Абай — 175

Эстафета жолдады, онлайн-дәріс өткізді

Елімізде төтенше жағдай жарияланғаннан бері Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің филология факультеті Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына орай онлайн форматта көптеген іс-шаралар ұйымдастыруда.

Атап айтсақ, филология факультетінің белсенді студенттері zhubanov_Filfak инста- парақшасында ұлы ақынның өлеңдерін жатқа оқудан эстафета өткізіп, бір-біріне белсенді түрде жолдап жатыр.

Сондай-ақ өткен аптада университетте өткізілген ғылым апталығы аясында қазақ әдебиеті кафедрасының профессоры, филология ғылымдарының докторы Абат Пангереев ұлы ақынның 175 жылдығына орай «Абай мұрасының өміршеңдігі» тақырыбында ZOOM платформасы арқылы онлайн-дәріс өткізді. Дәріске филология факультетінің студенттері, магистранттары, докторанттары, сондай-ақ кафедра оқытушылары қатысты.

Апталық аясында қазақ әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы, филология магистрі Рита Жұмағалиева «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының 3-курс студенттеріне филология ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА академигі, абайтанушы ғалым Мекемтас Мырзахметовтің 90 жылдық мерейтойына орай «Абайтанудың абызы» атты әдеби-танымдық онлайн-басқосу өткізді.

Шараға студенттермен бірге филология факультетінің деканы Күлзат Садирова, кафедраның профессор-оқытушылық құрамы қатысып, белгілі абайтанушы ғалымның ғылыми пікір-көзқарастарын ортаға салып, өзара ой бөлісті.

Гүлжан ТӘҢІРБЕРГЕНОВА,

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік

 университетінің филология факультеті

қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button