Жаңалықтар

Жер қатынастарын «геопортал» анықтайды

Таныстырылым

«ANTIKOR ORTALYGY»  ғимаратында жер қатынастары саласында қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында «Геопортал Ақтөбе» және «Ашық бюджеттердің интерактивті картасы» жобалары таныстырылды.  «Геопортал Ақтөбе» жобасының толық іске қосылуына  жергілікті бюджеттен 238 миллион теңге қаражат бөлінген.

Көп жағдайда жер  телімдеріне қатысты сұрақтарға,  ақпаратқа қолжетімділіктің болмауынан   тұрғындар тарапынан түсініспеушілік туып жатады. Мәселен, 2019 жылы  Сыбайлас жемқорлыққа қарсы  іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті  жер қатынастарына байланысты 103 қылмыстық іс тіркеп, оның 88-і сотқа жолданған. Нәтижесінде 43 лауазымды тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Жемқорлық кесірінен  мемлекетке 2 миллиард 289 миллион 716 мың теңге залал келтіріліп, осы шығынның  95,2%-ы  бюджетке қайтарылған.  Осы ресми деректерден жер қатынастары саласының жемқорлыққа бейімділігін  аңғаруға болады.

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті облыс әкімдігімен бірлесіп «Геопортал Ақтөбе» жобасын іске асыруға кірісті. Бұл  пилоттық  жоба  біздің өңірімізден басқа  Нұр-Сұлтан мен Алматы қалалары және Атырау облысында іске асырылмақшы.  Бірнеше сервистік  жүйе біріктірілген жобада тұрғындардың 11 мемлекеттік қызметке қол жеткізіп, жер телімдері құжаттарын электронды түрде  рәсімдеуге мүмкіндіктері бар. Сонымен қатар  жеке тұлғалар,  кәсіпкерлер мен инвесторлар бос жатқан жер телімдері  мен олардың кадастрлық құны, кепілдік жарнасы,  картада орналасқан жері, аукцион өткізу шарттары туралы ақпаратты көріп, жер телімдерін тіркеуге және қайта тіркеуге  электронды-сандық қолтаңба кілті арқылы өтініш бере алады. Қазір жобаның қызмет көрсету сервистері толықтай жасалған. 10 наурыздан бастап жобаны әзірлеушілер қаладағы халыққа қызмет көрсететін үш орталықта  түсіндіру жұмыстарын жүргізіп,  тұрғындармен ақпарат алмасып, кеңес береді. Электронды сервис көмегімен  жер  телімдері туралы ақпарат алу кезінде сол аумақтағы газ құбырлары,  электр қуаты, су желісінің жүргізілуі мен  интернет байланысы туралы білуге мүмкіндік бар. Порталда  су басу қаупі бар  аймақтардағы жер  телімдерін алуға рұқсат берілетіні не берілмейтіні жайында да мәліметтер келтірілген.

Сондай-ақ елімізде Агенттік бастамасымен 2019 жылы «Ашық бюджеттердің интерактивті картасы» жобасы жүзеге асырылған болатын. Бұл жобаның көмегімен азаматтар мемлекеттік мекемелердің бюджеттерімен танысып, оның қалыптасуы, ашықтығы  және бөлінген қаражатты тиімді игеру мәселелері бойынша   шағымдарын немесе өтініштерін қалдыра алады. Былайша айтқанда, мекемеге бөлінген қаражаттың игерілуі қоғам алдында ашық болуы керек.  Бұл жобаға облыс бойынша  білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет саласындағы  940 мекеменің бюджеті кірістірілген. Ендігі жерде  өңір тұрғындары  Publicbudget.kz порталына кіріп, толық ақпаратқа қол жеткізеді. Алдағы уақытта қалаішілік жолдарды  жөндеуге бөлінген қаражат сомасы аталмыш  порталға енгізілмек.

 Бекет АЙСҰЛТАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button