Әдебиет

Бопай ханым

Тарихты өз мүддесіне қарай бұрмалаудың, одан қалды, кеңестік идеологияның сандырақ салдарына ұшыраған өткеніміздің төл шындығы ел тәуелсіздігі  орнағанға дейін айтылмады, айтылса да, бұрмаланды. Тарихи көркем шежіремізді жасаушылар да мұны ашықтан-ашық дәріптеуден жасқанды.  Шын мәнінде империялық орыс билігіне бодан болып, тізе бүкпеген, жан-жақтан анталаған дұшпаннан елінің тәуелсіздігін, халықтың тұтастығын сақтап қалуды ғана көздеген қазақтың бас ханы Әбілқайырдың нақсүйер жары ғана болып қоймай, ақыл-парасатымен оған елдік мәселерді шешуде сүйеніш, тірекші болған ханымның толықтай жеке образы әлі жазылған жоқ. Ол Әбілқайырдан соң азулы да айлакер орыс билігімен ел мүддесі үшін тиімді қатынас орната білген дипломат та болды. Бопай ханымның ел тарихында, қазақ хандығының тарихында алатын орны осындай бейнесімен де айрықша бөлек.

Бопай ханым Сүйіндікқызы туралы алғашқы тарауларының фрагменттері жазыла бастаған бұл романым үш ғасыр бұрынғы алыс заманның ізінде қалған тарихтың аңызға бергісіз кейбір ақиқатын  айтуға тиіс, алға қойылған мақсат — осы…

Мәди АЙЫМБЕТОВ.

ДАЛА  МАДОННАСЫ

… Дабылшы-қағушылардың өзен аңғарының тыныштығын селт еткізген даңғырасынан  қалың қамысты иіннен қанаттарымен суды  сабалай көтеріліп ұшқан жалғыз  қараша ата қаздың  қанат сусылынан  балдақта отырған ақ тұйғын қаршығаның мойны қылтың етіп, сары шегір көзі ойнақшып кетті.

  • Биссимилаһи-рахмани-рахим! Иә, сәт!..

Ауыздығын шайнап жұлқынып тұрған көк боз бестінің тізгінін босатып, әп дегеннен желіске салған Нұралы сұлтан доғал қанатын дүртите қомдап, ілгері емінген шәулі қаршығасын балдағынан босатып, екпіндеткен күйі ұшырып жіберді.

Аңшы нөкерлерімен бірге маусымның салқын сабатты сәскесінде, Өлкиік

бойын жағалап келе жатқан Әбілқайыр тобы  биіктеу бір жарқабақтың басына келіп жүрістерін сәл іркіп қалды. Ақ қапталында қатарлас келе жатқан, алқызыл орамалды маңдайлығынан тарта байлап, қос бұрымын жеңіл кеудешесінің ішкі тысына жасырған Бопай бәйбіше жорық жүрісіне  қысқа қонышты жеңіл жұқа етігінің  сүйірлеу басын темір үзеңгіге тірей ақ боз бестісінің тізгінін сәл тежеді.

Елші Тевкелевтің таныссын, білсін деген ниетпен Орынбордан арнайы сапармен хан ордасына жіберген адамы — сүгіретші, неміс шатыс ағылшын Джон Кэстль де осы топтың ішінде болатын. Құс салуды көрсін деп хан оны  саятшылыққа арнайы еріткен еді бүгін. Қағушыларды ертіп, топтан бөлек, алға озыңқырап кеткен  Нұралының қараша қазға қаршыға салысын олар сол тұстан бақылап тұрды. Әбілқайыр бұлардың қасынан қалмай, ілесе қапталдасып келе  жатқан татар  Қалбен тілмәшқа қарап:

— Қонақ мырзаға мына неміс тілмашы арқылы жеткіз, шарашап, сусап қалмады ма екен? — деді, қазға шүйілген қаршығаға аңтарыла қарап қалған Джонға көз қиығын тастап.

Ханның татар тілмаш арқылы өзіне ишара жасағанын байқаған Кестель, оң қолын кеудесіне қойып басын сәл иіп ізет жасады.

  • Аса құрметілу Хан ием, Джон мырза сізге дән ырзашылығын білдіреді, құс салу саяты маған таңсық нәрсе екен дейді, бұрын-соңды мұндай кереметті көрмедім дейді!..

Осы аралықта Кэстль өзінің неміс тілмашына тағы да әлденелер айтып үлгерді.

  • Нұралы сұлтанның хан ұлына лайықты өжет қимылына да сүйсіндім дегенін ілтифат етіп жеткізеді Сізге!..

Әбілқайыр еңселі кеудесін Кэстльге қарай азырақ бұра түсіп, ілтифатты қабыл алдым дегендей, қызыл шырайлы жүзіндегі жылы жымиыспен ізет белгісін білдірді.

