Мереке

Біздің Әсел

Әселді қашан көрсең, әйтеуір біреулерге көмектесіп, жүгіріп жүреді. Халыққа қызмет көрсету орталығына барған адамдар Әселді танитын болса, міндетті түрде алдымен оны тауып алып, кеңес алып, жөн сұрап жатады.
Әсел Мұстафина бала кезде заң саласында жұмыс істеуді армандапты. Сол арманы алға жетелеп, мектеп бітіргеннен кейін Қазақ гуманитарлық заң колледжін құқықтану-қылмыстық істер мамандығы бойынша, одан соң
Қ.Жұбанов атындағы мемлекеттік университетін құқықтану мамандығы бойынша аяқтады. Диплом алғаннан кейін Ақтөбе қалалық №2 сотында қылмыстық іс жүргізу бөлімінде, әділет департаментінде еңбек етіп, 2006 жылы желтоқсан айында жаңа мекеме — халыққа қызмет көрсету орталығы ашылған кезде ұжымдағы бірқатар әріптестерімен бірге сол жаңа мекемеге жұмысқа ауысқанын айтады:
— Сол жылдан бастап осы күнге дейін халыққа қызмет етіп келемін. Әр жылда өзімнің біліктілігімді арттыру үшін түрлі оқу курстарына барып, жұмысыма қажетті кітаптар оқуды әдетке айналдырдым. Жұмысым өзіме ұнайды. Біз халықпен жұмыс істейміз. Ал халықпен жұмыс — абыройлы жұмыс. Үнемі ізденіп, өзімді жан-жақты сынай беремін, ешқашан шаршадым деп айтпаймын, себебі басқаларға үлгі болу үшін еңбек ету керек, — дейді Әсел.
Осы ұдайы ізденістің, алға ұмтылғыштықтың нәтижесі мынау: Әсел халыққа қызмет көрсету орталығына қарапайым оператор болып келді, ал қазір әлдеқайда жауапты жұмыс атқарады. Ол орталықта оператор, кеңес беруші, инспектор, операциялық зал басшысының орынбасары, операциялық зал басшысы, бөлім басшысының орынбасары болды. Одан соң Ақтөбе қалалық №2 халыққа қызмет көрсету орталығының бөлім басшысы міндетін атқарып жүріп, осыдан үш жыл бұрын директордың ұсынуымен орталықта жаңадан ашылған баспасөз қызметіне баспасөз хатшысы лауазымына ауысты. Бүгінде Әселді бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері де, жалпы әлеуметтік желіде белсенді тұрғындардың да көпшілігі жақсы біледі, Себебі Әсел осы салаға қатысты кез келген сұраққа жылдам жауап беріп, толық ақпарат бере алады.
— Әрине, қызмет жоғарылаған сайын қойылар талап, жүктелер міндет, атқарар шаруа да көп болары белгілі. Баспасөз қызметі хатшылығы жұмысы алғашында қиындау болды, себебі облыстың барлық халыққа қызмет көрсету орталығына түсетін азаматтардың арыз-шағымымен айналысу, мемлекеттік қызметтердің сапасын көтеру және қызметтерді танымал ету үшін ол туралы кеңірек ақпарат тарату оңай жұмыс емес екенін түсіндім. Уақытпен жүріп, нақты жоспар құрып, оның сапалы орындалуын қатаң қадағалауға тырысамын, себебі әр жасалған жұмыстың нәтижесі болуы керек, — дейді ол.
Әсел орталыққа түскен әрбір арыз-шағымды талқылап, сол арыздың иесімен кездесіп, пкірлесіп, сұрағына жауап береді. Келушілермен сөйлесіп, азаматтардың
цифрлық сауаттылығын арттыруға мән береді. Орталықта өтетін қоғамдық шараларға да белсене араласады. Бұл еңбектері зая кеткен жоқ: 2011 жылы сол кездегі Ақпарат және байланыс министрінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Облыс, қала басшылығының ХҚКО басқарма төрағасының, Астанадағы бас директорының Алғыс хаттарымен, мемлекеттік қызметтерді сапалы орындағаны үшін арнайы төсбелгімен марапатталды.
— Біздің орталықта қызмет ететіндердің 80 пайызы — әйел адамдар. Бұл қыз-келіншектердің құжат жасау ісінде тиянақтылығын көрсететін шығар. Адам өмірге келгеннен бастап құжат әзірлейді емес пе? Ендеше, менің қызметім адамның өмірімен, оның дүниеге келуі, азамат болуы, оқуы, жұмысқа тұруы, үй салып, отбасын құрып, балалы болуы, басқа да толып жатқан өмірлік маңызы бар жайттар кезінде қажетті құжаттарды әзірлеумен байланысты. Біз адамдарға көмектесеміз, ал бұл керемет емес пе? — дейді Әсел.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button