АДАМЗАТ ЖӘНЕ АПАТТАР
Табиғат адамзатқа қатаң мінез танытып отыр. Адамдар Жер ананың қойнауынан барлық керекті алып, кейінгі салдарын тіпті де ойламайтын болды. Соның кесірінен жердің бетіндегі тепе-теңдік бұзылып, экологиялық апат көбейді. Қазір қарап отырсаңыз, жан-жақта түрлі табиғи апаттар қаптап кетті.
Жойылу қаупі төніп тұр
Соңғы кезде ғаламдық жылыну құбылысына алаңдаушылық артып отыр. Бұл құбылыс біздің елде де байқалып келеді. «Қазгидромет» орталығының мәліметіне сенсек, соңғы 50 жылда елдегі орташа температура 1,5 есеге жоғарылаған.
Мысалы, 1960-1990 жылдар аралығында Қазақстандағы орташа температура 1,6-2,7 градусқа, 1990-1999 жылдар аралығында сынап бағанасы 3,2 градусқа дейін көтерілген. Бұл болмашы ғана өзгеріс болып көрінгенімен, топыраққа, өсімдіктерге, жануарлар дүниесі мен адамдардың денсаулығына кері әсер етіп отырғанын байқауға болады. Соңғы кезде қан қысымы жоғары адамдар мен жүрегі ауыратындардың көбеюіне, жеміс-жидек түсімінің азаюына, жаздың аптап ыстық болуына да осы жылынудың әсері тиіп жатқанын айтады ғалымдар. Әзірге бұл құбылысқа алаңдаушылық танытып жатқандар шамалы. Шетелдік инвесторлар онсыз да уланып жатқан ауаны одан әрі бүлдіруде. Мысалы, мұнай өңдеуден шығатын улы газдың ауаға таралуы шектеулі мөлшерден 5-6 есеге асып кеткен.
БҰҰ-ның климаттық өзгерістер жөніндегі үкіметаралық зерттеу тобының болжамына сүйенсек, 2100 жылы Антарктида мен Гренландиядағы мұздықтардың еруінен мұхиттардың деңгейі 18-59 сантиметрге дейін көтерілетін көрінеді. Мұның нәтижесінде аралда орналасқан бірнеше мемлекет пен қалалар жер бетінен мүлде жойылып кетуі қаупі бар. Қазірдің өзінде Тынық мұхиттағы Кирибати аралдарына, Қытайдың Шанхай қаласына, Аргентина астанасы Буэнос-Айреске су астында қалу қаупі төніп тұрғаны жиі айтылады. Ал ғалымдар алдағы уақытта дүниежүзіндегі орташа температура 1,8-4 градусқа жоғарылайды деп болжайды. Сонда тропикалық циклондардың климатқа әсері күшейе түседі. Осыған орай бір аймақта құрғақшылық болса, енді бір жерде топан су қаптап, адамзат табиғаттың тосын мінезімен алысып әуреге түсуде.
Гренландияда шамадан тыс жоғары ауа температурасы байқалғанына жетпіс жыл болыпты. Өткен жылы бұл аймақта мұз қабаттарының 16 пайызы еріген. Ал Солтүстік мұзды мұхиттың мұздықтары 4 пайызға кішірейіпті.
Ауаға таралатын көмірқышқыл газының 40 пайызын электр стансалары шығарса, өндіріс орындарының үлесі 20 пайыз екен. Көліктерден келетін зиян да осы шамалас. Ал, коммуналдық шаруашылық қызметтерінің үлесі 13 пайызға тең. Осылардың барлығы ғаламдық жылынуға себеп болып, апатты жақындатып жатқан көрінеді.
Табиғат та қаруғаайнала ма?
Соңғы кездері алыс-жақын мемлекеттерде түрлі табиғи апаттар жиілеп кетті. АҚШ-ты төңіректеген ірі дауылдар, Еуропаның үстінен құйылып жатқан нөсерлер, Ресейді өртке ораған аптап ыстық, Қытайды дүрбелеңге салған топан су. Кейбір болжамшылар бұл құбылыстарды табиғаттың тылсым күші емес, адамзаттың бір-біріне жасап жатқан қиянаты дейді.
Биыл Мәскеу маңайында болған қатты ыстық осыдан 90 жыл бұрын да орын алған екен. Ресейдің жасыл орманы, шалғындықтар өртке оранды. Ресейдің Испания мемлекетінің аумағындай болатын егістік алқаптары күйіп кеткен.