Осы бір қас қағымда аппақ төсі бір жарқ етіп, шалт ұшқан қаршыға көз ілеспестей зулаған күйі қаздың желке тұсынан бір  орап өтіп қайта көтерілді де, далбасалай,   бағдарсыз ұшып, қаңқ ете қалған  қазға  қарай құлдилай жөнелді.

Қаршығаның бір тепкісінен топшысы қайырылған қаз далбаң-дұлбаң етіп төменге құлдырады.

—  Қазды қағып түсірді, әне, әне-е-е!..

Ауыздығымен алысқан күрең құнанымен ызғыта жөнелген құсбегі балаң жігіт қаршығаның қимылына көз тігіп тұрған Нұралының жанына көзді ашып-жұмғанша жетіп келіп, атының тізгінін кілт тежеді.

Таңдауы делең-делең етіп, көзі оттай жанған бозбалаға жүзін бұрған жас сұлтан:

— Бәреке-е-елді, Жігер батыр, ақ тұйғын қаршыға бүгін  жарады, жақсы баптапсың! — деді аққұба өңіне ойнап шыға келген жымиыспен, ризалығын жасырмай.

— Керемет болды-ау, Нұралы аға! — деді аптыға сөйлеп.  — Орынбордан келген әлгі Кәстіл  деген сары орыстың көкшіл көзі шарадай жанып, аузы ашылып қалды. Тәрізі орыста құс  салу дегенің болмайды  ма  екен соған қарағанда…

— Өй, сиқы орысқа ұқсағанымен, орыс емес оның, ағылшын дей ме,  әлде неміске шатыс па, нәсілі сондай біреу  көрінеді…

—  Ойпыр-ай, ә!..

Жігер таңданысты кейппен көзі алаң-құлаң етті.

— Енді не тұрыс, тез, анау қалың қоғаның арасына құлаған қазды тауып, алып кел!

Нұралы сұлтан бүлдіргісіне күміс жиекті өрнек салынған әдемі қамшысын  бүктей ұстап, жас құсбегіге бұйыра сөйледі.

Жігер күрең құнанын өкшелігімен жеңіл тебініп қалып, жөней берді…

…Саят соңы арнайы сапармен келген  қонаққа хан ордасында бүгін екінші күн сый-құрмет көрсету отырысына жалғасты.

Бір-біріне керегелестіріп тігілген  он алты қанатты ақшаңқан қос үй — хан ордасы ерекше салтанатты.

Нақ төрде орнатылған  жайпақ  орынтақтың оң жағындағы жұқа жібек шымылдықтың ішінде ханға тақау жайғасқан, сұлу ақша жүзінен нұр құйылған жас ханым мен оның қасында отырған, тысы әдемі оюмен әдіптелген қолдорбасынан асықтарын шашып тастап, орайынан өріліп желкесіне түскен айдары ойнақшыған кішкентай ұл  суретші назарын бірден аударды.

Орынтағына кең  кеудесін шалқақ ұстап молынан жайғасқан ханға  сарғыш шашы дуда-дуда болып, көкшіл көзінің қиығын ауық-ауық тастап отырған Кэстль қолындағы қаламымен  тақтайшаға жапсырылған қалың ақ қағаздың бетіне әлдене бір суреттің нобайын сызғылап отырды…

Хан бейнесін дәлдеудің неше түрлі сызбасымен әуреленген ол Әбілқайыр мен сұлу ханымның ауық-ауық тіл қатысып, сөйлесіп отырған сәтіндегі олардың  бет құбылыстарының өзгерістерін де, әкесінен гөрі шешесіне көбірек  мейірлене еркелеген бес жасар Әділдің балалық қылық-құбылыстарын да қалт жібермеуге тырысты.

Бопай Әбілқайырдың сырт көзге жайбарақат көрінгенімен, әлденеге алаңдаулы кейпін байқап отырды. Саят кезінде де бәр сәт тұнжырап, енді бір сәт іштей ширығып, деміл-деміл ой шырмауынан арыла алмағанын сезген. Бірақ мәнісін білудің ретін таппаған еді.

— Хан иесі, бүгін әлдебір күйде алаңдаулысыз ғой. Нендей жайсыздықта отырсыз?..

Жұқалау әдемі езуінің ұшына үйірілген ойлы да сұраулы жымисты  Бопай өзгелерге аңғартқысы келмегендей, Әбілқайырға  жүзін сәл ғана бұрды.

Хан жауап орнына қабағын бір сәт жазып, Бопайды көз қиығымен бір жанап өтті де, ұлына қарап:

— Кәні, әне бір кішілеу сақаңды  хан сайла, «Ханталапай» ойналық, балам, — деді ұлын еркелете, күлімсірей сөйлеп.

