Білім

Қашықтан оқыту: білім алуға ерекше қажеттіліктері барбалалар қалай оқып жатыр?

Жақында ғана қашықтан ұйымдастырылған республикалық «Шексіз шығармашылық» байқауында біздің облыстағы білім алуға ерекше қажеттіліктері бароқушылар белсене қатысып, жақсы нәтиже көрсетті. Мәртөктегі Жайсаң арнайы білім беру ұйымының 9-сынып оқушысы Бекзат Дүйсенбаев І орын иеленді.

Қазір біздің өңірдегі арнайы білім беру ұйымдарында жалпы 6370 білім алуға ерекше қажеттіліктері бар бала тәрбиеленіп жатыр. Оның 4273-і Ақтөбе қаласында болса, қалған 2097-сі аудандарда тұрады. Оларды тәрбиелеу үшін ашылған арнайы білім шаңырақтары бар. Мысалы, балапандарға арналған 3 балабақша, оқушылар үшін 4 мектеп жұмыс жасайды. Сондай-ақ облыстағы 116 балабақша, 282 мектеп пен 3 колледжде де ерекше балалар білім алуда.  

Біз білім алуға ерекше қажеттіліктері бар балалар үшін жаңа форматта оқыту әдісі қалай ұйымдастырылып жатқанын білу мақсатында тиісті мекемелерге хабарласып, жауапты қызметкерлермен сөйлескен едік. Сонымен… 

Төтенше жағдайға байланысты арнайы балабақшалар, психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялар, оңалту орталығы және қала сыртындағы инклюзивті лагерьдегі қызметкерлер ақылы еңбек демалысына жіберілген.

Ал арнайы мектептердің мұғалімдері интернет жүйесі арқылы оқу процесін ұйымдастырып жатыр. Қазір облыстағы 4 арнайы мектепте 591 оқушы қашықтан оқуда, — дейді облыстық білім басқармасы қорғаншылық, қамқоршылық және арнаулы білім беру бөлімінің басшысы Қайрат Алдажаров.

Оның айтуынша, осы оқу жылында өткізу жоспарланған барлық шаралар қашықтан ұйымдастырылуда. Мысалы, жақында дәстүрлі «Жұлдызай» балалар шығармашылығы фестивалінің облыстық іріктеу кезеңі қашықтан өткізіліпті. 10-18 жастағы облыстық арнайы білім беру ұйымдарының тәрбиеленушілері, үйде оқитын, арнайы және инклюзивті сыныптардың оқушылары фестивальге белсенді қатысып, хореография, вокал, аспапта және әнді ым-ишаратта орындау номинациялары бойынша өнер көрсеткен.

Кәсіпті меңгерген оқушылар

Облыстық есту және көру қабілетінде бұзылыстары бар балаларға арналған арнайы мектеп-интернат-колледж кешенінде 116 оқушы жаңа форматта білім алып жатыр.

— Мұғалімдер мен тәрбиешілер өзара тәжірибе алмасып, оқушыларды психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу, денсаулығын сақтау, демалыс, бос уақыттарын тиімді ұйымдастыру, түзете-дамыту жұмыстарынжүргізуге белсене атсалысып жатыр, — дейді арнайы мектеп-интернат-колледж кешенінің директоры Қарлыға Даутова.

Қашықтан оқыту колледж топтарында да өзіндік ерекшеліктер бойынша өткізілуде. Мұндағы оқушылар ата-аналарының көмегімен шаш қию, шаш бояу, шаш өру сияқты тапсырмаларды орындайды екен. Кері байланысты қолданып, педагогтер оқушыларға бейнесабақтар жіберіп, шебер-кластар ұйымдастырады.

Мұндағы шаштараз өнері және сәндік косметика мамандығы бойынша биыл бітіретін түлектер дипломдық жұмыстарын дайындауға қызу кірісіп кетіпті. Қашықтан оқытудың арқасында оқушылар интернет желісінен өздеріне ұнаған шаш бояу, өру технологияларын үйренуге зор мүмкіндік туғанына қуанышты.

 

Жаңа форматта білім беру мұғалімнің біліктілігін арттыра түсуге сеп. Кері байланыс педагогтерге, біріншіден, оқытудағы кемшіліктерді анықтауға, екіншіден, келесі сабақтар тізбесінде өзгерістер енгізуге, яғни оқытудың жаңа әдіс-тәсілдерін қолдануға, уақытты тиімді пайдалануға мүмкіндік берді.

Тәрбие жұмысында белсенділік танытып жатқан тәрбиеші педагогтердің жұмысын да атап өтуге болады. Олар күн сайын оқушылардың сабаққа қатысымын қадағалайды. Сондай-ақ балалар үй тапсырмаларын орындаған кезде ата-аналарымен бірге көмек көрсетуге қашанда әзір тұрады.

