Жеңіс

Жеңіс күнін жақындатқан

Жеңіс-75

Қазіргі Мұғалжар ауданындағы Бұлақ ауылында дүниеге келген Өтеш Жалмағамбетов 1932 жылғы ашаршылық кезінде әке мен шешеден айырылып, жетім қалды. Әуелі балалар үйінде тәрбиеленіп, одан кейін Ақтөбе қаласындағы интернатқа қабылданды. Соғыс басталған жылы ол он жеті жастағы бозбала болатын. «Жасы 18-ге толғандарды майданға ала бастады. Біз сияқты жасы толмағандар үшін ұшқыш немесе танкист курстарына жазылуға болатынын айтты. Содан ұшқыштар даярлайтын курсқа баратын болдым», — дейді ол сол бір кезді еске түсіріп. Алайда оның ұшқыш болу талабы орындалмады. Әскери комиссариат сәл кейінірек Орынбор облысының Ақбұлақ поселкесіндегі радио-телеграфистер курсына жіберді.

Ендігі әңгімені біз майдангердің өз аузынан тыңдасақ…

1943 жылдың ақпан айында Сакмара өзенінің бойындағы жертөле казармаға апарып, бір полктің байланысшылары сым желісі жұмысымен таныстырды. Сол арада Жаңажолдың азаматы, жерлес Жанораз Құрманбаевпен таныстым. Енді осы Сакмарада сәуірге дейін болдық.

Сокольникиден мамырдың соңында қозғалып, 930-айрықша байланыс батальоны құрамында Псков облысы Старый Оскол деген стансадан түстік.Соғыстың болып кеткен жері екен. Соғыстың дүмпуі естіліп жатты. Онша қашық емес екен. Осы деревняда жеті күндей болдық. Неміс самолеттері біздің үстімізден ұшып, тылға қарай бомбы тастауға өтеді.

Біздің барған жеріміз далалық майдан аталады екен. Белгород-Харьков бағыты. Артынан 1-ші Украина майданы деп аталды. Командашы — маршал Конев.

Айнала жазық. Түс мезгілінде немістің «Мессершмит» жеңіл самолеті листовка қағаз шашып кетті. Екі тілде жазылыпты. Біз алып оқып, жыртып тастадық. Бірақ сол күні түнде бір-екі солдат жоқ болып шықты.

Бұл бағытта ұрыс қатты жүріп жатты. Кешкі уақытта солдаттар жаяу, мойындарына шинель буылған, қару-жарағымен топ-топ, лек-легімен кетіп бара жатады. Келесі күні түске жуық солардан жеті-сегізі ғана жарақаттанып, басын, қолын ақ марлімен байлап шыққанын көресің.

Орел-Курск шайқасы. Осы тұстаОрел қаласының бағытына неміс армиясын топтастыру жүргізіліп жатты. Содан кейін ортада Курск, Воронеж, Тула — Кеңес армиясын қоршауға алу көзделді.

Сонымен екі жақ бір-бірінен тіл алып, аңдысты. Неміс армиясы артиллериялық әзірлікті 5-6 шілдеде бастайды деген хабар жетті.Сол күні олардан бұрын біздің армия келіп тұрған артиллерия, миномет, катюшалардан екі сағат бойы үзбей атты. Сонда біздің жақ қарсыластардан жарты сағат бұрын қимылдапты. Екі сағаттан кейін вермахт армиясы қалған жарақты қаруларымен қарсы шабуылға шықты. Әуеде самолеттер бірімен-бірі атысып, бірсыпырасы жанып түсіп жатты. Біздің бір ат-арба байланыс құралымен минаға ұрынып, екі ат-арбасымен алдыңғы екі дөңгелегін алып қашып жөніне кетті. Ат айдаушының бірі жарақат алды. Штаб бастығы майор Красильников оны бес шақырым жердегі далалық санбатқа апаруды маған тапсырды.

Прохоровка деревнясында екі жақтан 1000-нан астам танкілер шоғырланып, темір мен темірдің нағыз шайқасы басталды. Біздің танкілердің сапасы шамалы екені білініп тұрды. Сонымен тәуліктен астам уақыт бойы тынымсыз ұрыс болды. Осы жерде немістің 600-ден астам танкісі істен шықты.

Алтыншы шілдеде немістің күші басым болғанымен, ілгері жылжи алмады. Одан кейінгі уақытта біздің армия он екі шақырымға кейін шегінді.