Бопай ойланып қалды. Өзінің сауалына оның  тура жауап қатпай, ұлын ханталапай ойнауға шақырып, сөзімен нені емеуріндеді? Еділ-Жайыққа дейінгі алапта елі мен жерінің тұтастығын сақтап қалуды мұрат тұтқан ханның әділетті әрекетіне наразылар өз ішінде, арқада көз тігіп отырған ағайындар арасында да,  ел шетіне келіп орыс билігін ұстап отырған жымысқы дұшпанкөздер де аз емес. Солардың елдің  тоз-тозын шығармақты ойлаған әрекеті ханның жүрегін сыздататыны анық. Ханталапайдан хан-сақаны кім ұтып алмақ?  Оны ұтқызбаудың, жеріме қорған болуды сақтап қалудың амалы қайсы? «Менің ең үлкен алаңдаушылығым — осы» дегенді меңзегені болар деп түйді Бопай.

Хан ордасында жайылған, неше түрлі асқа сиқия толы мол дастарқанның басында,  ханның оң жағынан бері Бөкенбай би, Мырзатай батыр бастаған ел жақсыларынан төменірек жайғасқан Нұралы да әлденеге деген әкесінің алаңдаулы, бірақ сонысын ішіне бүккен кейпін аңғарып отырды.

Бөкенбай  салтанатты қонақасы отырысының  бір аралығында ханға жүзін бұрды.

— Ханеке, елші Тәуекел мырза жіберген  мына қонақ елге не хабар әкеліп отыр, келісінің мәнісі не екенін біле алмай отырған жағдай бар, — деді оң қолының салалы саусақтарымен қалың мұртының ұшын сипап қойып. — Тілмаш арқылы болса да, келгелі жөндем бір сөзін де естімедік. Өзімен-өзі, жан-жағына көз тігіп, қағаз шұқығаннан басқа тірлігі жоқ, діні бөлек, зәу-заты басқа бұл кісінің сыры қандай? Хан сөзіне пайымдап құлақ түретін  елші ме әлде тың тыңдап, ой-ниетін ішіне бүгіп жүргендей пенде ме?..

Аударып жеткізуді ешкім сұрамаса да, татар тілмәш Қалбен  Бөкенбайдың сөзін орысшалап, қадірменді қонақтың қасындағы немісше тілмаш, сары үрпек бозбала Дитрихқа жеткізіп жатты.

Бопайдың  айкөрікті келбетінен ханымға тән парасат пен сұлулық нақышын қағаз бетіне түсіріп, өз әлемінің ішінде отырған Джон, еңсесін тіктеп, мойнын бұрып, назарын осы мезет хан жанында отырған тұлғасы нардай, шырайлы ірі бет-кескініне қылаусыз қап-қара сақал-мұрты келісті жарасқан  Бөкенбайға аударды. Оң қолын дереу кеудесіне қойып  батырға ілтипат ишарасын білдірген ол жүзіне жылы жымиыс ұялатып тілмаш жеткізген сөздерге басын шұлғумен болды.

— Шыбындаған  аттай басын көп шұлғып кетті ғой өзі! — Мырзатай батыр мырс етіп күліп қойды. — Әй, тілмаш жігіт, ауыздан шыққан сөздің бәрін тізіп жеткізе берме мынаған!..

— Айтқаныңызға құлдық, мырза!.. — деді Қалбен Мырзатайға сәл иіліп. — Әйтсе де, қонақ  осы жерде айтылып жатқан  әр сөзді қалт жібермей естігісі келетін тәрізді…

— Жә, қоя тұр! — деді Әбілқайыр тілмашқа зілді үнмен. — Не дейді екен өзіне қатысты  Бөкеңнің маған айтқанына?

Кэстльдің қайта-қайта тамағын кенеңкіреп, бөліп-бөліп айтқан бірталай сөзінің мәнісін Қалбен қысқа ғана қайырып жеткізді.

— Бұл кісінің айтуынша, өзінің бұл келісі ел тану, жер көрумен, өзіне беймәлім Азия елінің адамдарының тыныс-тіршілігімен танысумен  байланысты екен. Орынбордың азиаттарға, біздерді айтып отыр ғой, қазақтарға  қатысты ресми ұстанымынан, саясатынан өзін бек аулақ деп санайды екен. Ұлы мәртебелі хан, Сіз бұ миссиямнан хабардар дейді қонақ мырза…

Татар тілмаштың айтып жеткізгені Бөкенбайдың  көкейіне оншалықты қонбады. Ол ішінен тынып, бұдан әрі үндемеді. Бөкенбайдың осы үнсіздігінен соң орда іші тым-тырс тынып қалды. Хан сөзді одан әрі созбады, дорбасынан асықтарды бір алып, бір салып отырған ұлы Әділге қарай мойнын сәл бұрды…

— Көке-е, ханталапай ойнайық дегеніңіз қайда? — деді Әділ аузын бұртитып.

