Мереке

Отбасының байлығы — 11 бала

Жүрегіне бар әлемнің мейірімі мен махаббаты сыйып кететін аналардың бірі — көп балаға әлемнің жарығын сыйлаған «Алтын алқа» иегері Айнұр Бекеева.
Әңгімеміз ә дегеннен алғыс айтудан басталды.
— Қазір Ақтөбе қаласындағы Юнис сити ауданында үш бөлмелі үйде тұрып жатырмыз. Оны бізге күйеуімнің жұмысы, анығы, «Center group» құрылыс компаниясының басшысы, танымал кәсіпкер Самат Үрмағамбетов тегін сыйға берді. Үлкен жүректі азамат екен, жақсылығы Алладан қайтсын! — дейді «Алтын алқа» иегері.
Айнұр тұрмыс құрғалы ресми жұмыс істеп көрмепті. Олай дейтініміз, қашаннан да әйелдің бала бағып үйде отырғаны жұмыссыз деп есептелінеді ғой. Әйтпесе, жасалғаны көрінбейтін үй тірлігі бітер ме?!
Даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлы: «Дүниеде баланың у-шуынан асқан әуен ойлап табу мүмкін емес» депті. Осы қағиданы ұстанған отағасы Қонысбай — мейірімді, балажан, қамқор әке. Оның мықтылығы сол — «жұмысқа шығып қайтесің, одан да балаларға қара, өзім асыраймын» депті. Содан бері кейіпкерімнің жұбайының қабағын бағып, тапқанын үйлестіріп, «балаларым — бақытым» деп өмір сүріп келе жатқанына да жиырма жылдан асыпты. Үлкен балалары еңбекке де жарап қалыпты, ата-анасына қолғабыс етіп жүр.
Тұңғышы Расул автосервис колледжінде аспаз мамандығының үшінші курсында оқиды. Рафхат автожол колледжінде кран жүргізушінің оқуын оқып жүр. Фархад — Ақтөбе мұнай-газ колледжінің оқушысы. Одан кейінгі балалары — №72 орта мектептің оқушылары. Атап айтсақ, Әлішер — 8-сыныпта, Ардақ — 6-сыныпта, Адай 4-сыныпта білім алады.
«Баланың білегі ауырса, ананың жүрегі ауырады» демекші, Айнұр да «ауырған баласын жазылғанша жақсы көретін» аналардың бірі.
— Екінші сыныпта оқитын Еркеназымыздың денсаулығына алаңдайтынбыз, кіп-кішкентай жүрегінен ақау табылып, 2014 жылы Астанаға апарып, операция жасатып келдік. Қазір, шүкір, жақсы. Ал Аруназ бауырлары оқитын мектептің даярлық тобында жүр. Қазір қасымда үш жастағы Мүсілім, екі жастағы Аһмад, сосын жеті айлық Әбдуазиз бар. Екі кішкентайды балабақшаға бермедім, бәрібір өзім үйде отырғасын, одан да бала тәрбиесіне өзім қарағым келді, — дейді «Алтын алқа» иегері.
Оқудан тыс уақытта аспаздықтың оқуын оқып жүрген Расул бауырлары Рафхат пен Фархадты қасына ертіп, мейрамханаларда даяшы боп қызмет етеді екен.
— Мейрамхана-дәмханаларда даяшы болу оңай емес, бір ыдысты сындырып алсаң, қыруар ақша төлейсің. Жауапты жұмыс қой. Дегенмен табанды ұлым «жұмыс істеймін» деп, әкесінен рұқсат сұрап, әуелі өзі барып жүрді. Қазір кейде қасына екі інісін ертіп алады. Алғашқы табысын үйге әкелгенде дүкенге апарып, несібесі мол болсын деп, нан алғыздым. Сосын бір апталық шығынын есептетіп, қанша ақша қайда жұмсалатынын түсіндірдім. Отағасы екеуміз үнемі балаларға өзіміздің балалық шағымыздың қандай болғанын, қиындықтары мен қызық шақтарын еске алып айтып отырамыз. Селтең қағып, бос жүрудің зиянын, еңбек еткеннің жаман болмайтынын айтамыз. Бойын таза ұстау керектігін, біреудің ала жібін аттамай, өтірік айтпаудың дұрыстығын ескертеміз. Ысырап қылмауды, үнемдеуді үйретеміз, — дейді «болашаққа деген сенімнің кепілі — бала» екенін түсінетін көпбалалы ана.
«Алтын алқаға» ие болғалы Айнұр мемлекеттен 16500 теңге алып келеді. Биылдан бастап балаларына 73 мың теңге мемлекеттік жәрдемақы, сондай-ақ айына 129 288 теңге атаулы әлеуметтік көмек алып отыр.
Үйінің берекесі мен сәнін келтіріп отырған Айнұр жұбайы Қонысбайдың амандығын тілеп, бар күш-жігерін перзенттеріне жұмсайды. Сол арқылы оның жаны нұрланып, ал шуағы шаңырағына мол түседі. «Отбасым — бақыт мекенім» дейтін аналардың тағы бір үлгісі — осы.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button