Жеңіс

«Әлия, батыр қызы сен халқымның…»

Жеңіс-75

Биыл қазақтың батыр қызы Әлия Молдағұлованың туғанына 95 жыл толды.

Әлия туралы жазылған көркем шығармалар, деректі жазбалар, мектеп қабырғасындағы ұстаздарының, құрбыларының, майдандастарының естеліктерін оқығанда,жас қыздың өз Отанын шексіз сүйгендігін, халқына бар жан-тәнімен қызмет қылуға ұмтылысын көресің. Батыр қыздың туған жері — Қобда ауданындағы Бұлақ ауылы. Оның құрметіне есімін мәңгі есте сақтау мақсатында бүгінде Әлия атанған ауылда «Әлия» патриоттық орталығы жұмыс істейді.

Бүгінде Ақтөбе қаласындағы Әлия Молдағұлованың мемориалды музейі мен аталған орталық Әлия өміріне қатысты естеліктерді, құжаттарды жиып, келушілер назарына ұсынып отыр.

Туған топырағынан жастай ажырап, ерте есейген Әлияның балалық шағы, есейген уақыты туралы деректер мұрағатта көп емес.Әсіресе Әлияның Мәскеу, Ленинград қалаларында білім алған, тәрбиеленген кезеңдеріндегі тәрбиешілері мен мұғалімдерінің, достарының естеліктері көп таралмаған.Осы естеліктерді оқып отырсақ, болашақ батырдың мінез-құлқындағы ерекшеліктер бірден танылады.

Ленинград қаласындағы №140 орта мектептің мұғалімі М.Голубеваның естелігінде: «Әлия досы Нина Быстровамен төртінші партада отыратын.Әлия кіп-кішкентай, салмақты, ойшыл, сергек қыз болатын.Оның тартымдылығы көз тартып, ұқыптылығы мен жинақылығы ерекше көзге түсетін.Жай күндері көкшіл түсті сәтеннен тігілген юбка, ал салтанатты мерекелерде көкшіл жүннен тоқылған матрос үлгісіндегі көйлек киетін.Ол мұғалімдердің бірінші көмекшісі болатын.Қоғамдық жұмыстарға белсене қатысып, жалқау оқушыларды үнемі ұялтатын.Жазда табиғат аясына шығуды ұнататын. 6-7 сыныптарда ол староста болды.Балалар оны «біздің тынымсыз староста» деп атайтын.Сабақты үздік оқып, қоғамдық жұмыстарды белсене атқарғаны үшін Әлия «Артек» лагеріне жіберілді. Соғыс басталып, Әлия Ленинградта қалды. Оны комсомолға қабылдады.Соғыстың кесірінен интернатқа босқындар келе бастады.Әлия олардың әрқайсысына қамқор болып, қайғысын бөлісуге тырысты.Біраз күн өткен соң Әлияның арықтап, әлсіреп кеткені байқалды. Бірде Невадан су алып келе жатып, балалар үйінің есігінің алдында құлап қалады.Әбден әлсіреп, қалжыраған қызды өз-өзіне келтіргенде, оның өзіне тиесілі нанның жартысын Катя есімді қызға бөліп беріп жүргені анықталды.Жұдырықтай жүрегі мейірімділік пен адамға деген махаббатқа толы болған Әлия аса қысылтаяң, таршылық кезеңде өзінің аузындағы дәмін өзгеге бөліп беріп, адамдықтың асқақ үлгісін бала кезінен бағалай білді», — деп жазады.