«Бұл ыстық қайдан келді? Неліктен бізде дәл осындай аптап сақталып тұр? Неге бір ендікте жатқан Берлинде —18, Варшавада — 25, Венада — 20 және Парижде — 20 градус қана жылы. Ал бізде 36-40 градустық ыстық апталап тұрып алды» деген сауалдардың жауабын іздеушілер көп. Әркім әр қилы пікір айтады. Мысалы, бұрынғы әскери синоптик, отставкадағы капитан Николай Караваев баспасөзге берген сұхбатында былай депті: «Бұл жай нәрсе емес, табиғатты қару етіп қолданып, қарсыластарын әлсірету кезінде де талай орын алған. Қазір Мәскеу мен оның маңайында бірнеше аптаға созылған ыстық қарсылас елдің әрекеті болуы мүмкін». Оның айтуынша, АҚШ секілді алпауыт елдер қарсыластарына қарсы қару қолданбай-ақ, сол елдің төбесіне қара бұлт үйіріп әкеліп, нөсерді төге салу, жойқын құйындар, алапат дауылдар туғызу, топан су қаптату, түрлі циклондарды бағыттау әдістерін меңгерген. Американдықтар жақында ғарышқа өте құпия Х-37В атты жерден басқарылатын ғарыш кемесін ұшырыпты. Ол өте күшті лазерлік сәулемен жарақтандырылған. Ұшақ көкте кем дегенде 270 күн қалықтап жүре алады. Сондай-ақ өте қуатты лазерлік сәулелерді бір алаңға топтап төге отырып, ауа райына қатты әсер ете алады екен. «Мүмкін, АҚШ сол ұшақты Ресейге қарсы бағыттап, біздің төбемізде сынақтар өткізіп жатуы да мүмкін. Мына ыстық соныкі десек, қателеспегеніміз», — дейді кейбір ресейлік ғалымдар.
Әлемдік баспасөз беттерінде АҚШ әуе күштері өкілдерінің «Ауа райы — ең күшті қару. Оны 2025 жылға қарай өзімізге бағындыруға тиіспіз» деген баяндамасы жарық көрді. Онда табиғат құбылыстарын (жауын, дауыл, құйын, боран, жел, күннің суығы, ыстығы) қару ретінде пайдалану мәселесі айтылған. Сондай-ақ баяндама авторлары «табиғатты қару етіп қолданудың әсері, атом бомбасынан да күшті болмақ» деседі.
Кейбір баспасөз беттерінде табиғатты бағындырып, сынақтан өткізу өткен ғасырдың 50-жылдарынан басталды делінген. Мәселен, 1952 жылы Англияның Девон графтығында 12 сағат бойы нөсер төпеп берген. Сол маңайдағы елдімекендер су астында қалып, 35 адам мерт болған. Ағылшын баспасөзі «бұл — британ әуе күштерінің жасанды жаңбыр жаудыру үшін жасаған сынағы» деп жазды. Мұндай сынақ АҚШ-тың Дакота штатында да өткен. 6 сағатқа созылған нөсер 750 үйді су шайып, 250 адамды құрбан қылған. 1978 жылы АҚШ-тың Висконси штатындағы бірнеше күнге созылған нөсер де түгелдей бір ауылды жойып жіберген. Бұл да табиғатты ырқына бағындыруға тырысқан әскерилердің ісі деп көрсеткен жергілікті баспасөз.
Біріккен Ұлттар Ұйымы «әскери және жаулық мақсатта табиғатты қару ретінде қолдануға тыйым салынады» деген қарар қабылдады.
Бұл қарарға 1977 жылы КСРО мен АҚШ қосылды. Әйтсе де, бұл елдер жасырын түрде табиғаттың мүмкіндіктерін қару ретінде пайдалануды әлі күнге тыймаған секілді. АҚШ Аляскада азаматтық ұшақтардың ұшуына тыйым салынған аймақта биіктігі 24 метрлік 180 құпия антенна орнатқан. Сол арқылы кез келген мемлекеттің жерінде магниттік дауыл тудыруға мүмкіндігі бар көрінеді.
Соңғы уақытта ірі елдердің аумағында нөсер жаңбыр, су тасқыны, дауылдар, құрғақшылық, аптап ыстық, т.б табиғи апат көбейіп кетті. Бұл шынымен де алпауыт елдердің бір-біріне қару қолдануды қойып, табиғатты пайдаланып әлсіретіп жатқаны ма?..
