Спорт

Қоржынға түскен қос алтын

Бокс

Жақында Новотроицк қаласында бокстан Ресей чемпионы, КСРО спорт шебері Юрий Большаков атындағы ХІІ дәстүрлі бүкілресейлік турнир болып өтті.

Турнирге қатысқан қос ақтөбелік алтын медальмен оралды. Жастар арасында 69 келіге дейінгі салмақта Игорь Саназаров чемпион атанды. Ал жасөспірімдер арасында 75 келіге дейінгі салмақта Темірлан Баймұхамбетов Игорьдің жеңісін қайталады.

Екі боксшымыздың жаттықтырушылары Әділ Басығараев пен Тағыберген Қазиханов жол шығынын көтеріп, демеушілік еткен «КБ Петролеум» ЖШС директоры Әділ Дошекеновке дән риза.

Бердібай КЕМАЛ.

Таэквондо

Бағдагүлдің жеңістері

Жақында Шымкент қаласында талай жасты таэквондоға баулып, баптаған жаттықтырушы Сәкен Төремұратовты еске алуға арналған VIII халықаралық турнир ұйымдастырылды.

Аталған турнирге Ақтөбеден бапкер Қуаныш Қарашев бастаған бір топ ақтөбелік балғын таэквондошылар барып қайтты. Мұнда таэквондодан спорт шеберлігіне үміткер Бағдагүл Есқалиева өз салмағы бойынша І орынды жеңіп алды. Ол қазір Ақтөбе мұнай және газ колледжінде дене тәрбиесі мамандығы бойынша І курста оқып жүр.

Бұған дейін 20 ақтөбелік жасөспірім таэквондошы бапкерлері Сергей Ким мен Қуаныш Қарашевпен бірге Атырау қаласында өткен V республикалық жазғы спартакиадаға қатысты. Бұл жарыста да Бағдагүл жалғыз өзі мойнына алтын медаль тағып оралды. Ол 59 кг салмақтағылар арасында І орынды жеңіп алды.

Балғын спортшы қыз әлі сол 12-шағын ауданда орналасқан «Нұрсәт» балабақшасының жертөлесінде орналасқан спортзалда жаттығады. Жасөспірім қыз балалардан жалғыз өзі қалыпты. Қалған қатар құрбылары спорттың бұл түрін «тастап кетіпті». Ал Бағдагүл табандылықпен әлі де талай биікті бағындырары анық.

А.ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Пауэрлифтинг

Бабы келіскен ардагер

Таяуда Теміртау қаласында пауэрлифтингтен Қазақстанның кезекті XXVI чемпионаты өткен болатын. Ересектер мен ардагерлер арасында болған біріншілікке еліміздің облыстары мен қалаларынан 16 команда, барлығы 360 спортшы қатысты.

56 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен ақтөбелік ардагер Виктор Ронжин алтыннан алқа тақты.

Кезінде ауыр атлетикамен айналысып, КСРО спорт шеберлігіне кандидат атағын қорғаған 64 жастағы ардагер спорттан қол үзген емес. Пауэрлифтингтен ел чемпионы атануы Виктор Степановичтің әлі де бабында екенін көрсетсе керек.

Бердібай КЕМАЛ.

Тоғызқұмалақ сайысы бізде өтеді

Ақ тарының атасы, заманында ерен еңбегі үшін Ленин орденінің иегері атанған Шығанақ Берсиевтің құрметіне арналған тоғызқұмалақ ойынынан республикалық дәстүрлі турнир алдағы аптаның дүйсенбі-бейсенбі күндері Ақтөбе қаласында өтеді.

Жарысқа Жамбыл, Қызылорда, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Маңғыстау облыстарынан шебер ойыншылар қатысуға тілек білдірді.

Тоғызқұмалақ ойынының Ақтөбе жерінде одан әрі дамып, өрістеуіне, ел мерейін көтеретін бұл сайыстың жоғары деңгейде өтуіне ынталы азаматтар болса, ұйымдастыру комитетінің мына телефондары бойынша хабарласа алады:

7-09-55, 54-86-90, 877 678 93 74.

Д.НҰРОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button