Басты бет » Мереке » «Қазақтың жаны мен дастарқаны өзінің даласындай кең»

«Қазақтың жаны мен дастарқаны өзінің даласындай кең»

Кәрістердің Ұлы дала елін — қасиетті қазақ топырағын паналағанына 83 жыл болды. Бұдан тура 30 жыл бұрын республикалық «Қазақстан кәрістер қауымдастығы» қоғамдық бірлестігі құрылды. Бүгінде елімізде кәрістердің алтыншы ұрпағы өмір сүріп жатыр. Мереке қарсаңында біз «Қазақстан кәрістер қауымдастығы» қоғамдық бірлестігі Ақтөбе филиалының төрағасы Константин Цхаймен сөйлескен едік. Сонымен… 

Тарих осылай басталған…

Ол әңгімесін даңқты диқан, Социалистік Еңбек Ері Ким Ман Самның сөзінен бастады.

  • Кәріс халқының атақты перзенті Ким Ман Сам өз естеліктерінде қазақтарды «Қазақтың жаны мен дастарқаны өзінің даласындай кең» деп жазған. Осы бір-ақ ауыз сөзден кеңпейіл, дархан көңіл, мейірімді қазақ халқының бар болмысын ұғуға болады. Расында, біз сол бір ел басына күн туған қиын кезеңдерде қазақ жерін паналамағанда қайтер едік?.. Қазақ халқының қамқорлығы, қолдауы, көмегімен осы күнге аман-есен жеттік, — дейді  КонстантинЦхай.

…Тарихи деректерде 1937 жылғы күздің суық күндерінің бірінде Қиыр Шығыстағы кәрістердің малға арналған (!) вагондармен қазақ даласына күштеп қоныс аударылғаны жазылған. Сол жылы жалпы Қиыр Шығыстан 400 мыңдай кәріс көшіріліпті. Соның 120 мыңға жуығы Қазақстанға келген. Біздің облысқа 1156 адам қоныстанған. Олар қазіргі Әйтеке би және Хромтау аудандарына орналастырылыпты. Дегенмен мұнда келгенде де кәрістердің бәрі бірдей саяси қуғыннан біржолата құтыла алған жоқ. Жазықсыз жала жабылған120 адам сотталып, оның шамамен 90-ы ауыр жазаға кесіліпті.

  • Қазақстандағы кәрістердің тарихы, міне, осылай басталады. Тарихтың осы беттерін, аумалы-төкпелі заманды, ауыр күндерді, арпалысқа толы өткенді ешқашан ұмытпаймыз. Біз қазақ халқына қарыздармыз. Өйткені сол қиын күндерді бастан өткерген үлкендер бізге өздері қоныс аударған кезде қазақтардың аштық жылдарынан кейін әлі есін жинай алмай жатқанын, оның үстіне сол жылдары саяси қуғын-сүргін басталып, қазақтардың асқақ рухы қайта жаншылғанын, тұрмыс-тірліктері соншалықты қиын болғанын айтқан еді. Осы қиындықтарға қарамастан,қазақтар өздеріне ашық қабақ танытып, бауырындай қамқорлық көрсетіп, құшағын жайып қарсы алғанын құлағымызға құйып өсірді. Қазақ халқының сын сағатта ата-бабаларымызды жатсынбай, бауырына тартып, төріне отырғызып, бір үзім нанды тең бөліскенін, тілеулестігін біз де кейінгі ұрпаққа үнемі айтып жүреміз, — дейді Константин Цхай.

Бүгінде елімізде 100 мыңнан астам кәріс ұлтының өкілі бейбіт тірлік кешуде (оның 1300-ге жуығы біздің облыста тұрады). Олардың арасында белгілі ғалымдар, өнер қайраткерлері, спортшылар бар. Кәрістер мемлекеттік органдарда да басшылық қызметтер атқарып жүр.

30 жылдағы белес

Бұдан тура 30 жыл бұрын, 1990 жылы «Қазақстан кәрістер қауымдастығы» қоғамдық бірлестігі құрылды. Мақсат — кәріс этносын көпұлтты қазақ халқының құрамдас бөлігі ретінде дамыту. Қауымдастықтың алғашқы басшысы белгілі  қоғам қайраткері, көрнекті ғалым Гурий Хан болды.

