Денсаулық

29 адамнан коронавирус анықталды

Ақтөбеде коронавирус жұқтырғандардың қатары тағы 29 адамға көбейді. Қазір облыста індетке шалдыққандардың жалпы саны 214 адам болса, оның ішінде емделіп, үйіне шыққандар бар.

Облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Нұрсұлу Беркімбаева мен облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев аймақтағы эпидемиологиялық жағдай туралы айтып берді.

Соңғы тіркелген 29 адамның 20-сы коронавирустың алдын алу және онымен күрес жұмыстарына жұмылдырылған әскерилер болып отыр. Олардың барлығы да бір жерде жұмыс жасаған, яғни бір ұжымның адамдары. Скринингтік тексеру кезінде жиырма адамның бойында  коронавирустың бар екені анықталады. Дереу оқшауланып, олар тұрған жерге дезинфекция жасалған. Ал індет жұқтырған  жеті адам Атырау облысында вахталық әдіспен жұмыс жасаса, екі адам науқастармен байланыста болған.

Әсет Қалиевтің айтуынша, індетке шалдыққандардың барлығы тиісті емін алып жатыр. Жалпы стационарда жатқандардың ішінде екі адамның жағдайы ауыр. Олардың өкпесі қабынған. Бір адам жасанды тыныс алу аппараты арқылы демалып жатыр. Басқарма басшысы күн сайын науқастар саны өскенімен, аймақта эпидемиологиялық жағдайдың тұрақты екенін айтты. Жазылып шыққандардың да қатары өсіп келеді. Алайда азаматтар сақтық шараларын ұмытпағаны жөн.  Нұрсұлу Беркімбаева облыста карантин режимінің сақталғанын, шектеу шараларының әлі де жалғасып жатқанын айтты. Себебі қауіп әлі сейілген жоқ. Көрші облыстардағы жағдай  ушығып тұр. Сондықтан сақтық шараларына қатаң мән берілуі тиіс.

Тікелей эфирде көпшілік емдеу мекемелерінің қашан қалыпты жұмыс жасайтынын сұрады. Әсіресе жоспарлы ем алатындар алаңдаулы. Әсет Қалиев қазір порталдың ашылғанын, ауруханалардың жоспарлы емді жасауға әзір екенін айтты. Ол үшін тұрғындар емханаға алдын ала жазылуы керек, яғни кезекте тұрмауы тиіс және коронавирусқа қарсы тексерілуі керек. Сондай-ақ  «Ақтөбе-Нан»ЖШС қызметкерлерінің бірінен коронавирус анықталғаны да жұртшылықты алаңдатқан болатын. Басқарма басшысының айтуынша, серіктестік қызметкерлерінің барлығы тексеруден өткен. Ешқайсысынан індет анықталмаған. Ал мекемеге дезинфекциялық жұмыстар жүргізілген.

Басқарма басшылары осы және өзге де сұрақтарға жауап беріп, жұртшылықты қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырды.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button