Эвакуация кезінде Әлияның оқыған мектебі Ярослав облысы Некрасов ауданы Вятское селосындағы орталау мектептің мұғалімі Т.Суворова өз естелігінде: «Сыныпта қазақ қызы оқыды. Сымбатты қыз бала өте пысық болатын.Қара көздері шоқша жанып, ерекше көзге түсетін.Бұл Лия Молдағұлова болатын.Сабаққа өте ықыласты еді.Менің пәнім биологиядан барлық уақытта «4», «5»  деген баға алатын.Мектепте ол Лида Новиковамен бір партада отырды. Лияның достары көп болатын.Ол пән үйірмесі коллективін құрды. Колхозшыларға көмектесіп, жауды жеңуге үлес қосты.Жазда астық жинап, малға азық даярласты.Жетім балаларға қамқоршы болды.Содан бері 25 жыл өтті.Әлия әлі көз алдымда.Орта бойлы, сымбатты еді.Бет әлпетінде ұзын кірпікті әдемі қара көзі ерекше көзге түсетін.Күнделікті өмірде салмақты, аздап тұйықтау болатын.Өзі туралы аз айтатын.Ән айтқанды сүйетін.Қандай жұмыс болсын, тез және шебер атқаратын. Мен оны қарапайым, бірқалыпты, барлық достарымен ақжарқын күйінде есте сақтадым.Соғыстан хабарлар тыңдағанда, Лия өте мұқият тыңдайтын.Егер хабар суыт болса, оның қабағы түйіліп, өңі сұрланып кететін.Ол не ойлайтын?Мүмкін, сол кезде-ақ Отанының қорғаушысы болуды іштей шешкен шығар», — деп жазды.

Мұрағаттарға сүйенсек, 1942 жылы желтоқсанда мергендер даярлайтын Орталық әйелдер мектебі құрылған. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен қыздар келген.Оларда бір ғана мақсат болды. Ол — майданға аттанып, жаудан кек алу.Әлия Молдағұлова аталған мергендер мектебіне 1942 жылы желтоқсан айында қабылданып, 1943 жылы шілде айында бітіріп шықты.Мергендіктің түрлі әдістерін білуге құштар болды.Мектепте тәртіп қатты, әрбір тапсырма мүлтіксіз орындалатын.Қыс мезгілінде жаттығу аязға қарамастан далада бас киімсіз жүргізілетін.Қыздар мұздай суға жуынатын.

1943 жылы шілде айында Әлия соғысқа аттанды.Алғашқы күннен-ақ Әлия жауынгерлер мен жолдастары арасында беделге ие болады. Бір аптада ол батальон қорғанысының алғы шебін аралап, жауынгерлер мен офицерлермен танысып, олардан немістердің орналасқан аймағын, қай жерден жиі көрінетінін білді. Мерген қыздар Әлия Молдағұлова, Зина Попова, Надя Матвеевасол кезеңде қатаң әскер өміріне жылылық әкеліп, жауынгерлерге сергектік, жеңіске деген сенім ұялатты.

Әлия Молдағұлова соғысқан 54-атқыштар  бригадасының 4-батальонының алдына қойылған міндет — Дроздово, Семеновка, Мелихово селоларын жаудан азат ету, соғыс алаңын кеңейтіп, Смердель өзенінің сол жағалауын, Монаково жолын жаудан қорғау болды. Осылайша 14 қаңтар күні 54-атқыштар дивизиясы шабуылға шықты. Майор Ф.Моисеевтің батальоны Насвадан солтүстікке қарай 2,5 шақырым теміржолды кесіп өтіп, немістің 100 жауынгері мен офицерін жер жастандыра отырып, Воево селосын алды.Насваның өзінде әр көше, әр үй үшін кескілескен соғыс болды.Әлия бұл кезде де батальонның алдыңғы қатарында еді.Насва түбінде болған шайқаста Әлияның мылтығының оғынан отыздан аса фашист өлім құшты.

