Білім

Қашықтан оқыту: қосымша білім беру қалай ұйымдастырылып жатыр?   

Бүгінде біздің облыста 45 қосымша білім беру мекемесі бар. Оның 15-і Ақтөбе қаласында орналасқан. Жалпы өңірдегі 41 мыңнан астам оқушы қосымша білім берумен қамтылған.

Біз тиісті мекемелердің жауапты қызметкерлерімен сөйлесіп, қосымша білім беру ұйымдарында қашықтан білім беру қалай ұйымдастырылып жатқанын білген едік. Сонымен…

6 сәуірден бастап қосымша білім беру ұйымдарында қашықтан оқу процесі 7 бағыт бойынша ұйымдастырылуда. 800-ден астам үйірме мен секция қашықтан жүргізіліп, жалпы 26 818 бала жаңа әдіс бойынша білім алып жатыр. Бұл мақсатта 1155 педагог жұмылдырылып отыр. Олар Zoom, Instagram, WhatsApp, YouTube әлеуметтік желілері және басқа онлайн платформаларымен жұмыс жасауда, — дейді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Бертілеуова.

 

8 БАҒЫТ: 82 ШЕБЕРХАНА МЕН СТУДИЯ

Төтенше жағдайға қарамастан, оқушылармен байланыс үзілген емес. Қазір 8 бағыт бойынша жұмыс жасайтын 82 шеберхана мен студия жетекшілері тәрбиеленушілермен тығыз байланыс орнатты, — дейді Шығармашылық академиясының директоры Шамшат Жұбай.

Қазір аталған білім мекемесінің YouТube каналы ашылып, онда әр бейнесабақ жүктелуде. Оқушылардың дайындаған бұйымдары, суреттері мен жазба жұмыстары @academy_aqtobe инстаграм парақшасында күнделікті жарияланып отырады. Жақында бұл парақшада ата-аналармен байланысты күшейту мақсатында «Тікелей эфир арқылы сұхбат» деп аталатын жаңа айдар ашылыпты.Ата-аналардың ақ тілектері мен жылы лебіздері ұжымның көңілін көтеріп тастапты.

Барша қазақ елі атсалысып, ұйымдастырған түрлі челлендждерге Шығармашылық академиясының ұстаздары мен оқушылары да өз үлестерін қосуда.

— Ұжым мүшелері, Nur Otan бастауыш партия ұйымының, кәсіподақ ұйымы және халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының мүшелері «Біз біргеміз» жастар ұйымының  бастамасымен қасиетті рамазан айына орай, жағдайы төмен 19 отбасыға азық-түлік, дәрі-дәрмекпен және қаржылай көмек көрсетті. 2000-ға жуық бетперде тігіліп, таратылды.

Айта кету керек, республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы, облыстық білім басқармасы да бізді үнемі қолдап, аптаның әр күнінде, тәулік бойы көмек беріп отырады, — дейді Шамшат Жұбай.

Қашықтан оқытудың өзіндік ерекшеліктері туралы орталықтың педагогтері өз пікірлерін айтты.

— Біріншіден, сабақ барысында қию, кесу жұмыстары жүргізілетін болғандықтан,оқушылардың қауіпсіздігі мақсатында ата-аналармен бірге сабақ өткіземіз. Яғни ата-аналармен байланыс бұрынғыдан да күшейе түскені қуантады.Робототехника үйірмесінде сабақ екі кезеңнен тұрады: бағдарламалау және құрастыру. Бағдарламалау —  ұзақ орындалатын процесс. Екінші ерекшелік—оқушылар осы кезеңдегі жұмыстарға көбірек көңіл бөліп, жақсы меңгеруде.Үшіншіден, педагогтер қосымша ізденіп, өздерін жаңаша қырларынан көрсетуде, — дейді робототехника шеберханасының меңгерушісі Әлихан Садық.

ӨНЕР МЕКТЕБІНІҢ ТЫНЫСЫ

Мектебімізде 7 бөлім жұмыс жасайды. Жалпы 36 үйірме бар. Қашықтан оқыту жүйесі бойынша 1175 оқушыға 93 педагог білім беруде.

Интернет ресурстарын игеріп, интернет платформаларын меңгеру — қазіргі заман талабы. Осы тұрғыда педагогтеріміз компьютер арқылы білім берудің жаңа әдістері мен тәсілдерін жан-жақты зерттеп, ізденіп жатыр. Ең бастысы — оқушылардың сабаққа белсенділігі, ынта-ықыласы арта түсті. Сондай-ақ 30 минуттың ішінде үй тапсырмалары тексеріліп, жаңа тақырыпты меңгерту мақсатында пікір алмасып, сұрақтарға жауап беріледі.

Жаңа форматта оқытудың тиімділігін арттыру мақсатында мектебіміздің көркемсурет өнері бөлімінің меңгерушісі Анастасия Лопатина, мектепке дейінгі даму студиясының меңгерушісі Жанар Білтабанова мен осы студияның ағылшын тілінің оқытушысы Индира Қорғанбаева ютуб желісінен оқу каналдарын ашып, дәрістерін тек мектеп оқушыларымен ғана емес, бүкіл әлеммен бөлісті. Сондай-ақ ұстаздарымыздың күнделікті сабақтарын бейнетаспадан инстаграм, фейсбук әлеуметтік желілері арқылы тамашалауға болады.

Жақында қобыз класының педагогі Кәмшат Балмұратова тәжірибе бөлісу мақсатында онлайн-концерт өткізді. Алдағы уақытта мектеп ұстаздары (Дәулет Ізмағамбетұлы, Мәншүк Балжанова) жеке онлайн-концерттерін өткізуді жоспарлап отыр. Осылайша мектеп ұжымы төртінші оқу тоқсанын да табыстыаяқтайды деп сенеміз, — дейді Қазанғап атындағы балалар өнер мектебінің директоры Жалғас Құдайбергенов.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button