Ақырзаман болғанда…
Баяғыда аталарымыз «Ақырзаман болғанда су тартылар…» деп жататын. Бүгінгі заманның құбылыстарына қарап, адамдардың пиғылдарынан шошып, сол ақырзаман жақындап қалған жоқ па екен деген ой туындайды.
Кейбір білгіштер 2012 жылы ақырзаман болады екен деп шулап жатыр. Ақырзаман адамдардың пиғылынан туындайды. Оны жақындататын да пенделер.
Қасиетті Құран Кәрімде бізге бұл дүниенің ақыры бар екенін, ақырзаман болатынын және бұл дүниеге сынақ үшін келгеніміз, қиямет күні жауап алынатындығы айтылған.
Сол қиямет күнінің, яғни, ақырзаманның қандай жағдайда келетіні, оның негізгі белгілері қандай екені жайлы да Құран сүрелерінде жазылған. Жер шары айналып тұрған өз тұғырынан бір миллиметрге, не сантиметрге шығып кетсе, фәнидің ақыры, міне, сол болмақ. Алла Тағаланың сағаты бар. Ол — жұлдыздарды соғыстырмастан, Күнді бір сәт сөндірместен, Жерді тұғырынан бір миллиметрге де шығармастан ұстап тұрады.
Ақырзаман жақындағанда адамдар қымбат киімге әуестенеді. Барлығының пікірі саудагершілік, оңай жолмен пайда тапсам деп дүниеге көңіл бөлу болады. Мал иелері, пұлы көп адамдар өте жоғары құрметке ие болады. Ал, шындығында, ол адам қандай, адал ма, арам ба, қатігез бе, қу ма — оған ешкім мән бермейді.. Зина, зинақорлық көбейеді. Сол зинадан адамдарға бір апатқа ұқсаған ауру келеді. Ол аурудың емі болмайды. Бұл — СПИД дерті.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтқан екен: “Намыс, ұят — иманы барда болады. Қызғануды да жүрегінде иманы барға береді”. Ақырзаман жақындаған сайын адамдардың саны көбейіп, өмірі ұзарады екен. Сексен, тоқсан, жүз жастан артық жасайтындар көбейеді. Саудагерлер таразыдан және матаны өлшеп беруден әділетсіздік жасап, пайда табады. Және осылайша харам жолмен тапқан пайдасынан отбасына тағам алып, оны балалары да жейді. Ондай саудагерлер бұл дүниеде болмаса, о дүниеде осы істеген күнәлары үшін жауап береді. Үлкендер кішілерге ізет, кішілер үлкендерге құрмет көрсетпейді. Ал, үлкендердің кейбірі балаларға қамқорлық, мейірім көрсетуді өз міндеті деп санамайды. Ақырзаманда некесіз туған балалар көбейеді. Бала өз әкесін, әкесі баласын танымайды. Өзінің әкесіз өскені үшін, өзгелердің сөздерін естіп, өмірге суық қарап, қатыгез болуы да кездеседі. Осы заманда жұмысы жүру үшін адамдар жағымпаз болып, өзінен жоғары бастықтары не айтса, соны орындап зыр жүгіреді. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): “Ақырзаман адамдарының пейілі, ниеті қандай болады?” — дегенде: — Олардың ең үлкен әуресі қарындары болады, әуелі қарын қамын ойлайды. Оларды қыздан — ұят, ұлдан — ынсап кету, зұлымдық жасау мәселелері толғандырмайды. Пұлға, байлыққа құлшылық ететін болады. Мысалы, бір жерде ақша бар десе, ақырзаман адамы сол жерге күніне сан рет барып келуге дайын. Бірақ, олардың жұмасына бір рет мешітке барып ғибадат етуге уақыты болмайды».
Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) айтқан ақырзаман белгілері біздің өмірімізден көрініс тауып жатыр. Адамдардың пиғылы бұзылып, жүректерінен иман азайған кезде Алла Тағала түрлі табиғи апаттарды жаза ретінде жіберіп отыр ма деп ойлап қаласың?..
Дүниедегі ең қымбат жаратылыс — адам. Ол дүниеге қарынның қамын ойлау үшін емес, ұлылық таратуға келді. Ақылды, жүрегі бар адамға ілім, жүрекке иман керек. Ең бірінші орында намыс тұрсын, сіз үшін намыс — дін, сеніміңіз, иманыңыз.
Сәнім ЫСҚАҚҚЫЗЫ.



