Мереке

Ши тоқыған шебер

Қазақтың ұлттық қолөнерінің ерекше түрі — ши тоқу. Бүгінде осы өнерді жалғастырып, оның жандануына үлес қосып жүргендердің бірі — Ләйла Тәженова.

— Бала күнімде сурет, портрет салғанды ерекше ұнататын едім. Әжемнің ши, алаша тоқып, киіз басқанын көріп, үйрене бастадым. Ол кездері тоқылған шиі жоқ үй жоқтың қасы. Себебі қарапайым шидің үй тұрмысында атқаратын рөлі зор болатын, — дейді ол.

Ши тоқудың өзі — бір әлем. Қолөнерші алдымен шидің қаншалықты пайдалы екендігіне тоқталды.

— Тоқылған шиді киіз үйдің құрамдас бір бөлігі ретінде кереге сыртына тұтуға, үйге төселген киіздің астына ызғар өтпеске қолданған. 

Негізінен шидің үш түрі болады. Олар: ақ ши, орама ши және шым ши. Мұндай ши түрлерінің әрқайсысы өз орнымен түрлі мақсатта пайдаланылады. Ақ шиді тек ақ жүнмен орап тоқиды. Тығыз тоқылған ши күннің суық кезінде киіз үйдің керегесіне тұтқанда үйдің жылы болуына әсер еткен. Ал орама ши ешқандай жүнсіз, шидің өзімен дайындалады. Бұл түрін қазақ халқы мал сойғанда еттің астына салуға, ыдыс жуғанда, құрт-ірімшікті кептіргенде пайдаланатын болған. Ал, шым ши өрнектер арқылы түрлі түсті жүнмен оралып, әдемілікке, сәндікке тоқылады. Бұл да киіз үйдің керегесіне ілінеді немесе есіктен жел өтпес үшін қолданылған.

Көпшілік шиді қамыспен шатыстырып жатады. Ши тек күз мезгілінде піседі. Мен шиді ең алғаш Мұғалжар ауданындағы Родник ауылынан жинадым. Сондай-ақ ши өңіріміздің Шалқар, Байғанин аудандарында көп өседі. Піскен шиді алдымен жинап, кептіреміз, кейін тазартамыз. Мәселен, шым шиді тоқу үшін ұнаған бейненің немесе өрнектің сызбасын жасап, содан соң оған сәйкес жүнді бояймыз.

Осыдан бірнеше жыл бұрын қойдың жүнін тазартып, оны бояп, ши тоқыған жұмыстарым бар. Қазіргі дамыған заманда дүкендерден түрлі түсті жүнді сатып алуға болады, — дейді қолөнерші.

Қазір Ләйла Тәженова 15 жылға жуық уақыттан бері  Ақтөбе қалалық көркемсурет лицейінде шәкірттер тәрбиелеуде. Ши тоқу өнері баланы ептілікке, әсемдікке, тиянақтылыққа, сондай-ақ шыдамдылыққа үйрететінін айтады.

— 2009 жылдан бастап лицейдің қазақ бөліміндегі оқушылары үшін композиция пәнінен ши тоқу өнері оқу бағдарламасына енгізілді. Жалпы балаларды 5 жастан бастап қабылдаймыз. Олар ши тоқу барысында қарапайым сурет салудан бастап, қазақтың ою-өрнектерімен кеңінен танысады. Ши таяқшаларына түрлі түсті жүндерді орай отырып тоқиды. Бүгінде ұлттық өнерге қызығушылық танытып, үйренгісі келетін жастардың қатары көп , — дейді ол.

Қолөнершінің шәкірттері әр жылдары «Алтын қазына» атты республикалық қолөнершілер байқауында жүлделі орындардан көрінді. Сондай-ақ ши тоқумен қатар, киіз басу, теріге ою-өрнек басу, ағаш ою секілді қолөнер түрлерінен арнайы ғылыми жұмыстарын қорғады.

— Бүгінде жастардың қиялы ұшқыр. Олар қазіргі заманға сай түрлі тақырыпты таңдайды. Сондай-ақ ши тоқуға тек қыздар ғана емес, ер балалар да қызығушылық танытып жатады. Ши тоқу — күрделі жұмыс. Балалар бір жұмысты бірнеше айда тоқып бітіреді, — дейді қолөнерші.

Ши тоқу өнерін меңгеру үшін балалар үйірмеге аптасына үш рет қатысады. 4-сыныпты аяқтағаннан кейін, оларға ІІ санатты куәлік беріледі. Оқу бағасы балалардың жас ерекшелігіне қарай, айына 3000-6000 теңге аралығында. Тамыз айында қабылдау жұмыстары басталады.

— Қазақ халқында ши тоқу, оған жүн орап, өрнектеп безендіру ісі — ғасырлар бойы атадан балаға мирас болып келе жатқан ұлттық өнер. Шиден түрлі бейнелер жасап, ою-өрнектермен өрнектеп, кәдесый ретінде нарыққа шығарып, бұл кәсіпті нәсіп етіп отырғандар да қазіргі таңда жоқ емес.

Қазақтың әр шаңырағында ұлттық бұйымның бір бөлшегі болса екен деймін.

Менің ендігі мақсатым — осы күнге дейін дайындаған жұмыстарымды жинақтап, қазақтың қолданбалы өнерінен көрме өткізу, — дейді ол.  

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button