Абай — 175

Дәурен — республикалық мүшәйраның жеңімпазы

Сәуірдің 15-і мен мамырдың 5-і аралығында, Ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай, «Өлең — сөздің патшасы» атты республикалық онлайн-мүшәйра өтті. Ақтөбелік жас ақын Дәурен Тілеухан осы мүшәйраның жеңімпазы атанды.

Мүшәйра Шығыс Қазақстан облысының орталығы — Өскемен қаласының әкімдігі мен ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен өтті. Ұйымдастырушылардың талабына сай, жыр сайысына 18 бен 35 жас аралығындағы ақындар қатысқан. Еліміздің өңірлерінен барлығы 130 жас ақын өз шығармаларын жолдапты.

Қазылар алқасы құрамында Жанат Әскербекқызы, Бауыржан Бабажанұлы, Әлібек Шегебай, Қалқаман Сарин, Бақытгүл Бабаш сынды белгілі ақындар болды. Қазылық еткен ақындар жаңа есімдерге, поэзия бәйгесіне енді келіп қосылған жастарға көбірек көңіл бөлген. Мұндағы мақсат — қазақтың поэзия көшін болашаққа жалғайтын жас буынды қолдау, жырсүйер қауымға өлең-сөздің ертеңгі үміттерін таныстыру.

Нәтижесінде, І орынды Ақтөбе топырағынан шыққан талант Дәурен Тілеухан жеңіп алды. Ерболат Қуатбек пен Тасқын Болатұлы — ІІ орынға, ал Айнұр Төлеу, Біржан Ахмер мен Қуаныш Еркінұлы ІІІ орынға ие болды. Бұлардан бөлек Нұрлан Мәукенұлыатындағы, Бауыржан Үсеноватындағы, Аманхан Әлімұлы атындағы, т.б. арнаулы сыйлықтар табысталған. Жүлдегерлер мен арнаулы сыйлық иегерлеріне ақшалай сыйақы берілді.

«Ақтөбе» газетінің редакциясы Дәуренді осы жеңісімен құттықтап, зор шығармашылық табыстар тілейді.

Айна САРЫБАЙ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button