Жастар

Жұмыла жұмыс атқарған еріктілер

«Bizbirgemiz» акциясы

Әлемді әбігерге салған коронавирустың таралуына байланысты елімізде төтенше жағдай жарияланғаны белгілі. Бұл жағдай қоғам мүшелері, әсіресе, жалғыз басты қарттарға оңайға соқпайтыны анық. «Bizbirgemiz» акциясы аясында облыстық жастар ресурстық орталығының бастамасымен ақтөбелік ерікті жастар жұдырықтай жұмыла жұмыс жасап, қайырымдылық шараларына белсене қатысуда.

Қайырымдылық — қадірлі іс

— Елімізде төтенше жағдай жарияланған күннен бастап, Ақтөбе қаласында еріктілерден құралған штаб өз жұмысын бастады. Бүгінде штаб құрамында 300-ге жуық ерікті бар. Олар Елбасының бастамасымен қолға алынған «Bizbirgemiz» акциясына өз үлестерін қосуда. Күн сайын Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, жалғызбасты қарияларға, көпбалалы отбасыларға азық-түлік жиынтықтары мен қажетті медициналық құралдар үлестірілуде. Сондай-ақ волонтерлар аялдамалар мен қоғамдық көліктерде, қаладағы «Анвар», «Дина» секілді ірі сауда орындарында қала тұрғындарына коронавирустың алдын-алуға байланысты түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, сақтану ережелері туралы ақпараттық парақшалар мен өз қолдарымен медициналыық бетперде тігіп таратты. Бұл ретте «Жас сақшы», «Жүректен жүрекке», «Аңсар» волонтер топтарын және облыстық жастар ресурстық орталығының, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі», облыстық кәсіподақ ұйымының жастарын атап өтуге болады. Әрине, бүгінде мұқтаж жандарға көмек беруге асығатын волонтерлардың қатары артып келе жатқандығы бізді қуантады, — дейді облыстық жастар ресурстық орталығының басшысы Гүлнар Қабиева.

Оның айтуынша, көмек көрсетілетін көпбалалы аналар мен аз қамтылған отбасылардың тізімін облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының өкілдері анықтайды. Азық-түлік жиынтықтары кәсіпкерлердің демеушілігімен жүзеге асырылуда. Сондай-ақ осындай қайырымдылық шаралары облыстың барлық аудандарында да көрініс табуда. Бүгінде Шалқар ауданындағы 19 волонтерлық топтың 300-ден астам белсенді мүшесі бар.

Биыл аудан әкімдігінен волонтерлар жұмысын жандандыруға 2 миллион теңге қаржы бөлінді. Тұрмысы төмен, жалғызбасты және мүмкіндігі шектеулі азаматтардың үйіне жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қоғамның осал топтарын арнайы бейімдеу мақсатында тренингтер ұйымдастырылды. Шалқардан шыққан танымал өнер азаматтарының қатысуымен қайырымдылық концерттері өткізілді.

Әр волонтерлық топтың өзіндік жоспарлары бар. Олар түрлі бағытта жұмыс жасағанымен, мақсаттары бір. Қиын жағдайға тап болған азаматтарға қол ұшын созу.

«Bizbirgemiz» акциясы аясында аз қамтылған отбасылар мен көп балалы аналарға азық-түлік қоры жинақталып, волонтер жастар аудан тұрғындарына мыңнан астам медициналық бетперде тігіп, тегін таратты, — дейді Шалқар аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы Жанна Әбденова.

Жастар бірлестігі жағдайға бейімделеді

Облыстық «LEADER-Q» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ромат Мұқашев еріктілердің қоғамда алатын орны ерекше екендігін айтады.

—Төтенше жағдай кезінде Қазақстан Республикасының «Қызыл ай» қоғамы облыстық филиалының волонтер жастары және «ANTIKOR» орталығының өкілдерімен бірлесіп, қайырымдылық шараларына үлес қостық. Өздеріңіз білетіндей, өңірімізде енгізілген ерекше жағдайдағы шектеу режиміне байланысты жол бойында блок посттар қойылды. Алдағы уақтта осы мамандарға қол ұшын созу мақсатында еріктілерді тарту жұмыстары қарастырылып жатыр. Төтенше жағдайға байланысты волонтерларға анықтама беріледі.

Еріктілер өз қалауларымен қоғамға кішкене де болса пайдасын тигізуді көздейді. «Біріңді, қазақ, бірің дос көрмесең істің бәрі бос» демекші, осындай сәтте бірлікті ту етіп, ұйымшылдық танытуымыз керек, — дейді Ромат Мұқашев.

«LEADER-Q» жастар қоғамдық бірлестігі үш бағытта жұмыс жасайды. Алғашқысы — мектеп оқушыларының көшбасшылығын арттыруға бағытталған «Жас көшбасшылар» клубын құру. Екіншісі — пікірталас сайыстарын ұйымдастыру. Үшіншісі — «LEADER-Q» волонтерлық корпусын қалыптастыру. Бүгінде аталған жастар қоғамдық бірлестігінің филиалдары Қ,Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде және Ақтөбе гуманитарлық колледжінде бар.

— Жыл басында Нұр-Сұлтан қаласында Мемлекет басшысының қатысуымен өткен Еріктілер форумына қатысып келдік. Жиында биыл еріктілерге көрсетілетін қолдаулар туралы айтылып, тапсырмалар берілді. Ақпан айында Ақтөбе қаласындағы оқушыларға, студент жастарға кәсіби волонтерлық туралы түсіндіру мақсатында форум ұйымдастырдық. Алдағы уақытта еріктілердің қатарын арттыру, олардың жұмыстарын дамыту мақсатында облыс аудандарын аралап, насихат жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр, — дейді ол.

 Ақбота ҚАЛДЫБЕК. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button