Дегбірсізденген ұлының өкпелі түріне мейірлене күле қараған хан:

— Қане, уысыңдағы асықты шашып жіберіп, хан сайлаған асығыңды алшысынан тұрғыз, балам! — деді Әділдің кекілінен сипап.  — Алшысынан тұрса, ханталапай!..

Дастарқан басындағы  мәслихатты үзіп, бір мезет баласымен шүйіркелесе қалған Әбілқайырға Бопай  жымия көз тастады.

— Балам, әкеңді әңгімеден алаңдатпа, кел бермен менің қасыма, ханталапайды екеуміз ойналық, — деді ұлына қарай қолын созып. — Қонақтардан ұят болады…

Мейірлене сөйлеген анасының сөзін құлағына ілгісі келмеген кішкентай  Әділ әкесіне таман ығыса түсіп, уысындағы асықты дереу шашып жіберді де:

— Ханталапай, ханталапай! — деп бытырай шашылған асықтың арасынан қос алақанымен алшысынан түскен асықты  басып қалды.

— Бәрекелді! Ханталапайдан ұттың, балам!..

Әбілқайыр ұлының кекілінен сипап, арқасынан қағып, құшақтады да: «Бара ғой, балам, осылай ұта бер»! — деді.

Кэстль осы мезеттерде ханның сұлу бәйібшесінің аялы, ойлы көздеріне тағы да назар аударды.

Қонақасы салтанатындағы өзара мәслихаттасудың осы арагідігінде күйеуінің ойыншыл ұлына назар аудара бергеніне ханым сәл алаңдай қарап қалған болатын. Көп жайтты көзімен, бет жүзінің нәзік  құбылысымен аңғартатын Бопайдың бейнесіне ол әр қырынан көз салып, көңіл жадында ұстап қалғысы  келді. Хан ордасындағы қонақасының бүгінгі ұзақ отырысы елшігер мейманға осылайша өзгеше әсер қалдырған еді…

 

*     *     *

 

Ырғыз бойындағы тоғайлы, қалың шабындық жайқалған өзектегі хан ордасына жиылған жұрттың қарасы сиреп, ертеңіне Әбілқайырдың қасында Бөкенбай мен Мырзатай батыр қалды. Үшеуінің оңаша отырысы ханның Бопай бәйібшесі отырған отауында өтті. Көп күтушінің үй ішіндегі ерсілі-қарсылы жүрісін шектеп, ас-суды жайлауды ханым өз қолына алды.

Соңғы күндері ойы сан-саққа кетіп, алаңдаулы күй кешкен Әбілқайыр оңашадағы үшеу ара мәслихаттасудың әлқисасын өзі бастады.

— Ел шетіне  әр бүйірден соқтығып, тыныштық бермей отырғандар бізден қанжоса  болып қанша мәрте тойтарыс алса да, дұшпандығын тыяр емес. Орыстың мәртебелі билігі иегінің астындағы болып жатқан бұл сойқандарды көрсе де, көрмегендей жүз танытады. Мұнысын мақсат, пейілінің дұрыстығына қалай жатқызарсың? Ақ патшаның Петербордан жіберген Орынбор шаҺарындағы гөбернәтір өкілі  елшігер Тәуекел арқылы ел тыныштығын сақтап, қорғауға берген уәдесін орындаудан тайсақтап келеді. Түпкі ниеті не? Тізе батыру ма? Анау қолтығындағы қалмағы мен Еділдің арғы бетін жайлаған итаршы жасақтарын айдап салып, елдің тұтастығын ыдырату ма? Олай болса, не істемекке керек?..

Әбілқайырдың соңғы күндердегі ішкі мазасыздығының, алаңдаулы жағдайының сырын Бопай қазір анық аңдағандай еді. Ханшайым осы мезетте ханның  ширыға айтқан түйдек-түйдек  әр сөзін қалт жібермей тыңдап отырған,  қалың қабағын төмен салып, әлдебір ойдың сорабына түскен Бөкенбайдың кейпіне, өзінің ағасы Мырзатайдың шамырқанып, қошқылданып кеткен жүзіне байқатпай көз қиығын тастады.

Өзінің арқасүйер кәнігі ақылшысы, оң қолы, сардар батыры Бөкенбайдан жауап күткен Әбілқайыр алдымен оған мойнын бұрды.

