Жаңалықтар

Жеті адамды  өрттен құтқарған жігіт

23 мамырда Темір ауданының Шұбарқұдық ауылының тұрғыны Медет Қалмұханов ауылдағы тұтас бір отбасын өрттен аман алып қалды.

Таңертең ерте тұрып, үйден шыққан Медет Қалмұханов кенет Жаңақұрылыс көшесінің бойындағы бір үйдің төбесінен түтін шығып жатқанын байқап қалды. Бір сұмдықты сезген ол ойланбастан сол үйге қарай асықты. Онысы бекер болмаған екен: өрт шығып жатқанын түсінген ол терезе қағып, үйдегілерді оята бастады. Босқа уақыт жоғалтпай, терезелерді сындырып, үйден 7 адамды алып шықты. Оның ішінде үш бала мен жүкті әйел де бар еді.

Осы сәтте өртті  көрген тұрғындар  өрт сөндірушілерді шақырып та қойған еді.

Оқиға орнына алғашқы өрт сөндіру бөлімшесі төрт минут ішінде жетті. 100 шаршы метрден асатын үйдің шатыры мен кіреберісті жалмаған тілсіз жаудың екпіні бір сағатта басылды.

Өртті сөндіруге өрт сөндіру қызметінен 6 адам, 2 техника жұмылдырылды.

— Мен өзімді ерлік жасадым деп есептемеймін. Менің орнымда кез келген адам солай жасаған болар еді, — дейді  Медет Қалмұханов.

Шынында, сол сәтте Медет тез шешім шығарып, өрт шыққан үйдегі отбасын құтқармағанда оқиғаның соңы қалай аяқталары белгісіз еді…

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің атынан ҚР Төтенше жағдайлар комитетіне Медет Қалмұхановты ведомстволық наградамен мараппаттау туралы ұсыныс хат дайындалып жатыр.

Айсұлу САРИЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button