Терезе жылтырасын десеңіз…
Терезе буланып мұз қатпас үшін денатурат спиртінің 10 бөлігіне бір бөлік глицерин араластырып терезеге шашыңыз. Аз уақыттан соң замышпен сүртіп алыңыз. Егер терезе аса көп ластанбаған болса, онда бір литр суға бір ас қасық крахмал қосып жуыңыз.
Әйнекті тазалаудың ежелден келе жатқан әдісі — бор ұнтағын немесе тіс жуатын ұнтақты пайдалану. Бір стақан суға 2-3 ас қасық бор салып жақсылап араластырады. Оған шүберекті батырып шыныны екі жағынан сүртеді. Терезе әбден кепкен соң борды құрғақ шүберекпен немесе қағазбен тазалайды.
Қолшатыр
Жауын-шашында ұстайтын қолшатырыңыз жақсы ашылып жабылсын десеңіз, онда шатырды ашып, төбесінен жылы су ағызып кептіріңіз. Мата кергіш жақсылап жазылады да байырғы қалпына келеді.
Киімді тазалау
Көптен киілмеген киімді киетін болсаңыз, алдымен оның тазалығына мән беріңіз. Киіміңіз таза болса да оны мүсәтір спирті қосылған сумен сүртіп алыңыз. Сонда киіміңіздің өңі кіріп қалады.
Сондай-ақ киімдегі дақтарды кетіру үшін алдымен сол дақтардың неден болғанын анықтаған жөн. Дақты кетіретін сұйықтықтың матаға, оның бояуына қалай әсер ететінін білу керек. Ол үшін киімнің көзге көрінбейтін бір жеріне тазартқышты тамызып, не жағып көрсеңіз болады. Затты бүлдіріп алмау үшін құрамы күрделі химиялық дақ кетіргіштерді пайдаланған кезде сақ болыңыз. Егер дақ бірден кетпесе, оны 2-3 рет қайталаған орынды. Әр қайталаған сайын ол жерді жуып тұру керек. Мүлдем кетпейтін дақты кетірем деп ол жерге шамадан тыс кетіргішті құйып ысқылаудың қажеті жоқ. Ол матаны бүлдіреді. Ацетаттан тоқылған жібекті тазалауға сірке қышқылын, ацетонды пайдалансаңыз матаны ерітіп жібереді. Синтетикалық маталарға ( капрон, нейлон, клорид, т.б) бензин, бензолдан жасалған дақ кетіргіштерді пайдалануға болмайды.
Табиғи жүннен, жібектен тігілген заттарға сілтіні, мақтаға күкірт, азот, тұз қышқылдарын пайдалануға болмайды. Хлорлы әк мақта матасына күшті әсер етеді. Сондықтан оны өте аз мөлшерде пайдаланып, тез жуып тастау керек. Заттардың дағын кетіру үшін оларды алдын ала шаңнан жақсылап тазартыңыз. Болмашы дақтарды тазалауға дақ кетіргіш сұйықты тамызғанда дәрігерлік пипетка не істік ұшы бар ағаш пайдаланған қолайлы.
Линолеум
Линолеумді еденге жапсырғанда шеттерін нығыз біріктіріңіз. Ол үшін линолеумді бір-бірінің үстіне қойып, екі шетін түзу кесу керек. Егер линолеум жарылса, тесілсе, жөндеуден өткізуге болады. Оған алдымен қоспа дайындап алыңыз. Яғни, 20 бөлек шайыр, 4 бөлік шарап спирті, 4 бөлік кастор майы, 4 бөлік қоюланған скипидар және қажетті бояуды араластырыңыз. Линолеумнің тесілген жерін ойып алып, сол жерге жамау жапсырыңыз. Қиюласқан жерге әлгі қоспаны жақсаңыз, жамалған жер білінбей кетеді.
Бояу жаққышты тазалау
Қатып қалған бояу жаққышты тазалағыңыз келсе полиэтилин қалтаға аздап бояу еріткіш құйып, оған жаққышты батырып, аузын мықтап байлап қойыңыз. Бұл тәсілдің бір ерекшелігі, еріткіш аз кетеді әрі ұшып рәсуа болмайды.
Бояу жаққыштың қылы түсе берсе жаққышқа қаңылтыр бұрау істеп, қылды қысқан жерден кигізіп, болтпен жақсылап бұрап тастаңыз.
