Таным

Арпа — ғажап құтты дән

Адам-Ата бидай жегені үшін жұмақтан қуылған деседі. Жаратушы иеміз оған Жер бетінде бидайды күнделікті азық ретінде пайдалануға рұқсатын береді. Бірақ Адам-Ата бидайды қанша жесе де, қарны ашқанын қоймапты. Ақырында ол Жаратушы иемізден бидайды арпамен алмастыруды сұрайды. Сөйтіп, арпадан нан жасап жегенде ғана өзінің тойғанын сезініпті.

Шығыс аңыздарының бірі осылай дейді. Жалпы, аңыз бойынша арпа наны — пайғамбарлар наны деп есептелген. Ал аңызды қойып, ғылымға жүгінсек, адамдар арпаны он мың жылдан бері пайдаланып келеді. Арпа ең көп таралған дәнді дақылдар қатарына жатады. Ол күй талғамайды: далада да, тауда да, шөлде де, орманды жерде де өсіп-өнім береді. Мысалы, Үндістанның Пенджаб штатында арпаны 5 мың метр биіктікте өсіреді. Ал мұндай биіктікте басқа ешқандай дақылды өсіру мүмкін емес.

Бір кездері адамдар арпаны бидаймен қатар пайдаланған. Арпа наны өте дәмді, бірақ үгітілгіш келеді, әрі тез қатып қалады. Әйткенмен арпа наны өте пайдалы, тіпті көптеген ауруларға шипа саналған. Мысалы, Омар Һаямның «Наурызнама» атты еңбегінде: «Білетіндердің айтуынша, Ай тұтылған кезде жерге арпа себілетін болса, кейін одан пісірілген нан есі ауысқандарға шипа болады» делінген.

Ия, бұрынғы емшілер де, бүгінгі ғалымдар да арпаның өте пайдалы дақыл екендігін айтады. Бірақ өзінің жалғыз кемшілігі — пісіру үшін ұзақ уақытты керек ететіндігі себепті болар, бүгінде арпа күнделікті дастарқандағы бидайдан кейінгі орнын картопқа босатып беріп отыр. Тіпті бұдан жиырма жылдың о жақ-бұ жағында да, арпа наны, арпа ботқасы дастарқаннан алыстатылғаныменен, арпадан істелген көже сусын ретінде кеңінен қолданылатын еді. Өкінішке орай, бүгінде шөл басу үшін көже әзірлеп жатпаймыз, зияндылығын, құрамында денсаулыққа кесірі тиетін қоспалардың көп екендігін біле тұра, арзан газды сусындарға жүгіреміз.

Десе де уақыты, шыдамы жететін жандардың осы арзан да пайдалы дақылдан бас тартпағаны жөн. Себебі: БІРІНШІДЕН, арпаның құрамында лизин аталатын аминқышқылы бар. Бұл терінің тығыздығын, тегістігін сақтауға (яғни, әжімнің алдын алуға) әсер етеді. Басқаша айтқанда, ағзаның қартаюына қарсы коллагендердің түзілуіне нақ осы лизиннің тікелей әсері бар. Сондықтан да ғалымдар арпаны «жастықтың дақылы» санайды. Сонымен бірге, лизиннің тері, тыныс жолдарын тудыратын бірқатар вирустарға қарсы емдік күші бар және ол жүрек жұмысын қалыпқа келтіруге де көмектеседі.

ЕКІНШІДЕН, қазір түрлі аллергиялық дерттерден зардап шегушілер көп. «Ал, арпаны күнделікті тағам ретінде жиі қолданған жағдайда, аллергиялық дерттерден қиналушылар қатары азайған болар еді» дейді зерттеушілер.

ҮШІНШІДЕН, арпаның құрамында бактерияға қарсы гордецин аталатын зат бар. Дәнді дақылдарды зерттеуге 10 жылдан астам уақытын жұмсаған жапон ғалымы Йошихиэ Хагивараның пікірінше, нақ осы гордецин аталатын заттың көптеген тері ауруларын емдеп-жазуға игі әсері бар. Бұл зат, әсіресе, ұсатылған арпа дәні жуылған судың құрамында көп болатын көрінеді.

Ал, ТӨРТІНШІ және ең басты есте ұстайтын жайт — арпа дәні витаминдер мен микроэлементтерге бай. Арпаның құрамында В тобы витаминдері (бұл витаминдер жүйке жүйесінің жұмысына, шаш пен терінің әсемдігіне игі әсерін тигізеді), сонымен бірге А (көздің көру қабілетінің және ағзаның қорғаныс қабілетінің әлсіремеуі үшін қажет); Д (сүйектер мен тістің мықтылығы осы витаминге тәуелді); Е (әсіресе, жасөспірім балалар ағзасы үшін бұл витаминнің маңызы зор) витаминдері бар.

Арпаны ағза үшін аса қажет микроэлементтер қоймасы санауға әбден болады, оның құрамынан калий, кальций, темір, мырыш, йод табылған. Ол, әсіресе, фосфорға бай. Арпаның құрамында фосфор мөлшері басқа дәнді дақылдардан екі есе көп. Ал фосфор ағзадағы зат алмасуына, жүрек пен бүйрек жұмысын реттеуге, ми қызметіне қатысады. Сондықтан асқазан-ішек, жүрек, бүйрек дерттеріне шалдыққан, ой еңбегімен айналысатын жандар үшін арпа өте пайдалы.

