Жеңіс

Естелік кітабы: ерліктің ескерткіші

Неміс фашистерінің Кеңес Одағына тұтқиылдан шабуылы ақниетті адамзат баласының бейбіт тіршілігін бұзды.  Елдің бас көтерер ер-азаматтары қолдарына қару ұстап, майданға аттанды. Олардың арттарында қарт әке-шешелері, желегі желпілдеген жарлары, өсіп келе жатқан ұрпағы — балалары жаутаңдап қалып жатты.

«Бәрі де жеңіс үшін» ұранымен майданда да, тылда да қызу қозғалыс өрістеді. Жаудың бетін қайтару оңайға түскен жоқ. Алыстағы ауылдарға күн сайын дерлік қаралы қағаздар жетіп жатты. Майдан даласында хабарсыз кеткендер де аз болған жоқ.

1945 жылдың мамырында келіп жеткен Жеңіс елге жақсы үміт, бейбіт шақ әкелгенімен, көптеген ел қорғаған азаматтар бұл күнді көре алмай кетті.

Уақыт өте берді. Енді майдан даласында қаза тапқан, хабарсыз кеткен, дерегі белгісіз жауынгерлерді іздеу басталды. Бұл оңай жұмыс емес еді.  Оған қоғамдық ұйымдар, қызыл ізшілер, басқа да мүдделі адамдар белсене кірісті.

Сондай бағыттағы шаралардың бірін  Қазақстан Республикасы Бейбітшілік қоры Ақтөбе облыстық бөлімшесі қолға алды. Бұл өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының тұсы еді.

Облыстық бөлімше төрағасының орынбасары, облыстық кеңестің депутаты Ғиззат Ибатов осы істің бастамашысы әрі дем берушісі ретінде тізгін ұстады.

Сөйтіп, 1993 жылы «Естелік кітабы-Книга памяти» жинағының І томы жарыққа шықты.

Оның алғы сөзінде: «Бұл жинақта өткір оқиғалар, стилистикалық көркемдік жоқ. Бірақ атасы, әкесі, баласы, ағасы, досы, туысы ауыр да Ұлы Отан соғысынан оралмаған адамдар бұл кітапты ерекше бір ынта-ықыласпен парақтайтыны белгілі.

Ондаған жылдар өтуде, бірақ уақыт олардың ерлігін әлсірете де, көмескілендіре де алмайды. Архивтік құжаттар облыстың әскери комиссариаттары 1941-1945 жылдары 70 мыңнан астам шақыру қағаздарын таратқанын айғақтайды.

Ақтөбеде 312-атқыштар дивизиясы және 101-дербес атқыштар бригадасы жасақталды. Біздің жерлестеріміз барлық  майдандарда қаһармандықпен шайқасты, біздің Отанымызды ғана азат етіп қоймай, Еуропаның көптеген халықтарына бостандық алып берді» деп жазылған.

Негізінде аталған кітап материалдарын жинақтау, әскери комисариаттардың, әлеуметтік қамсыздандыру органдарының, селолық және поселкелік кеңестердің архивтерін, майданда қаза тапқандар туралы құжаттарды зерттеу жұмыстары 1989 жылдың қыркүйек айында басталған. Оған көптеген адамдар атсалысқан. Бұл игілікті істің қатысушылары қатарында Ақтөбе қаласынан И. Богданцевтің, А. Мольгаузеннің, Ақтөбе ауданынан С. Оразовтың, Алғадан И. Олейниковтің, Байғаниннен К. Төлебаевтың, Ырғыздан С. Оразымбетовтың, Қарабұтақтан Ш. Дүйсенқұловтың, Комсомолдан У. Қамшыбаеваның, Лениннен С. Сахновтың, Мәртөктен И. Воробьевскийдің, Мұғалжардан Т. Компениченконың, Хромтаудан И. Киченконың, Қандығаштан Ф. Олексеенконың, Темірден Т. Тәжімбетовтің, Ойылдан Н. Шаханованың, Қобдадан Б. Ералиевтің, Шалқардан С. Есеналиннің тынымсыз еңбектері атап өтілді. Соғыс және еңбек ардагері, елге сыйлы аға буын өкілі Қапас Тілеубаевтың да ұйымдастыру бағытындағы жұмыстары аз болған жоқ.

Ал естелік кітап шығаруға байланысты жауапты жұмысты мойнына алған Ғиззат Ибатов туралы ерекше айтып өтуге болады.

Ғиззат Ибатұлы 1920 жылы Батыс Қазақстан облысының Фурманов ауданындағы Порт-Артур селосында дүниеге келген. Мәскеудегі жоғары партия мектебін бітірген.

