Абай — 175

Қазақтың темірқазығы

Абай Құнанбаевтың 175 жылдығы мерейтойы аясында Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті тарих факультетінің география және туризм кафедрасының ұйымдастыруымен «Абай — қазақтың темірқазығы» атты шара өтті.
Гүлнұр Шумақованың жетекшілігімен өткен шараға география-тарих мамандығында оқитын бірінші, екінші курс студенттері қатысты. Шараға қатысушылар әуелі тақырып аясында әзірленген слайдты тамашалап, Абай еңбектерінен құралған кітап көрмесімен танысты, ақын туралы ұлы адамдардың айтқан сөздерін, фотосуреттер мен Абай портретін көрді.
Бүгінде елімізде, одан қалды алыс-жақын шетелде Абайдың әнін шырқап, өлеңдерін жатқа оқитындар жетіп артылады. Шара барысында Жанар Әлімбаева ақынның «Жүректе қайрат болмаса», «Өлсе өлер табиғат адам өлмес» өлеңдерін, ал Алина Высоцкая «Патша Құдай, сиындым» өлеңін жатқа оқыды. Сондай-ақ, Тимур Омарғалиев Абайдың он екінші қарасөзін қазақ тілінде, Гүлнұр Бурбаева он жетінші қарасөзін орыс тілінде, Айдын Балғабеков жиырмасыншы қарасөзін ағылшын тілінде мәнерлеп оқып берді. Одан соң ақынның аудармаларына кезек берілді. Абай орыс халқының екі ақыны Александр Пушкин мен Михаил Лермонтовтың шығармаларын қазақ тіліне аударғаны мәлім. Студенттер осы аудармалармен танысты.
Шараға қатысушылар ақынның «Желсіз түнде жарық ай» әнін хормен орындады. Айтпақшы, қатысушы топтың студенттері Абай өлеңдерін жатқа оқудан челлендж ұйымдастырып, эстафетаны география-тарих мамандығының 3-курс студенттеріне жолдады.

А.БАЛЖАНАЙ.

ӨНЕГЕ ӨРІСІ

«Дархан даланың дана Абайы». Байғанин ауданындағы Қ.Жазықов атындағы мектепте гуманитарлық пәндер бірлестігінің ұйытқы болуымен осындай тақырыпта онкүндік өтті. Мақсат — Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай ұлы ақынның даналығын, рухани асыл мұраларын насихаттау.
Онкүндік аясында «Табиғат, таңғаламын тамашаңа» тақырыбында сурет көрмесі ұйымдастырылды. Мұнда оқушылар Абайдың табиғат лирикасын негізге алып, өз ойларын сурет арқылы бейнеледі.
«Қуат алып Абайдың оң ісінен». Абай атамыздың сүйікті ойыны — тоғызқұмалақтан өткен сайыс осылай аталды. Оған 7-сынып оқушылары қатысты.
6-9 сынып оқушылары мен сынып жетекшілері «Жүрегімнің түбіне терең бойла» тақырыбында өткен білім бәйгесінде бақ сынады. Жеті бөлімнен тұратын жарыста белсенділікпен көзге түскен 7-сыныптан құралған «Абай өнегесі» командасы жеңімпаз атанды.
Онкүндік аясында ұйымдастырылған шараның бірі — «Бар жазғаны даналық боп саналған» сайысы. Бұл жарысқа 1-10 сынып оқушылары қатысты.
«Абай шығармаларының кейіпкерлері» атты әдеби сазды кеште бастауыш сынып оқушылары өнер көрсетті. Мақсат — жас ұрпаққа Абай аудармаларын насихаттау.
Бірлестік ұйымдастырған шара барысында «Абайды оқыған соң» тақырыбында эссе байқауы өтті. Қорытындысында Ақниет Құлынтаева, Арайлым Шайнуллина, Диляра Нұрбергенқызы, Аққуназ Дәулетқалиевалардың еңбегі жоғары бағаланды.
9-10 сынып оқушыларының арасында «Абайды білмек керек ойлы жасқа» атты дебат өтті.
Сондай-ақ, «Абай Құнанбайұлы» тақырыбында 9-сыныпта ағылшын тілі пәнінен пән мұғалімі Мейрамгүл Орынбасар ашық сабақ өткізді. «Абай жолы» роман-эпопеясы негізінде «Абай жаққан бір сәуле сөнбеу үшін» тақырыбында қойылым қойылды.
Онкүндік «Құлақтан кіріп бойды алар» атты әдеби сазды кешпен қорытындыланды.

Қамажай БЕРМАҒАНБЕТОВА,
тарих пәнінің мұғалімі.
Қарауылкелді ауылы.
Байғанин ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button