Ар-намыс кодексі кімдер үшін жазылған?
Президентіміздің 2005 жылғы 3 мамырдағы Жарлығымен мемлекеттік қызметшілердің «Ар-намыс» кодексі қабылданған болатын. Бұл кодексте мемлекеттік қызметшілер сақтауға тиіс талаптар көзделген.
Бүгінгі күнгі мемлекеттік қызметшілердің жұмыс орындарында киім киістері, адамдармен қарым-қатынастарда өздерін ұстауы және мемлекеттік тілде сөйлей білмеуі көпті алаңдатарлық мәселе. Әрбір мемлекеттік қызметші мемлекет тарапынан ерекше сенім білдірілген соң Кодекс талаптарын міндетті түрде сақтауы, ұстануы тиіс
Мемлекеттік қызметтің не екендігін әлі толық түсініп-білмеген, мемлекеттік органды жеке фирмаларындай, өздерін осы фирмалардың «қожайындарындай» сезініп, алдына келген адамдарға дөрекі жауап беретін мемлекеттік қызметшілер де жоқ емес. Тәртіптік кеңес хатшылығына осындай қызметшілердің іс-әрекеттеріне наразылық білдірген 35 арыз түсті. Оның ішінде мемлекеттік әкімшілік қызметшілердің іс-әрекеттеріне қатысты 20, құқық қорғау қызметкерлеріне 2, басқа да тұлғаларға қатысты 13 хабарлама түскен.
Мемлекеттік қызметшілердің Ар-намыс кодексі нормаларының бірі ретінде – мемлекеттік қызметшілердің азаматтармен және заңды тұлғалармен қарым-қатынастарда жалпы қабылданған моральдық-этикалық нормаларды сақтауға, мемлекеттік тілге және басқа тілдерге, Қазақстан халқының салттары мен дәстүрлеріне құрметпен қарау тиістілігі қарастырылған. Алайда, заңның бұл нормасының орындалу барысы көңіл толтырмайды.
Мемлекеттік қызметшілерімізді мемлекеттік тілге оқытуға жыл сайын бюджет қаражаты есебінен қомақты қаржы бөлініп отырады. Осы жылдың бірінші жарты жылдығына мемлекеттік тілді оқытуға жергілікті бюджеттен 1 853,0 мың теңге, ал республикалық бюджеттен 4 460,5 мың теңге бөлінген. Бүгінгі күнге дейін оның 860,3 мың теңгесі игеріліп, 323 мемлекеттік қызметші мемлекеттік тілге оқытылды.
Кодекстің негізгі талаптарының бірі – «мемлекеттік қызметшілер өз қызметінде мемлекеттік және еңбек тәртібін бұлжытпай сақтауға, өзінің қызметтік міндеттерін адал, әділ де сапалы атқаруға, ол үшін өзінің жұмыс уақытын тиімді пайдалануға тиіс». Биылғы бірінші жарты жылдықта басқарма қызметкерлері тарапынан 118 мемлекеттік органдарға жоспарлы тексеру жүргізіліп, аталған талапты бұзған 16 мемлекеттік қызметшіге байланысты тәртіптік іс қаралды.
Әрбір мемлекеттік қызметші өзінің барлық күш-жігерін білімін жетілдіруге жұмсаса, Ар-намыс кодексінің талаптарын қатаң орындауға ұмтылса, көптеген заңсыздықтарға жол берілмеген болар еді.
Мейрамкүл Бибітова,
ҚР мемлекеттік қызмет істері агентігінің
Ақтөбе облысы бойынша басқармасының кеңесшісі.