5 тамызда Белгород қаласы жаудан азат етілді. Сонда бірінші салют берілді. Осы қадамға байланысты Сталиннен Алғыс хат келді.

Алтыншы шілдеде ұрыс басталғаннан кейін тынбай жауды шегіндіріп отырдық. Шілденің аяғында Украина жеріне келіп кірдік. Елу күндей шайқаста екі жақтан да адам шығыны өте көп болды.

1943 жылдың қазан айы. Харьков, Полтава қалаларынан кейін Днепр өзеніне жақындадық. Өзеннің енсіз деген жерінің өзі — 400-450 метр. Кременчук қаласының маңында өзенге жақын бекіністе, окопта Жанораз екеуміз болдық. Судың жағасы 200 метрге тартылған, жағасы құм. Окоп сусылдай құлайтын болды. Содан қапталын шілік тоқып, талдан екі жақ бетін қымтаған болдық. Немістер өзеннің арғы бетінде, оң жағалауда, биікте орналасқан. Біздер алдыңғы барлаушы-бақылаушы пунктінде байланыстамыз. Қасымызға снаряд келіп түсіп жатады.

Арт жақтан келе жатқан көлікті немістер зеңбірекпен атқылап жібермей қояды. Тамақ таратушы арбаны атқылап, адамдарын өлтіріп қойған кездер де болды. Екі-үш күн құрғақ тамағымыз да таусылып, аш жатқан күндер кездесті.

Күз айы. Окоптың іші салқын. Окоптың ішіне, бұрышына труба, тесік шелек секілді нәрселерді бір-біріне жалғап, от жағамыз. Осы Днепр өзенінің жағалауында бір жарым айдай болдық.

1943 жылдың қараша айы. Қасымда Соловьев, Солинин бұрын балықшы болған, қайық есуді жақсы білетін жігіттер бар, біздерге Днепрден қайықпен өтіп, алдыңғы шепке байланыс желісін жүргізу тапсырылды. Түннің ішінде сағат екі-үш шамасында өзенге түстік. Немістер өзеннің үстіне прожектор түсіріп, бақылап отырады. Көңілімізді жұбатататын — қалайыдағы түтін шығарғыш. Соған сенеміз. Оны жарып отыру керек. Сонда бізді көрсетпей, айналаны тұмандатып тұрады.

Сонымен, сағатқа жуық уақыт қайықпен жүзіп, арғы беттегі бақылау пунктіне жеттік. Аман-есен байланыс орнаттық. Осы міндеттерді абыроймен орындағаннан кейін батальон командирі В.А. Ткачук біз үшеумізді «Ерлігі үшін» медаліне ұсынды.

Қараша айының соңғы күндерінде немістерді шегіндіріп, Кировоград облысы аумағына кірдік. Майданды одан әрі ілгерілетуге біздің армияның қатары азайды, Курск шайқасында шығын көп болды.

1943-1944 жылдың қысында біздің армия Звенигородка мен Шпола деген деревняда болдық. Қыс қатты болды. Украиндар үйді «хата» деп атайды. Жылы болу үшін хатаның сыртын қамыспен қоршадық. Біздің міндетіміз — жауды қоршаудан шығармай, тұтқынға алу. Түн мезгілінде неміс самолеті ұшып келіп, қару-жарақ, азық-түлік тастайды. Аңдып жатып, немістің қолына түсірмеуге тырысамыз. Фельдмаршал Штейман әскерін қоршаудан шығара алмағасын ызаланып, өзін-өзі атып өлтірді. Шайқас 45 күндей болды. Немістің 100 мыңға жуық солдат-офицерлері тұтқынға алынды.Осы кезеңде мен «Қызыл Жұлдыз» орденін алдым.

Звенигородка деревнясында Шарий деген украин жігіті екеуміз аппаратымыз бар, бір үйде байланыста болдық. Бақылау пункті жақын. Немістің «Юнкерс» самолеті екі-үш рет келіп, штабқа бомбы тастады. Содан бізге командирлер айтты: «Осы деревняда немістің радисі болу керек, соны қадағалап, қалайда қолға түсіру керек».