Сөзін бастамастан бұрын тамағын сәл кенеңкіреп алған батыр ханға оқыс жалт бұрылғанда, кесек қоңырқай  жүзінен жігер оты жарқ етті.

— Хан ием, не істемекке керек дейсіз? Патша билігіне бас игісі келмей бас көтерген естек ағайындарды ашықтан-ашық қырғынға салған биылғы қаңтардағы оқиға қазаққа, баршамызға қамқорсынған орыстың үлкен билігінің бізге көрсеткен қыры емес пе екен деп ойға қаламын. Қарсылассаң, көретін күннің осы дегендегісі ғой, сірә?! Ал мұндай жағдайда бас көтеретіндей ісіміздің аяғы әлгіндей болса, нәтижесі не болмақ?

— Үстірттің еңісі мен жотасын жайлаған адай жұрты да жан-жақтан анталаған дұшпандық әрекеттерге алаңдаулы! — деді Мырзатай шамырқанған қалпынан айнымай. — Оның үстіне мына түрікпендердің де оқтын-оқтын іргеден шабуылдауы тыйылар емес! Иә, не істемек керек? Дұшпанға тойтарыс, қантөгіс жасамай, мәміле жасасудың жолымен кете бермекпіз бе, әлде…

— «Әлде» дейміз, ә? — деді  Әбілқайыр, көңілін тыншытпай  жүрген ойын  түптей  түскісі келіп. — Сол «әлденің» арты не болмақ деп отыра беруіміз жарамас! Шынтуайтына келгенде, орыс билігіне  біржола о бастан бас ию ниетімізде болмағаны өздеріңізге аян.  Көршімізбен іргеміздің сөгілмеуін ойладық, елді, хандығымызды өз ағайындарымыздың арасында талапайға салдырмай нығайтып, бейбіт өмір кешуді ойладық. Ал мұнымызды қаперіне алмай, өзінің қол астындағыларға тыйым салудың орнына, айдап салып, арандатушылыққа итермелесе,  оған көнетін ел біз емес, солай емес пе, Бөке!

— Солайы солай! Өзіңізге мәлім, ел жақсыларының, Әжібай бастаған би-батырлардың да әу баста патша қатын жіберген  елшігерге қырын қарағаны да тегіннен-тегін емес еді-ау? Тілі басқа, түрі басқа әлгі сүгіретшінің Орынбордан шығып, Ор шаһарымен оралып жеткен, елшігер Тәуекелдің жол сілтеуімен хан ордасына келген жүрісі де  көңілімізге жақпайды, хан ием. Ел тану, жер тану сылтауымен орда ішіндегі жай-жапсарды білу, орыс билігіне деген шын пиғылымызды аңдауды мақсат тұтпағанын қайдан білеміз?..

— Жөн-жөн! Ойға қонымды сөз!..

Бөкенбайға қосылып, мақұлдауын бұлталақсыз білдірген Мырзатай ханның сәл ойланып қалған кейпіне көз қиығын салды.

Орда төріндегі үшеуінің кеңесінде ортаға салынған әңгіменің ау-жайын бажайлаған Бопай ханым Әбілқайыр көңілін соңғы күндері көбірек мазалап жүрген жайтты бүгін анық аңғарғандай еді…

Теріскей батыстан зәрлі пиғылын аңдатып отырған көршінің түпкі ойлағаны Еділ-Жайық арасынан баса көктеп жайпап өту ғана емес еді. Батысы ұлы Еділ мен Жайықтан, шығысы  Тұранға шейін ұласқан ұлан-ғайыр мекенді қол астында ұстап, Азияның  қиырдағы елдеріне үстемдігін жүргізу, сөйтіп, қазынасының сауда-саттығына өріс ашу орыс билігінің Петр патшадан басталған саясаты екендігін хан білмей, сезбей отырған жоқ. Олардың бүгіндегі бар мақсат-мұраты — Орданы біржола мойынсындыру, тізе бүктіру. Жұдырықтай жұмылып, соған тосқауыл қоя білудің амалы қайсысы? Бопай күйеуінің көкейіндегі мазасыз ойдың бір ұшы  осында  жатыр деп түйген еді…

 

*      *      *

 

… Сегіз қанат ақшаңқан киіз үйдің түңлігі жартылай жабылған шаңырағынан сығалаған түнгі аспанда сансыз жұлдыз жымыңдайды.

Өзіне арнайы тігілген үйдің шаңырағынан жартылай көрінген қара барқын тұңғиықтағы жұлдыздарға көз жанары талғанша қараған Кэстль осы бір мезеттерде соңғы он шақты күннің ішіндегі  хан ордасында болған кездердегі әр сәтін ой әлемнен өткізіп жатты.

