Ағаш жонған бесаспап келіншек

Дина Шадкам Иран елінде туып-өссе де, қазақтың өнеріне деген сүйіспеншілігін өмірлік жолымен байланыстыра білген жан. Өзге елде жүрген қазақтың қызын өз ұлтының салт-дәстүрі мен мәдениетіне деген қызығушылығы, осы жақтан тапқан жан тыныштығы мен рухани азығы тарихи Отанына біржола алып келді, ақыры. Туып-өскен жерінде, үйреншікті ортасында жүргенде де бәрібір үнемі бір жағының ойсырайып, үңірейіп тұрғанын, соны ештеңемен толтыра алмағанын айтады кейіпкеріміз. «Оның рухани шөліркеу екенін елге келгесін түсіндім», — дейді өзі. Содан бері Дина ұлттық нақыштағы бұйымдар жасауды қызығушылықтан кәсіпке айналдырып, енді шәкірт тәрбиелесем деп отыр.
«Рухани азықты қазақ жерінен таптым»
«Сен қай ұлтсың? Қазақ деген кім? Олардың тілі қандай, салт-дәстүрі қалай?». Бала Дина өзіне үнемі қойылатын осы сұрақтарға жауап іздеп өсті. Бұл сұрақтар оны өзіне арман болған елге есейгенде алып келді. Ертеректе елге оралған ата-әжесі мен туған ағасына 2000 жылы қонақ болып келген кейіпкеріміз: «Жырақта жүріп таппаған рухани жан тыныштығын өз ұлтымның арасынан, өз елімнің топырағынан таптым» дейді. Бірақ бір айға жетер-жетпес уақыт қана елде болып, Иранға оралғаннан кейін, «Көшейік», деп ата-анасының «мазасын алған» жас қызға ешкім құлақ аса қоймайды. Содан Динаның өз сөзімен айтсақ, «өзі шешім қабылдауға мүмкіндік туар уақытты күтіпті». Сол уақыт аралығында ол Тегеранда қолөнер мамандығы бойынша жоғары білім алып, мектепте қолөнер және технология пәні мұғалімі болып жұмыс істеп үлгереді.
— Ол жақта дипломдық жұмыс үшін міндетті түрде оқыған салаң бойынша кітап жазып, оны қорғап шығуың керек. Әрине, қазақтың ою-өрнегін зерттеу маған арман болды. Бірақ, өкінішке қарай, оған қолым жетпеді, тіпті қолымда бірде-бір кітап болмады, өзім де біліңкіремедім. Бар білгенім, анамнан көрген азды-көпті қазақы өрнек еді. Ісмер шешем кейде қазақы киімдер тігетін. Дегенмен, олар таза қазақы болмаған секілді. Себебі, жырақта жүрген қазақтар жалпы ұлттық өнер мен мәдениетті шалалау біледі деп ойлаймын. Сөйте тұра, сол аз ғана білгенін сақтап, дәріптей алады. Содан түбі бір түркіміз ғой, қазаққа ұқсастығы бар болар деген оймен түрікменнің ұлттық кілемдерінің ою-өрнегін зерттедім. Расымен кейін олардың өрнегінен қазақтың ою-өрнегіне ұқсастықтар таптым, — дейді шебер.
Содан Дина араға 9 жыл салып, 2009 жылы өз шешімімен елге келіп, Ақтау қаласына қоныс тебеді.
- Елге ораларда Ирандағы Қазақстан елшілігіндегі Бекжан Молдахмет деген елшінің көмекшісі алғашқы уақытта оңай болмайтынын ескертті. Тіпті Иранда қалсам, елшілік тарапынан қолдау білдіріп, кәсіби өсуіме көмектесе алатындарын да алға тартты. Бірақ тарихи отаныма асыққан маған оның бәрі ұсақ-түйек нәрседей көрінді. Расымен алғашқыда оңай болмады.. Әсіресе, тіл жағы қиындау болды. Қазақшам шорқақтау еді, тіпті, қазір де жұрт аздаған «акцентің» бар дейді. Бірақ ешкім «оралмансың ба» деп сұраған жоқ. «Шымкенттің қазағысың ба, дауысың жіңішке, сөзің майда» дейтін. Ол кезде қазақ жеріндегі әр өңірге тән бұл ерекшеліктерді біле бермегесін, «акцентті» қалай айырады екен деп таң қалатынмын. Иранда материалдық тұрғыда жағдайымыз жақсы болды, ал рухани жағынан бірдеңе жетіспей жүргендей, тынысым тарылып жүретін едім. Елге келгенде көкірегім сайрап қоя берді, екінші тынысым ашылып, керемет бір күй кештім. Көшеде ешкім сені шұқып көрсетпейді, басқа ұлт демейді, — дейді Д.Шадкам.
