Спорт

Айырма 5 ұпайға қысқарды

30 қыркүйекте футболдан Премьер-лиганың 27 туры болып өтті. Бұл турды ақтөбеліктер Атырауда өткізді.

«Атырау» алаң иесі ретінде ойынды әдеттегідей шабуылмен бастады. Кейбір жағдайларда кәдімгідей қауіп төндірді. Жарты сағаттай қорғаныста жүрген жерлестеріміз бір сәтте дүр сілкінді. 31-минутта Мұрат Тілешев алаң иелерінің қақпашысы Шабановты қапы қалдырды. Арада үш минут өткенде Марат Хайруллин тағы бір гол соқты. 39-минутта Тілешев өзінің осы ойындағы екінші голын соғып, есепті 3:0-ге жеткізді. Ал екі минуттан соң Андрей Карпович төртінші голдың авторы атанды. Осылайша жерлестеріміз ойын тағдырын матчтың бірінші кезеңінде шешіп қойды.

Дегенмен ойынның соңына таман 86-87 минуттарда атыраулықтар Георгий Пейкришвили мен Виорел Фрунза бірінен соң бірі екі голды біздің қақпаның торында тулатты. Ал ойынның соңғы сәтінде Евгений Аверченко нүктені қойды. Осылайша «Ақтөбе» 5:2 есебімен ірі жеңіске қол жеткізіп, алтынға деген үмітті жақындата түсті.

Бұл турда чемпиондықтан негізгі үміткер Қостанайдың «Тобылы» Астанада «Локомотивпен» 0:0 есебімен тең ойнады. Қола медальдан әлі де қол үзе қоймаған Павлодардың «Ертісі» Қарағандыда «Шахтермен» ұпай бөлісті, есеп — 1:1.

27 турдан соң «Тобыл» 55 ұпай жинады. Сырт алаңдағы кезекті жеңістен соң «Тобылмен» арадағы ұпай айырмашылығын 5 ұпайға дейін қысқартқан ақтөбеліктер алтынға қол созуда. Үшінші орындағы «Локомотивтің» қоржынында 45 ұпай бар. Ал павлодарлықтардың астаналықтардан бір ұпайы кем. Дегенмен чемпион мен жүлдегерлер қалған бес ойыннан кейін белгілі болады.

Мергендер көшін 14 гол соққан Ұлықбек Бақаев («Тобыл») бастап келеді. Тағы бір қостанайлық, команда капитаны Нұрбол Жұмасқалиевтың есебінде 12 доп бар. Атырауда дубль жасаған Мұрат Тілешев пен павлодарлық Георгий Даскалов 10 голмен 3-4 орындарды бөлісуде.

Бердібай КЕМАЛ.

Тоғызқұмалақ

Алтынға сәл жетпедік

Қыркүйектің соңында Ақтау қаласында тоғызқұмалақтан Қазақстан Республикасының командалық чемпионаты болып өтті. Оған еліміздің барлық облыстарының және Астана, Алматы қалаларының командалары қатысты. Біздің облыстың намысын спорт шеберлері Нұрбек Қабиев, Алмагүл Такишева, Медет Құсайынов және спорт шеберлігіне үміткерлер Аманбек Өндірбаев, Гүлсара Қойшыман, Гүлсезім Көптілеу қорғады.

Біріншілік барысында жеті команданы негізінен ірі есептермен жеңіп, жамбылдықтармен 3:3 есебімен тең ойнап, Маңғыстау және Оңтүстік Қазақстан облыстарына есе жіберген жерлестеріміз Қазақстан чемпионатының күміс жүлдесін жеңіп алды. Павлодарлықтар ел чемпионы атанды. Ал 3-4 орындарға Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстарының командалары ие болды.

Айта кету керек, чемпионат барысында ақтөбеліктер ел чемпионы болған Павлодар, Қызылорда облыстарының командаларын 3,5:2,5 есебімен ұтқан болатын. Алтын медальға таласқан біз үшін ең өкініштісі маңғыстаулықтардан ұтылып қалғанымыз болды.

Қабидолла НҰРШИН,

тоғызқұмалақтан облыстың аға жаттықтырушысы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button