БЕСІНШІДЕН, арпаны семіздікке қарсы пайдалануға да болады. Құрамындағы клетчатка мөлшеріне байланысты арпа белогы бидай белогынан әлдеқайда құнды болып табылады. Клетчатка — ағзадан зиянды қалдықтарды неғұрлым көбірек бөліп шығаруға әсері бар белсенді зат. Оның ағзада май жиналмауына да үлкен септігі бар. Яғни, бір сөзбен айтқанда, құрамындағы клетчатка мөлшері арпаны артық салмақтың «жауы» етеді. Сондықтан да диетологтар семіздіктен зардап шегіп отырған жандарға арпаны күнделікті пайдалануға кеңес береді.

Осының бәрі — арпа жөніндегі бүгінгі ғалымдардың пікірі болса, ал бұрынғылардың пікірін жоғарыда аталған Омар һаямның «Наурызнама» еңбегінен кеңірек білуге болады: «Бәрінен де бұрын арпа дәрілікке де, емдікке де жарайды. Әдетте даналар мен дәруіштер арпамен күн көреді. Білетіндердің айтуына қарағанда, оны жегенде қан ешқашан бұзылмайды және денеден арам қан алудың қажеті жоқ. Сондай-ақ, ол қан және запыран ауруларының алдын алады. Ирак тәуіптері оны «ғажап құтты дән» дейді. Ол — күйік, безгек, жөтел, өкпе, сүйек, буын секілді жұқпалы ауруларға, сондай-ақ, бас, көкірек, мықын, бауыр мен асқазан, сүйек сынығы, күйік, буын сырқырауы сияқты ауруларға өте пайдалы.

Арпа сұйығы сары қышыманы, бидай сұйығы қара қышыманы емдейді. Егер арпа кебегін қазанға салып жақсылап қайнатса, бұл аяқ сүйегі әлсіз, немесе аяғымен тік тұра алмайтындарға өте пайдалы. Егер бір адамның аяғы не тізесінде жарақат болса, аяғын арпа суына салсын. Сонда ол жазылып кетеді».

Бұрынғылар, сондай-ақ, бас терісіне арпа жағып, орамалмен таңып қойса, шаштың ұзын болып өсуіне септігі тиеді деп есептеген. Ал парсы диқандары жылдың жақсы не жаман болатынына нақ осы арпаға қарап болжам жасаған: егер арпа тік, қалың шықса — молшылық күтіп қуана беруге болады, ал қисық шықса — қиындық күту керек.

Түркі, парсы халықтары Наурыз күні жасалатын көжеге міндетті түрде арпа дәнін қосқан. «Жыл басында арпа суына тойған адам келесі жылға дейін ауырмайды, қуатты болады» — деп сенген. Ал, орыс жұртында арпа ботқасы — патша үстеліне қойылатын тағам саналған. Оны әзірлеу үшін, арпаны алдын-ала 10-12 сағат бойы салқын суға салып қояды. Содан соң 40 градусқа дейін ысытылған сүтке салып (бір стакан арпа дәніне — 2 литр сүт), қайнатады. Ботқа әзір болғанда үстінен қаймақ не сары май құю керек. Мұндай ботқаны әзірлегеннен соң, суытпай жеп қойған дұрыс. Тұрып қалған жағдайда дәмі кетеді.

Арпа ботқасын сүтке ғана емес, ет немесе көкөністерді мол етіп қосып әзірлеуге де болады. Сонымен қатар, балаларыңыз ішіп жүрген түрлі зиянды сусындарды әжелеріміздің тәсілімен әзірленген арпа көжемен алмастыра алсаңыз, бұл олардың денсаулығы үшін өте пайдалы болар еді дегіміз келеді.

Майлы теріге арналған маска

Арпа дәнін ұнтап алыңыз. 50 гр ұнтаққа 1 ас қасық қызанақ шырынын, 1 жұмыртқаның ағын қосып, әбден араластырыңыз. Үстінен 1 тамшы түймедағы (ромашка) майын тамызасыз. Бетке жағып, 15-20 минут қоясыз да, салқын сумен жуып тастайсыз.

Қырыққабатқа оралған арпа

Қырыққабатқа оралған арпа — өте дәмді тағам. Ол үшін: 8 қырыққабат жапырағын, 200 гр пісірілген арпа, 50 гр ет, 1 бас жуа, 1 литр сорпа, көк жуа мен аскөк (укроп) және 2 қасық сұйық май алыңыз. Ет пен жуаны қуырып алыңыз. Бұған әзір тұрған арпаны, көктерді қосасыз. Ал қырыққабат жапырағын бір-бірлеп қайнаған суға салып алып, суытып қоясыз. Ет пен арпа қоспасын қырыққабат жапырағына орап, сыртынан жуа сабақтарымен байлап қойыңыз. Қазанға салып, үстінен сорпа құйып, әзір болғанша бұқтырыңыз. Дастарқанға қаймақпен әкеліңіз.

Бетті әзірлеген И.ӨТЕМІС.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button