«Шынында да ұлан-ғайыр шетсіз, шексіз мынадай құлатүзде тіршілік кешкен  азиаттардың өмірі мен үшін жұмбақ әлем екен. Бұрын-соңды мұндай әлемнің бар-жоғынан бейхабар адамға мынадай алыс түкпірде бейғам жатқан халықтың тіршілігін бірден түйсіну оңай емес. Киім киісі де, жүріс-тұрыстары да, тіпті бір-бірімен тіл қатысулары да өздерінің ала-бөтен болмысына, мінездеріне тән болып келетінге ұқсайды.

Бір қас қағымда ой тұңғиығына батып кіреукелене қалатын, енді бірде жігер оты ойнап шыға келетін ханның  жүзінде тұнған неше алуан көңіл күйдің табы, бояуы портреттік нағыз қайталанбас образға сұранып тұрған штрихтар ғой! Ал ордадағы әйелдердің барлығынан дара бейнелі хан зайыбының — ханымның бейнесі ше! Аялы оның нұрлы сұлу көздеріндегі сәулелі ұшқыннан жас әйелдің  боямасыз көркем болмысын байқамау мүмкін бе! Жымиып тіл қатқан сәттері әдемі ғана бүлкіл қағатын аппақ тамағы, ақшыл нәзік мойны қандай керемет! Нағыз дала Мадоннасы!..

Осы ұлан-ғайыр өлкенің мекендеушілері туралы сансыз таңғалыс әсерді жадымда ұстап қалуға күнделік жазуыммен бірге қағазға бейнелеуімнің де қажеттілігі зор. Қазақ ханы мен ханымының, асық ойнаған кішкентай ханзаданың, орда  төңірегіндегілердің бояу мен сызыққа түсетін бейнелері бұл сапарымның ең құнды көздерегі болуы тиіс. Менен хан ордасының хал-ахуалынан сөз күткен мәртебелі билік үшін де бұл аз олжа болмас!..

… Қазақ ханы мен ханымының портретін қалайда жазуым керек, қағазға түскен біраз нобай бар!.. Түр сипатына керекті штрихтар мен детальдарды нақтылай түсетін тұстар болса, тағы да анықтап көретін мүмкіндіктер туар әлі де…».

Ол осы мезет жастықтан басын көтеріп, қасындағы аласа, дөңгелек үстелшенің үстінде жатқан күнделік-дәптеріне үңілді де, қауырсынның ұшын жорғалатып, жаңадан ойына оралған көріністі шұғылдатып жаза бастады.

«Ордадағы кешегі құрметті жиында ханның сол жағына ала құрылған сусыған төрткүл жібек шымылдықтың төрінде  Әбілқайырдың үш әйелі отырды. Ханның нақсүйері — сұлу ханша күйеуінің тағына таяу төрге жайғасты, оның қызыл жібекпен, сарғылт зермен өрнектелген алтынмен кестеленген әшекейлі биік бас киімі түріктің сәлдесін еске түсіргендей. Ал қалған екі ханым Бұхардың қызыл барқытына оранып, әрқайсысы басына ақ шыт орамал байлап алған…».

Бопай ханымның нағыз ханымға лайықты киім киісінде де азиаттық кербез ерекшелік  аңғарылатынын суретші дәптер парағына осылайша бір жазып тастады да, төсегіне қисайды. Тағы да басын шалқайтып, тұңғиық түн күмбезіне көз салды…

Шаңырақ саңылауынан сол күйінен айнымай көрінген мөлдей қара барқын аспанның төрінен бір дара жұлдыздың өзгеше жымың-жымың етіп тұрғанын ол анық байқады.

 

*     *     *

 

… Джон Кэстльдің хан ордасында аялдаған жиырма күні көзді ашып-жұмғанша сырғып өте шықты.

Жаз ортасы ауып, шілденің соңғы күндері таусыла келіп, ыстықтың беті қайтқанда ұзақ  жолдан шаршап, шалдыққан экспедиция Ор өзенінің Жайыққа құяр тұсындағы бекініс-қаланың шетіне ілікті. Бұл Петерборда  жасақталған Орынбор экспедициясының ресми кеңсесі жайғасқан, бас-аяғы жинақы шағын Ор қаласы еді. Қасбетіндегі биік, тұғырлы кең тас басқыштың қос жақтауында ұзынан сұлаған, жалы күдірейген сұсты екі арыстан-мүсіні бар еңселі ғимараттың екінші қабатындағы кеңсесінде экспедиция комиссары Иван Кирилов, Кэстльді патша сарайы қарамағындағы сенат қызметінің  үрдіс тәртібін бойына сіңірген өзінің жоғары мәртебелі орыс ақсүйегіне тән мәнерімен  қабылдады.

