Абай — 175

Абайдың 160 өлеңін жатқа оқиды

Байғанин ауданы Жарқамыс орта мектебінің 9-сынып оқушысы Әйгерім Мұқаш Абайдың 160 өлеңі мен «Ескендір» поэмасын жатқа біледі. Былтыр Семейде өткен республикалық «Абай оқулары» байқауында «Абайдың ақын шәкірттері» номинациясы бойынша І орынды жеңіп алған дарынды оқушы биыл да Абайдың 175 жылдығына орай облыста ұйымдастырылатын әр түрлі байқауларға қатыспақ.

Республикалық байқауда Абайдың шәкірті — Шәкәрім, Абайдың балалары — Мағауия және Ақылбайдың өлеңдерін жатқа оқып, озық шыққан Әйгерім ұлы ақынның туған жері Жидебайға барып, «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейін, Абай-Шәкәрім мұражай-кесенесін аралап, ерекше әсер алып қайтқан.

— Өткен жылы байқауға Шәкәрімнің 80 шақты өлеңін, Мағауияның «Медғат-Қасым», Ақылбайдың «Зұлұс» поэмасын жаттап бардым. Қазылар алқасының, көрермендердің қолдауымен 1-орынға ие болдым. Жалпы бұл номинация бойынша жарысқа 20 шақты оқушы қатысты. Осындай жетістікке жеткеніме өте қуаныштымын. Биыл да Абайға қатысты байқаулар мен іс-шараларға белсене қатысамын, — дейді ол.

Әйгерім Абай өлеңдерін 5-сыныптан бастап жаттаған. Жетекшісі Айзат Сүлейменова шәкіртінің жетістікке жетіп, мектептің, ауылдың абыройын көтергеніне дән риза.

Бұған дейін республикалық «Жарқын болашақ» олимпиадасына, республикалық «Ақ қауырсын» шығармалар байқауына, «Әлем Талант Stars» өнер байқауына, «Абай, Шәкәрім оқулары», сондай-ақ «Жеті өнер» халықаралық балалар мен жастар шығармашылық фестиваліне қатысып, республикалық, облыстық кезеңдерде бас жүлдені иеленген Әйгерім алдағы уақытта да талай белестерді бағындырмақ.

  • Абай Құнанбаевтың өлеңдері кез келген адамға үлкен ой салады, бағыт-бағдар береді, әсіресе, біз сияқты оқушыларға берер тәлім-тәрбиесі мол. Сондықтан мен өз қатарластарымды Абай шығармаларын оқуға шақырамын.

Ұлы ойшылдың әрбір сөзінің мән-мағынасы, ұлағаты мол. Сол үшін мен ақынның өлеңдерін сүйіп оқимын. Жалпы поэзияны жақсы көремін, — дейді дарынды оқушы.

Әйгерім отбасында төрт баланың ортаншысы. Әкесі мен анасы — тәжірибелі ұстаздар.

Мектепте өзінің білімділігімен, жан-жақтылығымен көзге түскен Әйгерімге ұстаздары үлкен үміт артады, ал сыныптастары оның жетістіктерімен мақтанады.

Біздің Жарқамыс ауылынан талай ақын-жазушылар шықты. Ал Жарқамыс орта мектебінен шыққан дарынды оқушылар қазір де өте көп. Мен солардың бірі болғаныма мақтанамын, — дейді Әйгерім.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button