Білім

Темірхан Бердімұратов жүрегі  ғылым мен педагогика деп соққан жан еді…

Ақтөбе топырағының адал перзенті, Қазақ-орыс халықаралық университетінің ректоры, психология докторы, адам ресурстарын басқару саласындағы іскерлік әкімшілендіру докторы (DВА), профессор, Қазақстан Республикасы Педагогикалық ғылымдар академиясының академигі Темірхан Байбосынұлы Бердімұратов Қазақстандағы жоғары білімнің дамуына елеулі үлес қосқан азамат еді. Ол  еліміздің білім беру саласында өзін жаңашыл ғалым, ағартушы әрі бірегей инновациялық жобаларға идеялық серпін беруші ретінде танытты.

Темірхан Байбосынұлы 1951 жылы 17 қарашада Ақтөбе қаласында дүниеге келді. Ғылыми-педагогикалық қызметін облыстық білім басқармасында бастады. Аспирантураны бітіріп, кейін Швейцария елінен докторантураны тәмамдады.

Ғалымның студент жастарды оқыту мен тәрбиелеу төңірегіндегі тың ойларының іс жүзінде жүзеге асуы — оның 1994 жылы алғашқы мемлекеттік емес «Нұр» Ақтөбе менеджмент, бизнес және құқық институтының негізін салуымен басталды. Бұл оңай міндет болған жоқ, себебі сол уақыттарда аталған мамандықтар бойынша білікті кадрларды  даярлау ісі тек астаналық ірі жоғары оқу орындарында ғана жүргізілетін.

Көп кешікпей-ақ «Нұр» институты халықаралық компонент қосылған жаңа атауға ие болды. 1998 жылдың 21 тамызында бас оқу ғимаратының ашылу салтанатының құрметті қонағы болған Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев оқу орнын Қазақ-орыс халықаралық университеті деп атауды ұсынды. Бұл ұсыныс ХХІ ғасырға бағытталған Қазақстан мен Ресей арасындағы достық пен ынтымақтастық туралы Декларацияға сәйкес енгізілген еді. Осылайша, Қазақ-орыс халықаралық университетіне оның мәртебесі мен одан әрі даму жолын айқындаған үлкен құрмет – Мемлекет басшысының сенімі көрсетілген болатын.

2019 жылы университет өзінің 25 жылдық мерейтойын атап өтті, осы тұста 2 жаңа оқу-зертханалық корпусы ашылып, оның бірінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында «Ақтөбе кіндігі» атты бірегей мұражай ұйымдастырылды. Бұл мұражайдың ашылуы Ақтөбе қаласының 150 жылдығына арналған болатын.

Темірхан Байбосынұлы университеттің материалдық және оқу-әдістемелік базасын нығайтуға баса көңіл бөлді. Бүгінде университеттің атриум арқылы біріктірілген 5 оқу корпусынан тұратын біртұтас кампусы бар. Университеттің заманауи әдебиеттермен жабдықталған кітапхана кешені мен ғылыми ақпаратты трансформациялаудың электронды кросс-платформасы құрылымдық бөлімшесі осы бағыттағы баламасы жоқ жетістік еді.

Университеттің оқу корпустары айрықша архитектуралық тартымдылығымен ерекшеленеді және ол жоғары мектептің ең талғамды заманауи талаптарына  да  сәйкес келеді. Бұнымен қоса, университет корпустарының әр мүйісінен шығармашылық ерен еңбектің ерекше жылуы сезіледі. Атриум аумағында, өтпелдерде, университет корпустарында үнемі өзгеріп тұратын көрме алаңдарын, сурет галереяларын, монументтер мен мүсіндерді, интерактивті панельдер мен терминалдарды, нысандары бірнеше жүздеп саналатын стендтік және ақпараттық баннерлерді көруге болады.

