Жаңалықтар

Ұлы ойшылдың есімі ұлықталды

Әл-Фараби-1150

Пандемияға қарамастан, жер-жердегі ғалымдар да жоспарлы шараларын жалғастырып жатыр. Соның бір көрінісі ретінде С.Бәйішев университетінің ұйымдастыруымен өтіп жатқан халықаралық конференцияны айтуға болады. Ұлы ойшыл Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығына арналған онлайн-конференция «Жастар және ғылым: бүгіні және келешегі» деген тақырыпты қамтиды. 

Осымен 5-ші рет өтіп жатқан дәстүрлі конференцияның биылғы форматы бөлек. Дүниежүзін жайлаған вирусқа байланысты бұл жолы қашықтан өтіп жатыр. Университеттің арнайы онкүндігі аясында қолға алынған ғылыми-практикалық конференцияға АҚШ, Ресей, Өзбекстан, басқа да елдердің ғалымдары мен жас талаптары қашықтан, яғни бейнебайланыс арқылы қатысуда. Ал пленарлық отырыста олар электронды білім берудің өзекті мәселелері, логикалық-мағыналық типтегі көрнекі дидактикалық реттеулердің қажеттілігі, лингвоэкологияны зерттеу, Қазақстанның банк жүйесін цифрландыруға қатысты баяндамаларды тыңдап, гранттық ғылыми зерттеудің нәтижелері жөнінде ой қозғайды. Ұзын саны ғалымдар мен білім алушылардың 90-нан астам ғылыми баяндамасы ұсынылды.

Онлайн-конференция аясында 4 секция жұмыс істейді: «Экономика, ауыл шаруашылығы, экология, басқару және құқық дамуының инновациялық тәсілдері: іргелі және қолданбалы аспектілері»; «Электрондық білім беру және қашықтан білім беру технологиялары»; «Қазіргі педагогика, психология және  басқа да гуманитарлық ғылымдар: теория және практика»; «Техникалық ғылымдар, технологиялар мен қызметтердің өзекті мәселелері: үрдістер мен қазіргі заманғы бағыттар».

– Аталған конференцияны ғылыми қоғамдастықтың ақпарат алмасуының, халықаралық ынтымақтастықты дамытудың, Бәйішев университетінің әлемдік ғылыми ортаға кірігуінің өзіндік алаңы десек болады. Қалыптасқан жағдайға қарамастан, қатысушыларымыз көп. Олардың саны 130-дан асады. Студенттеріміз және бар. Тақырып бойынша педагогика ғылымдарының докторы, профессор,  Башқұртстан Республикасының Білім, мәдениет, жастар саясаты және спорт комитетінің төрағасы Раиль Асадуллин, экономика ғылымының докторы, профессор, Орлов мемлекеттік экономика және сауда университетінің проректоры Ирина Воронкова сынды қонақтар сөз сөйлейді.  

Zoom, Google Meet, Cisco Webex платформаларының көмегімен құрылыс саласындағы инновациялық жобалар мен дизайнерлік шешімдердің көрмелері, киімдер таныстырылымы, түркі-қазақ  ғалым-зерттеушілерінің қатысуымен семинарлар өтеді. Бұл іс-шаралар магистранттар мен студенттерге қызықты болары сөзсіз, — дейді PhD доктор, С.Бәйішев университетінің проректоры Ольга Лыгина.

Осы аптаның соңына дейін жалғасатын онлайн-конференцияның жұмысымен кез келген қызыққан адам университеттің ресми сайты арқылы таныса алады: www.vuzbaishev.kz

Айта кетейік, С.Бәйішев университетінде қазіргі таңда 3 мыңнан астам білім алушы оқиды.

Айбек СЕРІКҰЛЫ. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button