Біздің байланыс құрған үйімізде украин әйелі 8-9 жасар қызымен тұрады. Біз — екеуміз. Біздің тамағымыз одан бөлек. Үйге жалғастырып салынған мал қорасы бар. Қорадағы сиырды түнде сарайдың бір бұрышына байлайды, ал күндіз бір шетіне апарып тұрғызады, яғни орнын алмастырып тұрады.

Әйел қайта-қайта сарайға бара береді. Шарий сезіктенді. «Осы тегін емес, сарайда подвал болу керек шамасы, мен мұны білмеген болып аңдиын, сен мынааппаратқа ие бол» деді.Сонымен, аңдуға кірісті. Өздері екеуі болса да, әйелдің асып жатқан тамағының көлемі де көбірек.

Аңдып жүрген Шарий бірде:«Сарайда біреу болу керек подвалда, автоматты алып, бері кел», — деді. Екеуміз қаруымызбен сарайға кірген кезде біреулерге еңкейіп тамақ ұсынып жатқан әйелді көрдік. Ол бізді көріп сасып қалды. Жалма-жан екеуміз де автоматымызды кезеп, подвалдың аузына барып, немісше «қолдарыңды көтеріңдер, мында шығыңдар» деп айқайладық. Сөйтіп немістің 2 радисін қолға түсіріп, штабқа алып бардық. Содан кейін самолет те бомбылауын қойды. Келесі күні алға, басқа деревняға ауыстық. Штаб бастығы майор Красильников Шарий екеумізді «Қызыл Жұлдыз» орденіне ұсынды.

Немістер украин халқына көп зәбір берді. «Партизандарды жасырасыңдар» деп шал-кемпірлерді дарға асты. Жастарын неміс жерінде жұмыс істету үшін топ-топ қылып, ұрып-соғып айдады. Еш аяушылық болмады. Мен солардың бәрін де көрдім.

1944 жыл. Сәуір айының басы. Молдавия жеріне пасха мейрамы мезгілінде кірдік. Немістер Прут өзенінің арғы бетінде, өзеннен 3 шақырым жерде, Румыния жерінде болды.Біздің 930 айрықша батальон байланыс бөлімі Прут өзеніне 1,5 шақырым Менделин деревнясында орналасқан. Румынияның екінші қаласы Яссы қаласы Прут өзеніне 30 шақырым қашықтықта.Кишинев пен Яссы аумағында немістің 17 дивизиясы қоршауда болды.Сәуір-тамыз айларында осы әскерді қоршаудан шығармай, тұтқынға алу міндеті тұрды алдымызда.

Прут өзені бойындағы Менделин деревнясында тұрғанда, 1944 жылдың тамыз айында Өзбекстаннан бір топ адамдар келіп, концерт қойды. Солардың арасында қазақтың талантты қызы Роза Бағланова да бар екен.

1944 жылдың қазан-қараша айларында Чехия жеріне кірдік. Чех халқы алдымыздан он бес шақырымдай жерден шығып, тағамдарын, нан-тұзын, ішімдіктерін ұсынды.Мен командиріміз Аркадий Ткачуктің күрең қасқа атының үстінде келе жатыр едім, олар мені ат үстінен көтеріп алып, қолпаштап аспанға қақпақылдады.

Біздің бағытымыз — Братислава қаласы. Соның сол жақ батысында 15-20 шақырым қашықтықта орналастық. Штабымыз осы қалада болды.Мен атпен штабқа құпия пакет тасып тұрдым.

Чехословакия жерінде үш-төрт айдай болдық. Ендігі алдағы баратын жеріміз — немістің жері. Германия шекарасы жақын.

Румынияның Яссы қаласының маңында топтасқан қоршаудағы румын, венгр, итальян армиялары тұтқынға алынды. Немістер көп қарсылық ете алған жоқ.Румыния жерінде жүз мыңға жуығы тұтқынға берілді. Хущи қаласында біздің батальонның байланыс бөлімін пойызға мінгізіп, Польша территориясына кірдік.

1944 жылдың қыркүйек айы. Висла өзені Баранау қаласы маңынан платформаға тиеліп, өзеннен өттік. Күздің күні Майданек деген лагерьге келдік. Немістер кеңес армиясының 22280 адамын крематория-пешке салып өртеген жері екен. Лагерьдің жан-жағы сым темірмен қоршалған. Төрт жағында төрт қарауыл итімен тұрады. Лагерь аумағы 2-3 гектардай жер. Жақында ғана немістер осы арадан шегініп кеткен екен.