Университеттің ғылыми бағытта табысты дамуы әйгілі ғалымдармен ынтымақтастықтың және әлемдік ғылыми орталықтармен, университеттермен құрылған іскерлік серіктестіктің негізінде ғана мүмкін болатыны белгілі. 1998 жылы КСРО экс-білім министрі, әйгілі ғалым, сол кезде Мәскеудегі халықаралық университет ректоры Геннадий Ягодиннің университетте болуы осының бір мысалы еді.

Мәскеу экономика, саясат және құқық институты, Мәскеу мемлекеттік экономика, статистика және информатика университеті, Оңтүстік Калифорния кәсіби білім беру университеті (АҚШ), Еуразия университеті (Швейцария) секілді оқу орындарымен серіктестік қарым-қатынас құрылуы да ілгері жетістік көрінісі болатын.

Сонымен қатар Швейцарии, АҚШ, Германия, Канада, Грекия, Ұлыбритания, Малайзия, Оңтүстік Корея, Индонезия, Израиль, Польша секілді алыс шетелдегі серіктестерімен бірлескен ғылыми-білім беру жобалары ақтөбелік университеттің халықаралық мәртебесін арттыра түсті.

2013 жылы Еуропалық бизнес-ассамблеясының ұйғарымымен біздің оқу орнымыз Europe Business Assembly нұсқасы бойынша «Үздік аймақтық университеттер» ресми халықаралық тіркеліміне енгізілді.

Темірхан Байбосынұлының бірегей инновациялық идеяларының нәтижесінде  2016 жылы университеттің оқу үдерісіне жобалық оқыту технологиясы енгізілді. Оқу жүйесіндегі жобалық технологияның мәні студенттің бойында оны өмірдің өзгермелі жағдайларына анағұрлым бейімдей алатын қабілеттерді қалыптасуға бағытталған.

Университетте бакалавриат, магистратура, докторантура бағдарламалары бойынша кадрларды дайындаудың толық циклі құрылды.

Темірхан Байбосынұлының жаңашыл идеялары оның «Педагогикалық технологияның кросс-пәндік моделі» және «Тілді оқытудың психологиялық-суггестивті технологиялары»  атты ғылыми еңбектерінде көрініс тапты.

Темірхан Байбосынұлы көптеген халықаралық атақтарды иемденді. Олар: Мәскеудегі Халықаралық университет профессоры (1998), Еуропалық университеттің азаматтық құқық (gonoris causa) докторы (Монтре, Швейцария, 2008), Халықаралық акмеологиялық ғылымдар академиясының корреспондент-мүшесі (Санкт-Петербург, 1997), Қазақстан-Швейцария бизнес клубының вице-президенті (2008), Еуропалық Ректорлар клубының мүшесі (2012), Еуропалық университеттің психология мамандығынан магистрлер мен PhD докторларды дайындау бойынша ғылыми жетекшісі, Мәскеу экономика, саясат және құқық институтының, Мәскеу халықаралық университетінің, Еуропалық университеттің  құрметті профессоры.

Ол «Астана», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Республикасының Конституциясына 10 жыл», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл», «Қазақстан Республикасының мәслихаттарына 20 жыл» медальдерінің, Еуропалық интеграция институтының Екатерина ІІ атындағы «Қоғамға пайдалы еңбегі үшін» медалінің,  инновациялық педагогикалық GPS-навигаторын ойлап тапқаны үшін  белгілі француз өнертапқышы Жан Антуан Шапталь атындағы алтын медалінің (Париж, 2011) иегері еді.

Сонымен бірге Еуропалық  Қауымдастықтың «Еуростандарт» халықаралық сыйлығының лауреаты (Швейцария, Берн, 2004), Сократ атындағы «ХХІ ғасырда қоғамның зияткерлік дамуына қосқан жеке үлесі үшін» халықаралық марапат иегері (Оксфорд, Ұлыбритания, 2007),  Халықаралық Сократ комитетінің ғылыми зерттеулер саласындағы «The name in science» (Ғылымдағы есім) сыйлығының лауреаты (Оксфорд, Ұлыбритания, 2010) болды.

