдырылып отыр. Бүгінгі таңда облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, арнайы мониторингтік топ Ақтөбе қаласы бойынша барлық ірі сауда орталықтары мен базарларда санитарлық талапты тексеріп жүр. Тексеру жұмыстарының нәтиежесінде мұндай нысандарда санитарлық талаптарды сақтау мәселелері, олардың жұмыс бастауға дайындығы жедел штабтың отырысында қаралатын болады. Содан кейін ғана сауда үйлері мен базарларды ашуға байланысты шешім қабылданады, — деді Нұрхан Тілеумұратов.

Ал облыстық жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Ардана Саймағамбетовке суға түсу маусымына қатысты сауал қойылды.

— Облыстың бас санитар дәрігерінің қаулысына сәйкес, қазіргі таңда өңіріміздегі барлық жағажайлар жабық. Әрине, бастапқыда эпидемиологиялық жағдайға байланысты алғашқы кезекте тіршілікті қамтамасыз ету нысандары ашылуға тиіс еді. Жағажай — сондай объектілердің қатарында. Сондықтан  жағажайлар да көп кешікпей ашылады деген ойдамын. Дегенмен аймақта карантин режиміне қарамастан, табиғат аясына шығып, өзендерде суға түсіп жүргендер бар. Қазіргі күні мұндай орындарға патрульдік тексеріс қойылды. Тұрғындарға түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр, — деді ол.

Сол сияқты хабар барысында «Атамекен» облыстық кәсіпкерлер палатасы «Бастау» жобасының бизнес-тренері Гүлнара Сейтжапарова биыл 10 маусымнан бастап азаматтардың бизнестің қыр-сырын меңгеруіне қатысты тегін оқу курсы басталатынын айтты.

— Карантиндік шараларды ескере отырып,  палатада «Atameken Academy» онлайн платформасы арқылы қашықтан оқыту қарастырылған. Мұндай курсқа мүгедектер мен көпбалалы аналар, табысы аз отбасының мүшелері, ауыл шаруашылығы кооперативтерінің зейнеткерлік жасқа жетпеген мүшелері, оралмандар, сондай-ақ 18 жастан асқан жұмыссыз жүрген барлық азаматтардың қатысуына мүмкіндігі бар, — деді бизнес-тренер.

Оның айтуынша, курстан өтуге ниеттілер әуелі жұмыспен қамту орталықтарынан жолдама алуы тиіс. Содан соң олар  өзінің тұрғылықты жері бойынша  «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының облыстық, аудандық филиалдарына  хабарласа алады.

 Арайлым НҰРБАЕВА.     

Басқа жаңалықтар

Back to top button