Абай — 175

Ақбілек — байқау жеңімпазы

Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері арасында «Адамның адамшылығы жақсы ұстаздан» атты онлайн режимде аудандық байқау өтті.

Байқауға аудандағы 15 мектептен қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері қатысты.

Байқау үш кезең бойынша өткізілді. 1-кезең «Талап қыл артық білуге» деп аталды. Онда ұстаздар Абай шығармаларын оқытуда қолданылатын үздік әдістеме, педагогикалық идеяларымен бөліссе, 2-кезеңде Абай шығармашылығы бойынша тест жұмысын орындады. Ал соңғы кезеңде мұғалімдер онлайн режимде Абайдың бір қарасөзін нақышына келтіріп, мәнерлеп жатқа оқыды.

Үш кезең бойынша сынға түскен ұстаздар арасында Құмтоғай орта мектебінің мұғалімі Ақбілек Маратқызы бас жүлдені жеңіп алды.

1-орынды №1 Ырғыз қазақ орта мектебінің мұғалімі Айнұр Сартаева иеленсе, 2-орынды Т.Шонанұлы атындағы орта мектептің мұғалімі Элеонора Ақашева мен Ө.Қанахин атындағы орта мектептің мұғалімі Арай Амантай өзара бөлісті. Сондай-ақ 3-орын Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептің мұғалімі Бақытгүл Әбдірахманова мен Т.Жүргенов атындағы орта мектептің мұғаліміАйсәуле Тілеубаеваға бұйырды.

Байқауға қатысқан барлық ұстаздар аудандық білім бөлімі тарапынан Алғыс хатқа ие болды.

Байқаудан бас жүлдені жеңіп алған Құмтоғай орта мектебінің мұғалімі Ақбілек Маратқызы — Абайдың шығармашылығына ерекше ден қойған ұстаз. Ол оқушыларына Абайдың өмірі мен шығармалары жайында көп мағлұмат берумен қатар, сабақ барысында жаңа технологиялық әдіс-тәсілдерді кеңінен қолданады.

Байқаудың 1-кезеңінде Ақбілек мектептегі әріптестерінің қолдауымен ағаштан ойып жасаған Абай шығармашылығына арналған кітап сөресін, сондай-ақ қатты қағаздардан әзірлеген әртүрлі пішіндегі кітаптарын көпшілік назарына ұсынған. Ерекше идеясы мен ізденімпаздығының арқасында тәжірибелі ұстаз жоғары бағаға ие болыпты.

— Ұстаз ретінде ұлы ақынды тану бір бөлек те, оқушыларға Абайды оқыту, тіпті, бөлек дүние. Ұлы ойшылдың шығармалары кез келген болашақ ұрпаққа ой салады, бағыт береді. Сондықтан ақынның шығармашылығын насихаттауда ұстаздардың да үлесі мол, — дейді ол.

                                                                                                     Данагүл ҚАЗИХАН,

Ырғыз ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button