Жаңалықтар

Пысық келіншектің тірлігі

Хромтаулықтар Жанат Ермекбаеваны жақсы таниды. Себебі, ол кәмелет жасына толғаннан бері ата-анасының қолына қарап отырғысы келмей, біраз жыл бала күтуші, сосын такси қызметтерінде диспетчер болып еңбек етті. 

— Бала кезден екінші топ мүгедегімін. Өз уақытымен тәй-тәй басып, қадам жасай алмадым. Содан әке-шешем мені Мәскеуге апарып, аяғыма ота жасатқан. Ата-анамның қажырлы еңбегі мен табандылықтарының арқасында қазір өз аяғыммен қисайып болса да жүре аламын. Соған шүкір. Он сегіз жасымда ғой деймін, жұмыс іздеп шықтым. Дүкендерге барсам, көзге көрініп тұрған мүгедектігіме бола мені жұмысқа қабылдамайды. Мен де берілмедім. Мүмкіндік шексіз емес пе. Бір отбасыға бала күтуші боп орналастым. Үй иесі маған талаптарын айтып, үлгере алмасам, шығарып жіберетінін қатаң ескертті. Алайдаол мені қабылдады. Қайырымды адамдар болады ғой сондай. Ол кезде тұрмыста емеспін, өз балам болмағасын ба, маған бала баққан, кішкентай балалармен жұмыс жасаған ұнай бастады. Кейін бұл отбасыдан басқа адамдар естіп, барлығы төрт отбасының балаларына қараппын. Қазір сол мұғалімдер мен дәрігерлердің балалары өсті, үлкен азамат болды. Сосын Хромтау қаласындағы такси қызметтерінде диспетчер болдым. Қала ішінде такси қызметі жақсы жолға қойылған, — дейді Жанат Ермекбаева.

Қайратты, жігерлі бойжеткен 2005 жылы Руслан есімді жігітке тұрмысқа шығып, қазір екеуі төрт бала тәрбиелеп отыр. Жанат туғаннан өзгеріске ұшыраған аяқтарының тұқым қуаламайтынын айтып берді, себебі анасы жүкті кезінде қатты құлап қалып, содан айы-күні жақындап тұрған құрсақтағы нәресте жарақат алған екен. Көпбалалы отбасындағы сегіз баланың екіншісі боп дүниеге келген Жанат та бір үйдегі балажан. Анасының жолын қуып, көпбалалы ана атанды.

— Шүкір, балаларымыздың дені сау. Үлкеніміз Сабина 7-сыныпта оқиды. Айзере орыс мектебінде 1-сыныпқа дайындалып жүр. Арланымыз — балабақшада, ал Томирис жақында ғана 1 жасқа толды. Кішкентайымды қырқынан шығардым да жұмысқа қосылдым. Себебі жолдасымның белі қатты ауырып, ауыр жұмысқа жарамай, үйде отырып қалды. Қазір жолдасым да жұмыста жүр. Бәрі де өз ретімен болып жатыр,— дейді Жанат.

«Әйелді қырық шырақты» деп бекер айтпаса керек. Бала кезден денсаулығына қатысты түрлі қиындықты еңсеріп келе жатқан өжет, пысық келіншек байыз тауып қарап отыра алмайды. Сондай мазасыздығы тағы да оны жетелеп, бірде аудандық жұмыспен қамту орталығына алып барады. Жанатқа әншейінде  де «денсаулық жағдайыма икемді бір кәсіпті меңгеріп алсам» деген ой маза бермейтін. Аспаздық күнұзақ екі аяқта тұрып, ауыр-ауыр қазандарды көтеру керек болғандықтан оған қол болмады. Басқа да кәсіптердің бәрі де солай кейіпкерімнің көңіліне қонбады. Орталық мамандары бұған тігін курсын айтқаны сол екен, Жанат та құп көріп, жұмыссыздардың еңбек биржасы арқылы алты ай осы кәсіпті оқып үйреніп алды.

Тігінді тәуір меңгерген ол былтыр Хромтау аудандық халықты жұмыспен қамту орталығындағы «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасының екінші бағыты шеңберінде «Бастау Бизнес» бағдарламасына тіркеліп, бір ай көлемінде білім алды, тігін кәсібін ашу туралы жобасын сәтті қорғап, мемлекеттік грантқа ие болды. Сөйтіп, қайтарымсыз берілген 505 мың теңгеге тігін кәсібіне қажетті іс машиналарының түрін сатып алып, ателье ашты. Қазір Хромтаудағы сауда үйінің бір бұрышын жалға алып, кәсібін дөңгелентіп отыр. Халықтың сұранысы бойынша киімдерді қайта жөндеп, қысқартып береді. Әжесінен үйренген көрпе тігу ісін де жандандыра бастады. Көрпеге салынатын оюларды да үш күндік курсқа барып, үйреніп алды. Сосын балаларға ертегі кейіпкерлерінің костюмдерін тігеді.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button