Құқық

Қылмыстың алдын алу полицей мен педагогтің ғана міндеті емес

Тәрбие

Жыл басынан бері облыста 29 жасөспірім қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Олардың 16-сы мектеп оқушысы болса, 12-сі колледжде, ал біреуі —жоғары оқу орнында оқитын балалар. Бұл туралы облыстық полиция департаменті мен білім басқармасы басшыларының мектеп және колледж директорларымен, ата-аналар комитетінің төрағаларымен кездесуі барысында айтылды.

Кәмелетке толмаған жасөспірімдер арасындағы қылмыс — қоғамдағы ең өзекті, әлеуметтік маңызы бар мәселелердің бірі. Сондықтан, полиция департаменті мен облыстық білім басқармасы жоспарлы кездесуді елдегі эпидемиологиялық жағдайға қарамастан оқушылардың каникулға шығар алдында өткізуді жөн санаған. Облыстық полиция департаментінің бірінші орынбасары Қанат Әлиев пен облыстық білім басқарамасы басшының орынбасары Нұргүл Бертілеуованың төрағалығымен өткен жиында облыстық жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Ардана Саймағамбетов кәмелет жасқа толмағандар арасындағы қылмыстың профилактикасы туралы баяндама жасады.

Полицейлердің айтуынша, кәмелетке толмаған жасөспірімдер арасында тонау, ұрлық, алаяқтық секілді қылмыстар жиі тіркеледі. Арасында тіпті адам өлтіру фактілері де бар.

— Жыл басталғалы жасөспірімдер арасында түрлі қылмыстар жасалғанымен, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 19,3 пайызға төмендеген. Дегенмен қылмыс деңгейі азайып келеді деп қол қусырып отыруға болмайды. Және бұл бағытта жұмыс жасау тек полиция мен педагогтің ғана міндеті емес. Өйткені тәрбие алдымен отбасынан басталатындығын жақсы білеміз. Сондықтан ата-аналар балаларының кіммен не туралы сөйлесіп жүргенін қатаң қадағалағаны жөн,  — деген А.Саймағамбетов жиында жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алу үшін бірқатар ұсыныстар айтты.

Статистикалық тұрғыдан қарар болсақ, қылмыстық жауапкершілікке тартылған жасөспірімдердің 52 пайызының жағдайы жақсы, толық отбасында тәрбиеленгендер. Ал  32 пайызы толық емес отбасының балалары болса,  5,3 пайызы ғана есепте тұрған қолайсыз отбасының балалары екен. Тағы бір айта кететін жайт, жалпы жасалған 21 қылмыстың 71%-ы бұрын ішкі іштер органдарының назарына түспеген және бұрын-соңды қылмыс жасамаған жасөспірімдер тарапынан жасалған. Облыстық жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Ардана Саймағамбетов бұны мектеп инспекторлары мен педагогтардің тәрбие жұмыстарының тиісті дәрежеде атқарылмағандығының нәтижесі екендігін айтады. Десе де, облыста жасөспірімдер арасында жасалған қылмыстардың 52 пайызын ювеналды полиция инспекторлары анықтаған. Айтуынша, бүгінгі таңда облыста  кәмелетке толмағандар істері жөніндегі 144 мектеп инспекторы бар. Олар 442 білім беру мекемелеріне бекітілген. Яғни,  бір инспектор кемінде 3 білім беру мекемесінде қызмет атқарады. Ал штат бойынша қосымша 125 инспектор қажет.

«Басты міндетіміз — қылмысты ашу ғана емес, оның алдын алу» деген полицейлер кез келген анықталған немесе белгілі болған криминогендік ақпаратты бірден ішкі істер органдарына хабарлау керектігін айтты.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button