Басты жаңалықтар

Уағыз уақытша тоқтатылады, 69 мешітке дезинфекция жасалады

Бейсенбі күні Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы коронавирустың алдын алу және сақтық шараларына орай жұма намазына қатысты Үндеу жариялаған болатын. Осы орайда біз облыстың бас имамы Төлеби Оспанмен тілдескен едік.

— Әлемде болып жатқан жағдай қазір бәрімізді алаңдатып отыр. Тіпті бүгін елімізде де осы инфекцияға қатысты деректер тіркелді. Осы орайда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы шариғаттағы зәрулік үкімін негізге ала отырып, коронавирустың жамағат арасында таралуының алдын алу және сақтық шарасы ретінде жұма намазынан бұрын айтылатын 30 минуттық уағызды келесі жұма, яғни 20 наурыздан бастап уақытша тоқтату туралы мәлімдеме жасады. Сонымен қатар алдағы уақытта намаз уақыты кіре сала азан айтылып, 4 ракағат сүннет өтеліп, жұма намазының 2 ракағат парызы қысқа сүремен оқылатын болады. Жұма намазының парызынан кейін оқылатын 4 ракағат сүннетті үйде оқуға кеңес береміз. Сондай-ақ мешітке келген жамағат сақтық шараларына байланысты бір-біріне қол беріп амандаспайды, мешітке бетперде киіп келу талап етіледі. Намаздан кейін жамағаттан көп кідірмей, мешіттен шығу сұралады. Мұның бәрі — аурудың алдын алу үшін жасалып жатқан сақтық шаралары. Сондықтан біз барша мұсылман қауымын осы жағдайларға түсіністікпен қарауға шақырамыз, — деді ол.

Төлеби Оспанның айтуынша, 14 наурыздан бастап облыстағы 69 мешітке дезинфекция жұмыстары жүргізіледі. Қазіргі таңда бірқатар аудандарда бұл бағыттағы жұмыстар басталып кеткен.

Жұмыс барысымен Қандыағаш қаласында жүрген бас имам аудан орталығындағы жамағатқа сақтық шараларына қатысты түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының Үндеуін жеткізгенін атап өтті.

Д.ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button