Пікір

бізге керегі — бірлік пен тәртіп

Кенжеғазы БАЙҒАЗИН,

Ақтөбе облысының құрметті азаматы, Қазақстан Республикасының білім беру ісінің үздігі

Елбасымыз  Нұрсұлтан Назарбаевтың «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған  «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» деген  қазіргі пандемиямен ұласқан жаһандық экономикалық дағдарыс  кезіндегі жағдайды саралаған мақаласын мұқият оқып шықтым. МұндаЕлбасы: «Жаһан жұртшылығын  әбігерге салған  пандемия бүкіл әлемде жаңа экономикалық дағдарыс туғызды. Алып кәсіпорындардың жұмысы тоқтады, көлік атаулының қозғалысы шектелді. Мұнайдың бағасы құлдырады. Ел мен ел арасындағы шекаралар жабылып, алыс-беріс тыйылды. Мұның бәрі  бұрын-соңды болмаған  аса ауқымды рецессияға әкеліп соқтырып,  жұмыссыздықты көбейтіп отыр», — деп қазіргі  ахуалды ашық саралаған.

Мақаланы оқи отырып, 1990 жылдардың басындағы Алға балалар үйіндегі жағдай есіме түсті. Мен сол жылдары осы мекемені басқаруға келгенімде, елде жұмыс тоқтап, кәсіпорындар жабылып, жұртшылық бірнеше ай бойы еңбекақыларын ала алмай жатқан қиын кез еді. Біз шағын ұжым болсақ та, осындай қиындықты темірдей тәртіп пен ауызбіршілік, татулық арқасында жеңіп шықтық. Сол кездері балалар үйінің  тәрбиешісінен бастап, күзетшісі, тіпті асхана қызметкерлеріне дейін жұмыскерлігіміздің, адалдығымыздың, балаларға деген шексіз мейіріміміздің, ауызбіршілігіміздің арқасында облыс көлемінде ғана емес, тұтас республикадағы алдыңғы қатарлы  ұжымға айналдық. Ең бастысы — сол уақытта  тәрбиелі, отансүйгіш, өнегелі  балалар тәрбиелеп шығардық.  Сол жылдардағы 5-6 жастағы балаларымыз қазір 40-қа жақындап қалды. Олар бүгінде   еліміздің түкпір-түкпірінде әр салада еңбек етіп, отбасын құрып, саналы ұрпақ тәрбиелеп жатыр.

Осы күнгі қиындық сол кездің қиындығымен салыстырғанда түк те емес. Қазіргі жағдай – жаһан жұртшылығының бәрінің басына келіп отырған сынақ. Біз де осы уақытша  сынақтан ауызбіршілігіміз бен темірдей тәртіп, еңбекқорлығымыздың арқасында абыроймен шығамыз деп ойлаймын. Және оған сенімдімін.

Басқа жаңалықтар

Back to top button