Қауымдастық осы жылдар ішінде өз жұмысын бір ізге түсіріп, жүйеледі, біраз шаруаларды тындырды. Мысалы, қазір оның өкілдіктері еліміздің 16 өңірінде бар. 2004 жылы Қазақстандағы кәрістер қауымдастығының 15 жылдығы қарсаңында Алматыда Кәрістер үйі еңсе тіктеді. «Коре Ильбо» республикалық газеті жарық көреді. Сондай-ақмемлекеттік академиялық кәріс музыкалық комедия театры жұмыс жасайды. 2017 жылы кәріс этносының 80 жыл ішіндегі қалыптасу кезеңінен сыр шертетін «Қазақстандағы кәрістер энциклопедиясы» басылып шықты.

1991 жылы Ақтөбеде облыстық корей ұлттық-мәдени орталығы құрылды. Арада төрт жыл өткеннен кейін аталған орталық Қазақстан корейлері қауымдастығының облыстық филиалы атанды. Өңірлік филиал кәріс ұлтының өкілдеріне кәріс халқының мәдениетін, тарихын, салт-дәстүрлерін үйретуге үлкен үлес қосып келеді. Сондай-ақ корейлер қауымдастық жанынан ашылған кешкі мектепте ана тілдерін үйреніп жатыр.

 Кәрістердің бастамасы

  • Қазақ халқы қандай құрметке де лайық. Қазақстандағы кәрістер қауымдастығының ұйытқы болуымен 2012 жылы Үштөбе (Талдықорған облысы) мен Оралда (Батыс Қазақстан облысы) қасиетті қазақ жеріне депортацияланған барлық ұлт өкілдерінің атынан «Қазақ халқына мың алғыс» монументтері орнатылды. Кейін бұл ізгі бастама басқа өңірлерде де жалғасты. Сондай-ақ Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай режиссер Сламбек Тәуекелдің «Жерұйық» фильмі түсірілді. Оның сценарийін жазғандар — Лаврентий Сон мен Сламбек Тәуекел. Мұнда сол бір ауыр жылдардағы тірлік, Қазақстан халқының достығы сипатталады. Сондай-ақ бұл фильм Үштөбе ауылында өскен Лаврентий Сонның балалық шағынан сыр шертеді. Бұл туынды кезінде Оңтүстік Кореяның астанасы Сеул қаласында көрсетіліп, ел ықыласына бөленген болатын.

Айтпағым, осы үлкен еңбектерге кәрістердің де қосқан үлесі қомақты болды. Сондықтан мұны кәріс ұлты өкілдерінің қазақ халқына ризашылығы мен алғысы ретінде қабылдауымыз керек, — дейді «Қазақстан кәрістер қауымдастығы» қоғамдық бірлестігі Ақтөбе филиалының төрағасы.

Ғалымның еңбегі

Физика-математика ғылымдарының докторы, доцент, профессор Константин Цхай 1943 жылы Қызылорда облысы Жаңақорған ауданына қарасты Төменарық ауылында дүниеге келген. Қызылорда педагогикалық институтын «Физика және жалпытехникалық пәндер» мамандығы бойынша тәмамдап, Мәскеу физика-химиялық ғылыми-зерттеу институтының аспирантурасында «Молекулярлық спектроскопия» мамандығында оқыған. Ұзақ жылдардан бері қазіргі Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде жемісті еңбек етіп келеді. Ол аталған білім ордасында оқытушы, деканның орынбасары, доцент, кафедра меңгерушісі, факультет деканы, оқу ісі жөніндегі проректор, бірінші проректор қызметін атқарды. Біршама уақыт С.Бәйішев университетінде еңбек етті. Ол — 60-тан астамғылыми мақаланың авторы.2007-2012 жылдары Ақтөбе қалалық мәслихатының депутаты болып сайланып, әлеуметтік-мәдени даму бағыты бойынша комиссияның төрағасы болды.

Константин Цхайдың әлеуметтік, ғылыми, мәдени саладағы еңбегі лайықты бағаланып жүр. «Ы.Алтынсарин»медалінің иегері. Сондай-ақ «Ерен еңбегі үшін» медалімен, Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік» медалімен,бірнеше мерекелік медальдармен марапатталған. 2016 жылы оған «Ақтөбе облысының құрметті азаматы» атағы берілді.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.