Польша жерінде орман көп, ағаш көп. Люблин қаласын босатқан соң ар жағында Сан өзенінен өттік. Сандамиров қаласы Варшаваға жақын. Сол маңда немістердің топталған армиясы қоршауда қалды. Осы қоршаудағы армияны шашау шығармай қолға түсіруге біздің армияны қалдырды. Бұл қоршауды жүзеге асыруға қатыстым.

1944 жылдың қысында неміс армиясы шегінумен болды. Польша жері түгел тазартылды. Сандамировкадан кейін немістерден еш қарсылық болмады.

1945 жылдың қаңтары. Неміс шекарасының қай жері екені есімде жоқ, дүмпілдетіп аспанға оқ атып кірдік. Шекарада үлкен шайқас болған екен, біздің ақ халат киген барлаушылардың қаза тапқанының куәсі болдық, олардың денелерін арнаулы бригада жинап алды.

Бұл келе жатқан бағытымыз — Одер мен Эльба деген өзеннің тұсы екен. Деревнялар арасының қашықтығы 5-6 шақырымнан, тығыз орналасқан. Деревня қаңырап қалған, неміс тұрғындары көрінбейді.

Немістер қарсыласуды азайтты, тек шегінумен келеді. Біздің армия оларды өкшелетіп қуумен келеді. Осылайша қарқынды жүре отырып бірсыпыра деревнялардан өтіп, Лигнец деген деревняға түннің бір уағында ендік. Осы деревняның шет жағында демалып шыққаннан кейін мені мен Никитин деген байланысшыны бақылаушы ретінде сонда қалдырды. Қалған байланысшылар басқа жаққа ауысты.

Деревня шағын, алдыңғы соғыс желісі де қашық болмады. Бізге белгіленген үйдің екінші қабатына байланыс құралдарымызды — телефон-рациямызды құрып алдық.

Жайғасқаннан кейін Никитин байланыста қалды, мен деревня аралауға шықтым. Көше бойынан немістің қара ала сиырларын айдап, жинақтап жүрген өзіміздің бір жауынгерді көрдім. Ол деревняның шет жағында поляк әйелдерге сиырды сауғызып, майдан шебіндегі солдаттарға жеткізіп тұрады екен. Мен солдатпен келісіп, бір сиырды алып, сарайға ұстап, өзіміз сауатын болдық. Осы жерде ай жарым тұрып, сүтке қарық болдық.

Майдан шебі жақын болғандықтан ба, снарядтар ауламызға түсіп жататын болды.

1945 жылдың наурыз айында ілгері жылжыдық.

Одер деген үлкен өзеннен еттік. Біздің бағытымыз — Дрезден қаласы, Эльба өзенінің бойында. Бұл — немістің Берлиннен кейінгі өндірісті қаласы. Біздің армияның жартысы оң қапталдағы Берлинге қарай, екінші бөлігі Дрезден бағытын ұстанды. Біздің 1-Украина майданының командашысы — маршал Конев.

Соғыс 9 мамырда аяқталды, дегенмен, біздің әскерлер 20 мамырға дейін қолдарынан қаруларын тастаған жоқ. Эльба өзеніне жақын Торгау деревнясында ағылшын-американ армиясы кездескен соң ғана Жеңіс дәмін сезініп, демімізді бір алдық.

1945-1946 жылдың қысын мен Батыс Украина жерінде өткіздім. Бұл уақытта да қауіп аз болған жоқ. Осы аймақта байланыс қызметін қамтамасыз етіп тұрдық.

1947 жылдың наурыз айында ғана елге қайтуға жоғарыдан бұйрық шықты. Мен сәуір айында келдім.

Мәскеуден Қазан вокзалынан мініп, Жұрын ауданындағы Ізімбет стансасынан түстім. Содан жол қапшығымды арқалап, Қаракөл-Орқаштан бір-ақ шықтым. Шамалы демалып, жұмысқа қосылдым.

* * *

Осыдан бес жыл бұрын Астанадағы Жеңіс шеруіне қатысқан ардагер жақында ғана тоқсан алты жасқа толды. Ғасыр биігіне көз салып тұрған ақсақал ұрпағының ортасында алып бәйтерек секілді айбынданып көрінеді.

Жеңіс күнін жақындатқан асыл ата өнегесі алда да өрістей беретін болады.

Балнияз ӘЖНИЯЗОВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button