Денсаулық

Індет жұқтырғандар саны 18 адамға жетті

17 сәуір күні Ақтөбе қаласында коронавирус инфекциясын жұқтырған төрт адам тіркелді. Жалпы облыста індет жұқтырғандардың саны 18 адамға жетті. Оның ішінде үш адам толық айығып, үйіне шығарылды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиевтің айтуынша, соңғы тіркелген төрт адамның үшеуі індет жұқтырған 14-інші науқастың туыстары, яғни қызы мен екі немересі. Бұлар коронавирус жұқтырған ата-әжесінің үйіне бірнеше рет қонаққа барған.

-Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы тұрғындарға үйден шықпауға кеңес беріп жатырмыз. Алайда ескертуге құлақ аспайтындар бар. Ағайын-туыс болғанның өзінде де бі-біріне баруды  тоқтату керек. Сақтық шараларына салғырт қарағанның соңы осындай жағдайға әкеліп отыр. Әзірге облыста эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Алайда қауіпсіздікті күшейтуіміз керек. Сонда ғана аурудың алдын аламыз,оның таралуына жол бермейміз. Тұрғындар осыны ескеруі керек. Бұл  —  қауіпті жұқпалы ауру, — деді Әсет Қалиев.

Ал төртінші науқас қылмыстық ісі бойынша қамауға алынып, сол кезде індет жұқтырғаны анықталған. Эпидемиологиялық зерттеулер кезінде оның ата-анасының үйі коронавирус жұқтырған науқастың үйімен көрші екені белгілі болды.

Қазіргі таңда ауру жұқтырған адамдар облыстық жұқпалы аурулар стационарының бокс палатасына жатқызылды, науқастардың жағдайы бірқалыпты. Бекітілген хаттамаға сәйкес тиісті емдік шаралар жасалып жатыр.

Науқаспен қарым-қатынаста болған адамдар анықталып, барлығы медициналық бақылауға алынуда.

Инстаграм әлеуметтік желісі арқылы тікелей эфирге шыққан басқарма басшысына тұрғындар сұрақ қойды. Барлық сауалға толық жауап берілді.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button