Басты жаңалықтарМереке

Құрметті ақтөбеліктер!

Биылғы Наурыз мерекесін біз елімізде ерекше жағдаймен қарсы алып отырмыз. Әлемді әлекке салған ауыр індет, дәл осы мереке қарсаңында бізге де жетті. Кезінде ата-бабаларымыз еске алатын, «ел басына күн туған сәт» басымызға келді. Осындай сәтте біз біртұтас ел ретінде сыннан сүрінбей өтіп, не шыңдалып шығамыз немесе жел сөзге еріп, шашылып қаламыз. Таңдау еркі өзімізде. Ешкім де сырттан келіп біздің жағдайымызды түзеп бермейді. Не жасасақ та өзіміз жасаймыз. Ел боламыз десек,  есімізді жинап, елағаларының айналасына топтасып, берекемізді арттырғанымыз жөн. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол, бір ауыздан сөз шығаратын кезіміз осы.  Жетістікке жетсек, жеңіс те, абырой да , атақ та ортақ болмақ.

Енді қандай жағдай болмасын, мерекенің аты мереке. Әз Наурызды әркім өз отбасымен тойлауға, оның құндылығын сезінуге нағыз лайықты сәт. Ағайынның қадырын, елдің тыныштығы мен тұрақтылығының қадырын сезінетін сәт.

Қазақ елінің  наурыздан-наурызға дейін қол жеткізген табыстары аз емес. Біздің баршамызға ортақ бір ғана Отанымыз бар. Біздің бүгінгі тіршілігіміз де, болашағымыз да осы Отанымызбен тікелей байланысты. Қандай заманда да мемлекетіміз өз халқының қамын ойлаған. Өйткені біздің басты байлығымыз осы еліміздің азаматтары. Ал, мемлекетіміздің нығайуына үлес қосу әрбір саналы азаматтың жеке өз басынан, және отбасынан басталады.

Сондықтан да, барлығымыз бірігіп жұдырық болып жұмылсақ, қандай да қиындықты жеңеміз. Алдағы күндердің жақсылығын жақын қыламыз. Көктем мерекелерін  шаңырағымызда қарсы алып, отбасымыздың берекесін арттырайық.

Наурыз – ұлтымыздың мерейін өсіріп, болмысымызды айшықтайтын қасиетті –мереке.

Ұлыстың ұлы күні – Әз Наурыз мерекесі баршамызға құтты болсын!  Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын ОРАЗАЛИН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button