1944 жылдың 14 қаңтары өте ауыр күн болды.4-батальон Насваны алғаннан соң да неміс басқыншылары оған қарсы жаяу әскер мен танктерін жіберді.Батальон басына қиындық туды: Әлия қызмет ететін рота командирі қатардан шықты.Сын сағатта Әлия орнынан атып тұрып: «Бауырлар, Отан үшін, алға!», — деп жүгіргенде,жауынгерлер атойлап, батыр қыздың соңынан көтерілді.Ол Казачиха деревнясы үшін болған ұрыста бірінші болып жау шебіне кіріп, өз автоматынанжаудырған оқпен сегіз фашисті жайратып салып, неміс офицерімен бетпе-бет келді.Дәл осы сәт ізін суытпай әскери бөлімдерге таратылған листовкаларда жарияланды. Аталған құжатта: «Неміс офицері Әлияның күртешесінен тарта берген еді, қайсар қыз бұрыла беріп мылтығынан оқ жаудырды. Бірақ неміс бірінші болып атып үлгерген еді.Әлияның басы айналып, қан кете бастады, аяқ-қолы әлсіреді. Соған қарамастан қолынан мылтығын түсірмей, соңғы күшін жиып, фашиске қарсы  оқ жаудырды.Гитлершіл құлады.Бұл өлім аузындағы батырдың өлтірген соңғы 78-ші немісі еді», — деген сөздер жазылған.

1978 жылы журналист, Әлия Молдағұлованың өмірін зерттеуші Сейілхан Асқаров қырғыз елінде батальон командирі Федор Моисеевпен кездесіп, «Қазақстан комсомолы» газетінде онымен жасаған сұхбатын жариялайды.

Ф.Моисеев әңгімесінде батыр қыз қаза тапқан күнгі шайқасты былай деп баяндайды: «Федорухино, Щенайлово, Ягодкино деревнялары мен Насва теміржолын жаудан азат етуде көптеген рота, взвод командирлері оққа ұшып, тірі қалған жауынгерлер бірнеше күнге жалғасқан шайқастан қажыған еді.Шешуші ұрыс алдында жауынгерлерді жинап, бірнеше топқа бөлген едік.Әлия Молдағұлова, Зина Попова, Надя Матвеева тобына берілген тапсырма бойынша қыздар тобы тек қатты мәжбүр жағдайда ғана шабуылға қосылуы керек еді.Казачиха деревнясын алғанға дейін, біз батальон құрамының тең жартысынан  айырылған едік.Казачиха деревнясында немістердің бекінісі мықты болды.Фашистер үшін бұл жер тактикалық қатынас жағынан өте қолайлы еді.Ал біз үшін қиыншылық туғызды.Дайындық түнгі мезгілде жүргізілді, демек, жауынгерлер ұйықтаған жоқ.Ауа райы да боранды, ұйтқыған жел, бет қаратпайтын аяз болатын…».

КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1944 жылғы 4 маусымда қабылдаған қаулысына сәйкес,  Әлия Молдағұловаға Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. 1944 жылы 12 маусымда «Вперед за Родину» газетінде Ә.Молдағұлованың майдандас құрбылары Надя Матвеева мен Зина Попованың мақаласы жарияланды. «Лия өзінің жарқын өмірін Отаны үшін, халқының бостандығы мен болашағы үшін құрбан етті.Оның бейнесі мәңгі жүрегімізде сақталады.Біз Лия үшін жаудан кек аламыз» деп жазды олар.

Ал Қазақстан комсомолы Орталық Комитетінің хатшысы Жармағамбетов: «Қазақтың даңқты қызы Ә.Молдағұлова артына өшпес із қалдырып, Отан алдындағы міндетін мүлтіксіз орындап, ерлікпен қаза тапты. «Арым — жанымның садақасы» деген бабалар сөзін жауынгербатыр қыз өзінің мәңгілік ерлігімен дәлелдеп берді.Есімі ешқашан естен кетпей, қазақ халқын алға жетелеп, ерлік істерге бастайтын болады», — деген жалынды сөздерін арнаған еді.

Халқының маңдайына біткен батыр қыз Әлия Молдағұлова бейнесі осылайша ел жадында мәңгілік сақталып қалды.

Ақзер Колмурзина,

Ә.Молдағұлова облыстық мемориалды музейінің ғылыми қызметкері. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button