Басты жаңалықтар

Ақтөбенің Мақтааралға көмегі

Біз біргеміз!

Ертең Ақтөбеден Түркістан облысының Мақтаарал ауданына азық-түлік пен қажетті заттартиелген жиырмадан астам көлік  жолға шығады.

Түркістан облысында техногендік сипаттағы төтенше жағдай жарияланғаннан кейін еліміздің әр аймағынан зардап шеккендерге жан-жақты көмек көрсетіліп жатыр. Сардоба су қоймасындағы бөгеттің жарылуынан болған қатты су басудан кейін Түркістан облысының 10 кентінің 22 мың тұрғыны эвакуацияланды. 30 мыңнан астам тұрғын көмекке мұқтаж. Осындай қиын сәтте Ақтөбе облысы да шет қалмады.

Гуманитарлық көмекті жинауға әкімдіктің қолдауымен AntiCovid-19 волонтерлер қозғалысы кірісті.

Бүгін ақтөбеліктер Алматы ауданы әкімдігі маңында, тағы да бірнеше жерде көліктерге оңтүстікке аттандыратын азық-түлік, киім-кешек, басқа да қажетті заттарды тиеді.

Мақтаарал ауданында болған жағдай ақтөбеліктерді де қатты алаңдатып отыр. Су астында қалған ауылдардың тұрғындарына барынша көмек қолын созуға ниеттілер қатары күн сайын көбейіп жатыр. Кәсіпкерлеріміз, еріктілер, қарапайым қала түрғындары –барлығы «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», қолдарынан келгенше қолдау көрсетіп жатыр. Nur Otan партиясы да үлкен қолдау көрсетті.  Бірлігі жарасқан елдің тірлігі дұрыс болады. Жомарт жандарға бас иіп, рақметімді айтамын. Бүгін, міне, жиырмадан астам «Газель» жүк көліктеріне азық түлік, киім-кешек, қажетті заттар тиелді, –деді қала әкімі Асхат Шахаров.

Шараға қатысқан Nur Otan партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Ербол Данағұлов да оңтүстіктегі бауырларымызға  қол ұшын созуға ниет білдірген азаматтарға алғысын білдірді.

  • Апат айтып келмейді. Дегенмен, қандай жағдайда да қиындықты татулық пен бірлік жеңетінін ұмытпайық. Түркістан – рухани  астанамыз. Рамазан айында оңтүстіктегі бауырларымыздың басына түскен нәубет салдарын жеңілдетуге қол ұшын беріп жатқан ақтөбеліктердің ниеті қабыл болсын. Қоғам белсенділеріне, көлік жүргізушілеріне, облыс тұрғындарына  партиямыздың атынан алғыс білдіремін, –деді ол.

Алматы ауданының әкімі Әділкерей Әуелбаев та қайырымды азаматтарға алғысын білдірді. Оңтүстіктегі бауырларға қол ұшын созған кәсіпкерлердің арасында «Алматы» базарының құрылтайшысы Қайыржан Бекенбаев та бар екен.

  • Он шақты «Газельге», екі жүк көлігіне қажетті заттарды тиеп жатырмыз. Бір жүк көлігі оңтүстіктен бізге тауар әкелген көлік. Келген көлікті бос қайтармайық деп, оған да қажетті заттарды тиедік. Аудандардан да бірнеше көлік шығады, –дейді ол.

Игілікті іске  өңірдегі«Газель» жүргізушілері де айтарлықтай үлес қосқан.

  • «Газель» жүргізуші 80-нен астам адам барынша қолдау көрсеттік. Жанар-жағармай, жол шығынын қолдан келгенше көтеріп жатырмыз. Қажет заттар әлі де тиеліп жатыр, –дейді жүргізуші Кенжеғали Бозжігітов.

Ақтөбенің сәлемін арқалаған жүк көліктері оңтүстікке қарай ертең таңғы салқынмен аттанады.

Ақбота Қалдыбек.

Басқа жаңалықтар

Back to top button