Күздегі бау-бақша күтімі
Күзде бау-бақшаны қысқа дайындау жұмыстары басталады. Келесі жылы жеміс ағаштарынан мол өнім алу үшін ерекше күтім жасалынуы керек. Қыркүйектің соңында ағаштар мен бұталар жақсы өсіп, тамырлары да беки түседі. Сол себепті осы айларда оларды молырақ суарған жөн. Егер күзде жаңбыр аз жауса, онда алма, алмұрт ағаштарына 30-40 шелек, шие мен қара өріктің әр түбіне 15-20 шелек, таңқурай мен мен қарақаттың бір шаршы метріне 5-6 шелектен су кұйылады. Сонымен бірге осы кезде ағаштар мен бұталарды қоректендіру жұмысын да бастаған абзал. Ол үшін торфтан ерітінді жасап, оған бір стакан нитрофос қосып жасалған ерітіндіні әр ағаштың түбіне бір шелектен құйған тиімді.
Бірінші суық түскенде таңқурай бұтақтарының басын жерге иіп, сәл бастырса, қыста үсімейді. Қар түскенде оны қармен бастыруға да болады. Ал 10 литр суға 600 г темір купоросын қосып қарақаттың жапырақтарына сепкен жөн. Бұлай бапталған ағаш келесі жылы мол жеміс береді.
Үстелге дақ сіңбеуі үшін
Егерде қапыда бір құты зеленканы немесе сияны жылтыраған үстелге төгіп алсаңыз, саспаңыз. Оны дереу сорғызып алып, қалып қойған даңқты қарындаш өшіретін кәдімгі өшіргішпен өшіріңіз. Ол үстелдің жылтырын бүлдірмейді. Ал сия өшіретін өшіргішті қолдануға болмайды. Ол эмальданған заттардың дағын кетіруге пайдаланылады.
Түкті орамалды жуу
Әр матаның жуу ерекшелігі болады. Түкті орамалдар уақыт өткен сайын қатайып, ылғалды жақсы сіңірмейтін болады. Егер ол қалпын сақтасын десеңіз, жуғаннан кейін тұзды суда қайнатып, жақсылап шайқаңыз. Сонда оның жұмсарғанын байқайсыз. Оларды үтіктеудің қажеті жоқ.
Гүл өсіру
Гүлдерді, әсересе, раушан мен қалампырды тербелмелі дыбыс ағысына, яғни теледидардың, радионың үстіне қоюға болмайды. Дыбыс оның өсіруіне кедергі келтіреді. Сондай-ақ гүлдерді таңертең ерте немесе қараңғы кеште қиып алады. Осы уақытта кесіп алған гүлдер тез өседі.
Раковина трубасын тазалау
Ас бөлмедегі раковинаның су ағызатын турбаларында май қалдықтары жиналып, келе-келе қолайсыз иіс пайда болады. Ондай жағдайдан құтылу үшін аптасына кем дегенде бір рет трубаларды бір литр суға екі ас қасық кір содасы қосылған сумен тазалып тұрыңыз. Трубаны тазалау үшін арнайы болат трос немесе қатты резеңке шлангны пайдалануға болады. Бір ұшын шүмекке кигізіп, екінші жағын трубаға жіберіңіз. Бұдан кейін шлангамен ыстық су жіберіңіз. Ол майды жақсы тазалайды.
Сабын салғыш
Кейде сабын салғыштың резеңкесі қабырғаға жабыспай босап қалады. Оның басты себебі, резеңке жыл өткен сайын жұмсақтығынан айрылады. Резеңкені бензин немесе кір ұнтақпен жақсылап тазалап жуып, сүртіп құрғатыңыз. Кейін резеңке желімін жағып, кептірген соң тазартылған кафелге жапсырыңыз. Және біраз уақытқа дейін басып тұрыңыз. Егер резеңке сорғыш қабырғаға жабысқан жерден түсіп қала берсе, оған салидол немесе литол майын жағыңыз.
Қолға бор жұқпасын десеңіз…
Мектепте тақтаға шыққанда қол бор болып қалады. Оны болдырмас үшін борды су қосқан сүтке бірнеше минут батырып алыңыз. Осылай дайындалған бор қолға жұқпайды.
Әзірлеген Кәмшат ҚОПАЕВА.