Оң алақанын кеудесінің сол жағына қойып, басын иіп сәлемдесу ізетін жасаған Джонға  Кирилов ерекше ашық-жарқын ілтипатпен қолын ұсынды.

— Орда сапарынан аман-есен оралуыңызбен, Кэстль мырза! Сіз нағыз номадтың өзі болмасаңыз да, соған ұқсап кеткендейсіз тура!.. — Ол суретшіні дәл ортасында Жер шарының географиялық глобусы қойылған дөңгелек үлкен үстелге қарай бастады.

Ақ сары жүзі аңызақ пен ыстыққа әбден тотығып, әжептәуір қоңырайып кеткен Кэстльдің қазіргі кейпі бір қарағанда күн қақтаған дала көшпендісінің дәл өзіндей болатын.

— Естуімше, көріп-білгеніңіз, әсеріңіз көл-көсір  мол тәрізді. Тіршілігі, өміртанымы, ділі, бұрын-соңды сіз көрмеген, хан билігіндегі жабайы дала елі халқының тұрмысы, дәстүр, дағдысы, азиаттық мінез-құлығы, көзқарасы — бәрі-бәрін күнделігіңізге жазғаныңыз кереметтей ыждағаттылық болған Сіздің тарапыңыздан! — Кирилов өзінің географ-оқымысты, ғалымға тән мінезімен баурай сөйлеп, оны бірден мазмұнды әңгіменің толғамына қарай тартты.

Сапар барысынан өзіне тиесілі жеке есеп әзірлейтінін ресми тұрғыда мәлім еткеннен соң Джон Кэстль Кириловке бір бөлек бумадағы ықтиятты жинақталған картиналарды бір-бірлеп жайпақ үстелдің бетіне қоя бастады…

— Ғажап! Бұл енді өте құнды дүние, керек десеңіз, қазақ ханы туралы аса керемет бейне-дерек! Ұлы мәртебелі патшайымымыз Анна Иоанновна үшін Орда билігінің басында тұрған ең басты қайсақтың нақты түр-сипатын  көзбен көріп білудің тарихи қандай маңызы бар екенін білсеңіз! Құттықтаймын! Ханды мұншама дәлдеп және ішкі-сырты бар сипатымен көрсеткенсіз! Тарихта қалатын картина!..

— Кирилов мырза, енді бір сәт мына картинаға назар аударыңызшы!..

— О, мына сұлу әйелді  Пупай, Пупай ханым дейсіз бе!  Нағыз номад Мадоннасы ғой бұл дегеніңіз! Көзін қараңызшы, көзін! Неткен аялы, тұнық жанар!

— Сұлулығы мен ханымға тән зерде-парасаты кереметтей үйлескен бұл әйел ханның нақсүйері ғана емес, мәртебесі жағынан хан ордасындағы екінші адам саналады. Ақылы кемел ана, ел билігінде хан иесіне сөзімен де, ісімен де тірек бола білетін ханым атағына лайық жан!..

Кирилов Кэстльдің Бопайға қатысты берген сипаттамасын бар ықыласын сала  тыңдады. Таңданысын да жасырмады.

— Иә, әйел затының ел билігін қолына алып, халықты басқаруы шын мәнінде азиаттар үшін таңсық нәрсе емес, олардың қанында бар мұндай қасиет!  Сонау арғы замандар кезінде, біздің дәуірімізге  дейінгі алтыншы ғасырда осы өлкенің ен байтағын мекендеген сақтардың патшайымы Томиристің бір өзі де бұған дәлел!  Тарих атасы атанған, көне грек тарихшысы Геродот жазған Томирис өмірнамасын оқыған боларсыз. Бұл елдің түп негізін құраған осы халықтың тарихынан басқа да мұндай нәзік жанды ержүрек көсемдердің талайы  шыққан ғой!  Мына Пупай ханымыңыз да сөзсіз соның — бір айғағы!..

— Дұрыс айтасыз, аса мәртебелі Кирилов мырза! Тәрізі, ханымның шыққан тегі де осал болмаған, менің естіп, білген дерегім бойынша… Ол өзі сол өңірдегі адай тайпасынан шыққан Сүйіндік  баһадүрдің қызы екен. Жастайынан, тұлымшағы  желбіреген қыз кезінен ат құлағында ойнап, садақ ұстап, жебе тартып, өршіл болып өскен деседі…

— Міне, міне, бұл — Пупайдың тегі  туралы ақиқатты үстей бірден-бір дәйекті дерек! Мұны міндетті түрде Қырғыз-қайсақ ордасы туралы экспедицияның ресми есебіңізде атап көрсетуіңіз керек, Джон мырза!..

Джон Кэстль бір сәт ойланып қалды. Ырғыз бойындағы хан ордасында өткізген сол күндерді тағы да есіне түсіріп, көз алдына әкелді.