Ол өзінің еңбек жолын халыққа білім беру саласында бастайды. Орал, Алматы облыстық комсомол комиттерінің хатшысы, Одақтық комсомол ұйымының нұсқаушысы қызметтерін атқарады. 1957 жылы Алматы облысындағы Кеген аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып сайланады. Ал Ақтөбеге келуі сол уақыттағы Батыс Қазақстан өлкесінің құрылуымен байланысты еді. Ол осында білім бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалады. Ал 1965 жылы Ақтөбе облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметі тізгінін ұстайды. Осы қызметті ол үздіксіз он жеті жыл бойы атқарады.

Ғиззат Ибатұлының ұйымдастырушылық қызметі, елге сіңірген еңбегі Ленин, Еңбек Қызыл Ту, екі мәрте «Құрмет белгісі» ордендерімен, көптеген медальдармен атап өтілді.

Абзал ағаның аяулы жары, соғыс жылдарында комсомол қызметінде жүріп табысқан  Ера Қанафина да ұзақ жылдар бойы облыстық баспасөзде құпиялықты сақтау органында жемісті еңбек етті.Қол ұстасып ғибратты ғұмыр кешкен олар туралы өз алдына бөлек әңгіме етуге тұрарлық.

«Естелік кітабының» алғашқы томы жарыққа шыққаннан-ақ оны іздеушілер қатары көбейе түседі. Өйткені көптеген адамдар осы кітаптан өздерінің ең жақын адамдары туралы деректерді табады. Олар аталған кітапты қаза тапқан ерлердің басына орнатылған мәңгілік ескерткіш сынды қабылдайды. Сондықтан да кітапты шығарушыларға шын жүректен шыққан алғыстарын білдіреді.

Солардың бірі Лина Алексина былай деп жазады: «Менің әкем Петр Алексин майданда батарея командирінің саяси жұмыстар жөніндегі орынбасары болып жүріп, 1943 жылдың сәуір айында хабарсыз кетеді. Анамыз әкеміздің майданнан жазған хаттарын көздің қарашығындай сақтап, өзі дүниеден өтер алдында ғана біздерге табыс етті. Бізге әкеміздің қаза тапқан жерін табуды аманаттады. Біз ол жерді таба алмадық. Оның есесіне әкеміздің есімін облыстық «Естелік кітабынан» таптық».

Міне, осындай мазмұндағы хаттар Ғиззат ағаның атына жүздеп келеді.

Сонымен жоғарыда атап өткеніміздей, «Естелік кітабының» алғашқы томы 1993 жылдың 9 мамыры — Жеңіс күні қарсаңында қалың оқырманның қолына тиді.

Ал соңғы 5 томы 1994 жылдың желтоқсан айында жарыққа шықты.

Осылайша Ғиззат Ибатов аға «Естелік кітабын» шығаруда елеулі еңбектің ұйытқысы болды.

Бір ерекшелігі, әр томның тұсаукесер рәсіміне қаза тапқан жауынгерлердің Ақтөбедегі, аудандардағы жесірлерін, артында қалған балаларын шақыртып, оларға «Естелік кітабына» қоса бағалы сый-сияпат ұсыну дәстүрге айналады.

Осындай мәнді де мақсатты жұмыстар нәтижесінде Ұлы Отан соғысына аттанған ақтөбеліктердің жалпы саны, ұлттық құрамы, басқа да бағалы деректері жүйеленеді.

Бейбітшілік қоры қоғамының сол кездегі деректеріне сәйкес мәліметтер бойынша облысымыздан соғыс басталғаннан кейінгі  6 ай ішінде 25 180 адам майданға аттанған. 1942 жылы бұл көрсеткіш 50358-ге жеткен.

Төрт жылғы соғысқа жалпы Ақтөбе топырағынан ел қорғауға 122 423 адам жіберілген. Осыдан 36 192-сі қаза тапқан немесе хабар-ошарсыз кеткен.

* * *

Қоғам қайраткері Ғиззат Ибатовтың бастамасымен жарыққа шыққан «Естелік кітабы-Книга памяти» жинақтары көптеген жауынгер жерлестеріміздің тың деректерін анықтауға жол ашты.

Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы, өзі де майдангер Асанғали Шыңбаевтың жетекшілігімен Ұлы Жеңістің 50 жылдығына орай «Ақтөбеліктер — Ұлы Отан соғысы жылдарында» атты кітап өмірге келді.

Облыстық «Ақтөбе» газетінің сол жылдардағы тілшісі Раукен Отыншин басылым бетінде «Награда иесін іздейді» атты арнайы айдар жүргізіп, облыстық әскери комиссариат қызметкері Айса Төребаевпен  тығыз байланыста жұмыс істеді. Соның нәтижесінде Подольскідегі әскери архив қызметін пайдалану арқылы көптеген жерлестеріміздің марапаттары қолдарына тиіп, олардың артында қалған ұрпақтары алғыстарын айтып, редакциямызға хат жолдаған еді…

Иә, Отан қорғау жолында қолдарына қару алып, ел қорғаған ерлеріміздің даңқы ешқашан өшпейді.

 Нұрмұханбет ДИЯРОВ. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button