Елге келіп, азаматтық алғаннан кейін Маңғыстау облыстық балалар үйінде үш жылға жуық уақыт жұмыс жасаған кейіпкеріміз Қандыағаштың жігітіне тұрмысқа шығады. Шалқарда туып-өскен жолдасы Эдуард Жанұзақов 15 жылдан астам уақыттан бері Қандыағашта теміржол саласында жұмыс жасайды. Осында алғаш келген уақытында Дина екі жылдай қаладағы «Жас Бағлан» тігін шеберханасында жұмыс істеп, көрпе-көпшік тыстарына кесте тігіп, өрнекпен оюлады.
«Ағаш құрағы — ең сүйікті ісім»
Динаның ең сүйікті ісі – ағашпен жұмыс жасау. Оның ішінде ағаштан ойып, түрлі суреттер, ойыншықтар құрастыру. Дина ағаштан құран сүрелерін де ойып жазып, жарға ілетін картина жасаудың шебері. Төрт жылдан бері үйде отырған Дина, әрине, қарап отырған жоқ. Тігінмен айналысып, түрлі той көйлектерін, мектеп формаларын тігіп, ою ойып, ағаштан, фарфордан, батикпен түрлі бұйымдар жасайды. Қылқаламмен өте ұсақ суреттер салатын да әдеті бар.
— Ағаштың түр-түрі бар. Мен өз жұмыстарыма жаңғақ, аққайың, інжір, алмұрт, апельсин, жиде, лавр, жалпы жеміс-жидек ағаштарын қолданамын. Мысалы, бір жаңғақ ағашының 27 түрі бар, түсі қоңырдан күлгінге дейін өзгереді. Жалпы ағаштың жасы ұзарған сайын түстері де сан алуан болады. Кейбір қажетті ағаштарды Ираннан алдырамын. Шымкент жақта жаңғақ ағашы көп. Түркістаннан да өзіме қажетті ағаш түрлерін таптым. Қайда жүрсем де, ағаш қарай жүремін. Тіпті кесіліп, далада жатқан ағаштан да кейін керемет дүниелер жасап шығаруға болады. Көзіме түскен ағашты жарап жатса, жинап жүретін әдетім бар солай, — деп күліп алды Дина.
«Арманым — өнер орталығын ашу»
Динаның жүрегіне түйген бір арманы бар. Ол – қолөнер орталығын ашу.
— 3 жыл Ақтауда, 7 жыл Қандыағашта қазақтың қолөнерімен айналысып, өзімді өзім жетілдіріп, осы салада қолымнан бірдеңе келетіндей дәрежеге жеттім деп ойлаймын. Сол білгенім мен түйгенімді шәкірттерге үйретсем деймін. Қазір оқушылар, жастар интернетке әуес. Бос уақыттарын қолындағы құйттай телефонға үңіліп өткізеді. Сондықтан қолөнер орталығын ашсам, сол балалардың, әсіресе, қыздардың пайдалы әрі қажетті нәрсемен айналысуына өз үлесімді қосар едім, — дейді.
P.S. Ағаштан түйін түйіп, қылқаламмен суретті сөйлеткен, бес саусағынан өнері тамған шебер Динаның қызы кішкентай Томирис те ана жолын қуып, қолөнердің тілін түсінуге тырысып жүр. Жырақтан қазағының өнерін аңсай жеткен кейіпкерімізге орталық ашып, шәкірт тәрбиелер күн де туар деген үміттеміз…
Бану ЖАРТИНА,
Мұғалжар ауданы.