… Алыстағы Ырғыз бойы. Ханның жазғы ордасы. Шаңырақ саңылауынан көрінген мөлдей қара барқын аспанның төрінен бір дара жұлдыз өзгеше жымың-жымың етіп тұрғандай болды…

 

*    *    *

 

Қарашаның қырбығы түскен салқын сызды күндер Сырдың төменгі бойындағы хан ордасының қысқы тұрағында  қоңырайып тұрып алды.

Осы күндері генерал губернатор Иван Неплюевпен жасалған келісім бойынша соңғы бір жыл көлемінде  қолға түскен жүз қаралы орыс-казак тұтқындарын Орынбордан арнайы жіберілген атты жасағына баспа-бас санап, қайтару шарасы атқарылып жатқан болатын.

Әбілқайырдың  пәрменімен мұны ың-шыңсыз  іске асыруды Нұралы өз қолына алған еді.

Бұл күнде ордабұзар отыздың өріне шыққан жігерлі сұлтанның хан ордасындағы аса жауапты жұмыстарды әкесінің қалауымен, жеке тапсырмасы бойынша атқаратын. Ұлының хан мұрагері  ретіндегі бұлайша әрекет етуін анасы Бопай  да іштей мақұл көріп  жүрді. Қыран құс қанаты қатая  бастаған балапанын аспан айдынында қалықтап ұшуға баулитыны тәрізді, ханның әсіресе, осындай шетін мәселелерді Нұралыға тапсыруы оны болашақта орда билігін жүргізуге үйретуі болатұғын.

Бопай Нұралыны әкесінің  тапсырмасымен ордадан аттанар алдында өзі отырған үлкен отауға шақырып алды.

— Балам, әкеңнің  ендігі жерде тірегі де, алдымен сенетіні де өзіңсің. Иә, мұны менсіз де жақсы білесің. Кешегі ер Бөкеңдей, Бөкенбайдай арқа сүйер бас сарбазы тірі кезінде ханға үлкен демеу болған еді, енді оның көзі жоқ бүгінде. Ал, өзіңе де мәлім, Орынбордағы гөбернатырдың, одан арғы Петербордағы орыс патшасының түптің түбіндегі мақсаты — біздің жерімізге қазығын қағу. Сол үшін өзінің итаршыларын айдап салып, елдің бүтіндігін шетінетіп, ішке кіру.

Ханға оңай тағдыр бұйырмай тұр. Ту сырттан сан жылы шүйліккен жоңғардың бетін қайыруға бар қайратын салған оның енді елінің теріскей батысын бекемдеудің жолындағы әрекеті де, міне, талай жылдан бері арпалыспен, соғыспен өтіп келеді.  Еділ бойы мен Жайықты жайлаған елдің шетіне келген орыс-казағы мен қалмағы, қол астындағы естегі  аралас жаушылардың неше мәрте шайқаста бетін қайтарды. Әкеңнің  «Жайық өзені кеуіп қалғанша, тіпті ақыр заман келгенше қазақ халқы бұл жерден айырылмайды» деген жанайқайының тегіннен-тегін айтылмағанын өзің де сезесің ғой. Патшаның үлкен билігі мұны естіді. Естіді де, Әбілқайырдың, әкеңнің  ешуақытта бас имейтінін білді. Сұмдығын ішіне бүккен азуы алты қарыс орыс билігінен ендігі жерде жақсылық күтуге болмайтынын сенің де біліп жүргенің, сақтық жасап жүргенің абзал, Нұралыжан айналайын. Қандай заман туады?!  Іргедегі өз ағайының да пиғылы түзу емес тәрізді. Орданың орыспен жерді  бермеу жолындағы қайта-қайта ілініскен араздығын пайдаланып, хан билігін өздерінің қолына алуды мансұқтаушылардың тікелей кімдер екенін әкең саған айтты, сол да есіңде болсын дәйімде…

Анасының әңгімесін Нұралы үнсіз тыңдап, іштей құп алып, мақұлдаған шырай танытты да, өз тарапынан ештеңе айтпай, атқа қонды.

Нұралының бұйрығымен зынданнан шығарылған өңдері сұрқай, жұқалтаң сырт киімдері алба-жұлба, ызғырық желден дірдек қағып қаз-қатар тізіліп тұрған тұтқындардың аты-жөнін сұрап түгендеп  болған бойы тәпелтектеу, орақ мұртты поручиктің  даусы шәңк-шәңк етеді.

— Генерал-губернатор, аса мәрхамәтті Неплюев мырзамен келісім бойынша қайсақ ханы Абулхайыр сендерді бүгіннен бастап тұтқыннан босатып, рақымшылық жасайды!

Басқа жаңалықтар

Back to top button