Қуантарлығы, ата-аналарымыз өз баласының ерекшеліктері мен даму мүмкіндігіне қарай білім алып жатқанына көз жеткізуде. Бұл да мектебіміздің қашықтан оқыту барысындағы өзіндік жетістігі деп білеміз, — дейді Қарлыға Даутова.

Бастауышта оқып жүр…

Психикалық дамуы тежелген балаларға арналған облыстық арнайы түзету мектеп-балабақшасында бастауыш сынып оқушылары оқиды. Аралас мектеп. Барлығы  — 85 бала.

Психикалық дамуы тежелген бастауыш сынып оқушыларын оқытудың ерекшелігі — білім беру және түзете-дамыту жұмысын кешенді түрде ұйымдастыру. Сондықтан да бұл балаларды қашықтан оқытуда бастауыш сынып мұғалімдерімен бірге логопедтер, дефектологтар және психологтер жұмыс істейді.

Жаңа форматқа көшер алдында ата-аналар жиналысы мен сынып сағаттары, әр ата-анамен жеке әңгімелесу өткізілді. Педагогикалық үдерісті ұйымдастырудың басты ерекшеліктерінің бірі — психикалық дамуы тежелген әрбір оқушының жеке ерекшеліктерін ескере отырып, сабақты жоспарлау және өткізу. Бұл түзету компонентінің сабақ кестесін құрастыру кезінде де ескерілді. Біздің ұжымның педагогтері психикалық дамуы тежелген баланың өзіндік ерекшелігін ескере отырып, түзете-дамыту жұмыстарын шебер жүргізіп, білім беруде жақсы нәтижелерге жетті деп айтуға болады, — дейді арнайы түзету мектеп-балабақшасының директоры Эльмира Аймағанбетова.

Бекзаттың белесі

Жайсаң арнайы білім беру ұйымы Мәртөк ауданындағы Жайсаң ауылында орналасқан. Мұнда қазір 102 оқушы тәрбиеленуде. Оның 1-еуі — жетім, 8-і ата-ана қамқорлығынсыз қалған бала болса, қалған 93-нің отбасылары бар. Төтенше жағдайға байланысты бұл 93 бала үйлеріне таратылыпты. Ал қалған 9 тәрбиеленуші мектепте білім алуда.

Оқушыларға түске дейін тәрбиешілер қашықтан сабақ өткізеді. Түстен кейін олар қолөнер, сурет салу, спорттық ойындар секілді түрлі шараларға қатысады. Сондай-ақ мұндағы тәрбиеленушілер қашықтан ұйымдастырылып жатқан байқауларға да белсенді қатысуда.

— Мұның бір дәлелі — ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар арасында қашықтан өткізілген республикалық «Шексіз шығармашылық» байқауында біздің оқушылар да бақ сынап, жақсы нәтиже көрсетті. Мысалы, 9 «а» сынып оқушысы Бекзат Дүйсенбаев І орын иеленсе, 7 «б» сынып оқушысы Алена Шель ІІ орын алды, — дейді Жайсаң арнайы білім беру ұйымының директоры Бекболат Сәрсенбаев.

Оның айтуынша, балаларға тәрбиешілермен бірге медицина қызметкерлері де індеттен сақтану туралы дөңгелек үстелдер өткізеді екен. Сондай-ақ қазір мектеп-интернат ғимараты бір күнде үш рет дезинфекцияланады.

Курьер қызмет көрсетеді

Жаңа форматта білім беру әдісі барысында Ақтөбе қаласындағы №7 арнайы (түзету) мектебінің педагогтері де балалардың сапалы білім алуы үшін біраз тер төгуде. Мұғалімдер балаларға тапсырмаларды түсіндірумен бірге аптасына бір рет бейнесабақтар өткізеді. Сабақты оқушылар тез қабылдаулары үшін балалардың әлеуметтік желілеріне бейнеслайдтар мен аудиоматериалдарды қоса жібереді. Кері байланыс та жолға қойылған.

Қашықтан білім алуға жағдайы жоқ 4 оқушыға оқу тапсырмаларын аптасына бір рет курьер үйлеріне жеткізіп береді. Мектепте оқумен қамтылмаған оқушылар жоқ, — дейді мектеп директоры Дина Трумова.

P.S.Айта кету керек, біздің облыста ерекше балаларға 3 психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация, оңалту орталығы, 14 психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеттері және қала сыртындағы инклюзивті лагерь көмек көрсетеді.

 Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

 

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button