Абай — 175

Ақтөбе облысында үш Абай Құнанбаев тұрады

Қазақта балаға есім берерде әртүрлі наным-сенімдерге, ырымдарға мән берген. Әрбір ата-ана баласына ат қоярда оған жүктелер жауапкершілікті жете сезінген.  Осы орайда елімізде баласына ұлы ақын Абай Құнанбайұлының есімін қойғандар аз емес. Олар бұл есімді балалары хакім Абайдай ақылды, білімді,  дана болсын деп ырымдап қойса керек. Бүгінгі күні біздің өңірде Абай Құнанбаев есімді үш адам тұрады. Сонымен…

«Мен туғанда ұлы ақынның 150 жылдығы тойланыпты»

Мұғалжарлық Абай Құнанбаев қазір Ақтөбе қаласында тұрады. «Өрт сөндіруші» АҚ облыстық филиалында өрт сөндіруші болып жұмыс жасайды.

Туған жерім — Мұғалжар ауданының Талдысай ауылы. Отбасында бес баланың ортаншысымын. Менің есімімді әкем қойған. Бүгінгі күні әкем ортамызда жоқ, бірнеше жыл бұрын дүниеден өтті. Анамның айтуынша, мен дүниеге келген жылы елімізде ұлы ақынның 150 жылдығы ерекше тойланыпты. Сол себепті әкем қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаев сияқты белгілі тұлға, білімді, саналы азамат болсын деп атымды ырымдап қойған екен. Міне, алдағы маусым айында мен 25 жасқа толамын. Әкем Құнанбай маған үміт артып, өз есімімді абыроймен алып жүруді тапсырып кетті, — дейді кейіпкеріміз.

Қазір Абайдың анасы мен бауырлары Талдысай ауылында тұрады. Ауылдағы орта мектепті бітірген соң ол Ақтөбе ауылшаруашылық колледжіне оқуға түседі. Колледжді техник-электрик мамандығы бойынша тәмамдаған Абайүш жыл бұрын өрт сөндіру қызметіне жұмысқа орналасады. Өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын жас қазір ортасына сыйлы, ұжымында үздіктердің қатарында.

— Колледжді аяқтаған соң әскер қатарына алынып, Отан алдындағы борышымды өтедім. Әскерде жүргенімде сарбаздар есімімнің ерекше екенін байқап: «Ұлы Абай атамыздың өлеңдерін жатқа білесің бе?» — деп сұрайтын. Сол кезде мектеп қабырғасында жаттаған ақынның өлеңдері мен қарасөздерінен үзінділер оқып беретінмін. Қазір оның бәрі есімде жоқ. Алайда ақынның «Әсемпаз болма әрнеге», «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» деген өлеңдері есімде жатталып қалыпты. Жалпы Абай сияқты қазақта ұлы ақын, ойшыл жоқ деп ойлаймын. Оның ұлағатты сөздері мен тәрбиелік мәні зор өлеңдері ғасырдан-ғасырға сақталып, біздің ұрпағымызға мұра болып қалары сөзсіз, — дейді ол.

Ұлы ақынның есімі қойылған мұғалжарлық Абайдың алға қойған жоспары көп.

Нағыз ер-азаматтарға тән жүректілік пен батылдықты талап ететін мамандық иесі

өз қызметінде абыройлы еңбек етіп, халықты тілсіз жаудан қорғауды мақсат етеді.

Өрт сөндіру саласында тер төгіп жүрген жас өз есіміне сай білімді, жан-жақты азамат болуды қалайды.
Ата үміті

Облыста тұратын тағы бір Абай Құнанбаев есімді азамат Шалқар ауданы Мөңке би ауылында дүниеге келген. Бүгінде өнер саласында танылып үлгерген ол өз есімімен мақтанатынын айтады.

Менің атымды атам Иманалы қойған. Әкемнің аты — Құнанбай. Үлкендердің айтуынша, атам менен үлкен үміт күтіп, ұлы ақынның есімін беріпті. Қазір сол үмітті ақтауға тырысып, өнер жолында жүрмін. Өкінішке қарай, әкем өмірден ерте кетті. Анам мен екі қарындасым бар. 2018 жылы отбасын құрдым, — дейді ол.

Абай қазір республика көлеміндекештерді, мәдени шараларды жүргізеді, ән де салады.

—Абай атамыздың есімін алып жүру оңай емес, сондықтан қандай жағдай болса да, мен өз атыма кір келтірмеуге тырысамын, — дейді ол.

Ақынды жаттап өскен ұл

Кішкентай кезінен ұлы ақынның шығармаларын жаттап өскен ақтөбелік Абай Құнанбаев қазір Алматы қаласында Қазақстан-Ресей медициналық колледжінде оқиды. Оның есімін үлкен атасы Төлеген қойған.

Атамның есімі — Құнанбай, ал әкемнің аты — Бауыржан. Үлкен атамыз әкеме де, маған да қазақты әлемге танытқан тұлғалардың есімін қойған. Мен бала кезімнен ұлы Абайдың өлеңдерін жаттап өстім. Мектеп қабырғасында жүргенімде «Абай оқулары» байқауына қатысып, 2017 жылы 3-орын, 2018 жылы облыстық кезеңнен 1-орынды иелендім. Абайдың 30-дан астам өлеңін, екі поэмасын жатқа білемін. Жалпы әдебиет, поэзияға деген ықыласым ерекше, — дейді ол.

Өткен жылы Абай Алматы қаласындағы Қазақстан-Ресей медициналық колледжіне оқуға түсіпті. Мамандығы — стоматолог-дәрігер. Қазіргі арманы —  тіс ауруын емдейтін тәжірибелі, танымал маман болу, жеке клиника ашу.

— Өз мамандығымды жақсы көремін. Осы саланы меңгеріп, адамдарды емдейтін жақсы дәрігер болғым келеді. Биыл елімізде Абай атамыздың 175 жылдығы атап өтілуде. Осы орайда өз қатарластарыммен бірге мен де ақын өлеңдерін жатқа оқып, түрлі челлендждерге қатысып жатырмын. Кез келген қазақ баласы ұлы ақынның өлеңдерін жатқа білуі тиіс деп ойлаймын. Ал ақынның есімі берілген мен сияқты жастар оның шығармаларын түнде шырт ұйқыдан оятқанда жатқа айтуы керек. Бұл — ақынға деген үлкен құрмет, — дейді болашақ стоматолог-дәрігер.

Р.S.ҚР Ұлттық экономика министрлігініңСтатистика комитетінің мәліметіне сәйкес, елімізде аты мен тегі (фамилиясы) Абай Құнанбайұлы болып жазылған тағы үш адам бар. Олар Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстарында тұрады.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button