Жастар

Еңбегі еленген еріктілер

Жуырда ақтөбелік 4 ерікті азаматтық белсенділігі, қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде ішкі істер органдарының жұмысына көмек көрсеткені үшін Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың Алғыс хатымен марапатталды. Сондай-ақ облыстық полиция департаментінің бастығы Атығай Арыстанов 19 еріктіге Алғыс хат табыс етті.

  • Ақтөбеде еріктілер қатарында студенттер ғана емес, жас жұмысшылар да бар. Олар кен орындарында, банк саласы мен өндірісте жұмыс істей жүріп, бос уақытында қайырымдылық шараларына үлес қосады. Елімізде төтенше жағдай жарияланған соң еріктілерді іріктеп, арнайы топ құрдық. Бүгінде топтың құрамында 150 адам бар. Облыстық волонтерлер штабындағы жастар көмекке мұқтаж, жалғызбасты қарияларға, көпбалалы, мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасыларға қол ұшын созып, азық-түлікті жеткізді. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы құрған көмекке мұқтаж отбасылардың тізімі бекітілді. Азық-түлік сатып алуға ақтөбелік кәсіпкерлердің де қосқан үлесі зор, — дейді облыстық жастар ресурстық орталығының басшысы Гүлнар Қабиева.

Волонтерлердің барлығы алдынала қауіпсіз көмек беру ережесін үйренген. Арнайы қорғаныш құралдарымен қамтылып, антисептик таратылған.

  • Әлеуметтік пакеттерді әр үйге жеткізудің реті бар. Еріктілер арнайы киім киіп, залалсыздандыру жұмыстарын жүргізеді. Пәтерге кірмей, екі метр арақашықтықты сақтай отырып, азық-түлік қоржындарын жеткізеді. Тұрғындар үнемі көмек беріп жүрген еріктілердің байланыс телефонын біледі. Көмек қажет кезде хабарласып айтады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев волонтерлердің еңбегін жоғары бағалап, қолдау көрсетуі жастардың ынтасын одан әрі арттырып, жігерлендіре түсетіні сөзсіз, — дейді Гүлнар Қабиева.

Оның айтуынша, бұл ретте «Жүректен жүрекке», «Ақтөбе — қайырымды жандар», «Волонтер-2020» секілді топтардың жұмысын ерекше атап өтуге болады.

Олар арнайы шотқа ақша жинап, кейін азық-түлік сатып алып, көптеген мұқтаж отбасыларға жеткізуге атсалысты.

  • Біз көп жайтпен бетпе-бет келіп, шын мұқтаж жандардың өмірін көзбен көрдік. Мәселен, біз барған жас отбасылардың бірі жатақхананың жертөлесінде тұрады екен. Үйіне азық-түлік апарған сәтте баласының қолын шапалақтап ерекше қуанышқа бөленгеніне куә болдық. Оның көзіндегі риясыз күлкі мен ризашылықты сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес, — дейді Гүлнар Қабиева.

«ЖАС САҚШЫ» — МАҚТАУЛЫ ЖАСАҚ

«Жас сақшы» жастар жасағыелімізде төтенше жағдай режимі енгізілген алғашқы күннен бастап полиция қызметкерлерімен бірге қоғамдық тәртіпті қадағалауда. Сондай-ақ учаскелік инспекторлармен және патрульдермен бірге карантинге байланысты енгізілген шектеулер туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.

Төтенше жағдай кезінде аталған жастар жасағының жетекшісі Әнуар Сандыбаев та марапатталды.

  • Бүгінде топтың құрамында 30-дан астам белсенді жас бар. Осыдан екі жыл бұрын құрылған топтың мақсаты — өскелең ұрпақ арасындағы түрлі заңсыздықтардың алдын алу, олардың бос уақытын тиімді өткізуге баулу.Түн мезгілінде көше кезген жастарды полиция қызметкерлерімен бірге тексеріп, профилактикалық жұмыстар жүргіземіз.

Төтенше жағдай кезінде қаладағы «Zello поиск», «Zello help» сияқты басқа да ерікті топтардан жастар жиналып, арнайы патрульдік топқа қосылдық. #Bizbirgemiz республикалық акциясы аясында 1700-ден астам отбасыға азық-түлік жеткізіліп, су тасқынынан зардап шеккен Мақтаарал ауданының тұрғындарына қайырымдылық көрсету мақсатында бірнеше жүк көлігімен көмек жөнелтілді. Қайырымдылық бағытындағы шаралар жалғасын таба бермек, — дейді аталған жасақтың жетекшісі Әнуар Сандыбаев.

 А.ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button