«Ұлттар достығы», «Қазақстан даңқы» ордендерімен, ҚР Тұңғыш Президентінің Алғыс хаттарымен марапатталды. «Даңқ галереясы» номинациясы бойынша «Үздік адамдар» Үлкен Халықаралық Энциклопедия Кеңесі Президиумының дипломымен (2011), 2013 жылы «Үздік ғалым» сертификатымен және университет басқарудағы жетістіктері үшін Оксфорд университеті Халықаралық Бизнес Ассамблеясының «Жыл Менеджері» төсбелгісімен марапатталды, ал 2015 жылы Дүниежүзілік Бизнес Конфедерациясының «World confederation of businesses» – 2015 жылдың Әлемдік бизнес көшбасшысы айрықша бизнес-марапатының иегері болды.

2016 жылы ол мемлекеттік және қоғамдық қызметі, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына қосқан елеулі үлесі және халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтқаны үшін «Құрмет» орденімен марапатталды.

«Ұлттық бірлік» қоғамдық бағдарламасының ұйымдастыру комитеті Ресей Федерациясы Мемлекеттік думасының, Ресей Федерациясы Сауда-өнеркәсіп палатасының, Еуразиялық экономикалық комиссиясы кеңесінің, Ресей Өнеркәсіпшілер мен кәсіпкерлер одағының қолдауымен «Признание» халықаралық сыйлығымен 2016 жылы Темірхан Байбосынұлын марапаттауы университет ұжымы үшін үлкен мақтаныш болып еді.

Көз алдымызға осындай жұлдызды тізімді елестете отырып, осының барлығы бір адамның қолымен атқарылды ма деген ой келеді. Иә, осының бәрінің иегері бір адам, ол — Темірхан Байбосынұлы Бердімұратов. Ол осыны қалай үлгерді? Жүзеге асырылған ерекше идеяларының қозғаушы күші не? Бұл жерде жауап біреу ғана — оның шығармашылық  шабытының шарықтауына күш берген оның ізгі ниеті, алға ұмтылған арманы болды, оның өзіндік ерекшелігі арманын идеяға, ал оны нақты айқын мақсатқа, ал мақсатты өмірлік ісіне айналдыра білді.

Темірхан Байбосынұлымен белгілі бір уақыт аралығында бірге жұмыс істеп, оның ерекше табиғатын таныған әр ғалым, оқытушы, қызметкер бір адамның бойында дарынды басшы, заманауи жетекші, көшбасшы, ерекше ғалым, тәлімгер, көреген жетекші, өнертанушы, шығармашылық атаулының жанкүйері, үздік бестселлер-кітаптардың білгірі, зияткерлік еңбекті, мәдениет пен этикалық тәрбиені жоғары бағалаушы секілді қанша маңызды қасиеттер әдемі үйлесім тапқанына таңғалатыны сөзсіз. Бұл — үздіксіз ынталанып еңбек ету мен үнемі өзін-өзі жан-жақты дамытуды, өз ісіне деген адалдықты, таным мен шығармашылыққа, жасампаздыққа деген шексіз сүйіспеншілікті тоғыстыра білген феноменді Тұлғаға тән ерекшелік.

Жиырма алты жыл бойы үздіксіз басшылық еткен Қазақ-орыс халықаралық университеті — Темірхан Байбосынұлының өз туындысы, өз қолтумасы. Осындай терең ойшыл, жаңашыл ғалымның университет ашып, өмірдегі ең  ізгілікті іс — зияткерлік Тұлғаны қалыптастыру ісімен айналысқаны қандай керемет әрі көңілге ерекше ризашылық сезімін сыйлайды…

Қазақ-орыс халықаралық университетінің профессорлар-оқытушылар құрамы мен қызметкерлері университет ректоры Темірхан Байбосынұлы Бердімұратовтың жарқын бейнесін мәңгі есте сақтай отырып, рухының ризалығы үшін оның ісін одан әрі жалғастырмақ.

Қазақ-орыс халықаралық университеті ұжымы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button