Абай — 175

Ұлы ақыннан қалған мұра

Бүгін Ақтөбеде ұлы Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейінің жылжымалы көрмесі ашылады. Көрмеде көпшілік назарына 50-ден астам жәдігер ұсынылады, олардың арасында 1885 жылы Семей өлкетану музейіне ұлы ақынның өзі берген бұйымдар, оның жары Еркежанның киімі, жан-жақтағы архивтерден табылған Абай мен оның әкесі Құнанбай қажыға қатысты құжаттар бар.

Көрме облыстық тарихи-өлкетану музейінде өтеді.

«Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейінің іргетасы 1940 жылы 1 сәуірде Қазақ КСР Халық Комиссарлары кеңесінің №347 қаулысымен қаланған. Алғашында бұл қазіргідей мемлекеттік мәртебеге ие үлкен қорық-музей емес, ұлы ақынның 95 жылдығына орай Мұхтар Әуезовтің ұсынысымен ашылған Абайдың әдеби-мемориалдық музейі еді.

— Бұл Қазақстан тарихындағы тұңғыш әдеби музей еді. Арада жарты ғасыр уақыт өткенде, 1990 жылғы 5 сәуірде, ұлы Абайдың 150 жылдық тойына әзірлік қарсаңында, республика Министрлер кеңесінің осы қорық-музейді құру жөніндегі қаулысы шыққан. Оның құрамында Семейдегі бас музеймен қатар, Жидебайдағы Абайдың музей-үйі, Бөрілідегі Мұхтар Әуезовтің музей-үйі, Абай-Шәкәрім мавзолей кешені, басқа да музейлер мен нысандар бар. Ақтөбеде Абайдың 175 жылдық мерейтойына орайластырылған көрме облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен ұйымдастырылып отыр. Көрмеге ақынның көзі, яғни оның өзі тұтынған зат ретінде де, тарихи тұрғыдан да өте құнды жәдігерлер қойылады. Абай ақынды шын қадірлейтін жерлестеріміз бұл көрмені — ерекше маңызды оқиға ретінде қабылдайтыны сөзсіз, — деді облыстық тарихи-өлкетану музейінің көпшілікпен жұмыс және экскурсиялық қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі Алмагүл Сарыбай.

Жидебай — ұлы Абайдың атақонысы. ХІХ ғасырдың орта тұсында мұнда Қарқаралы сыртқы округінің аға сұлтаны Құнанбай Өскенбайұлы қыстау салдырған, ал 1880 жылы Абай өз қаражатына медресе салдырыпты. Абайдың өзі алдымен Жидебайдан 15 шақырым қашықтағы Ескі там аталған жерде әкесінің ашқан медресесінен әріп танып, 10 жасынан бастап Семейдегі Ахмет Риза медресесінде оқыған.

Абай музейінің негізгі қорында бүгінде 11 мыңнан астам экспонат жинақталыпты. Солардың арасындағы аса құнды жәдігерлердің қатарында 1885 жылы ұлы ақынның Нифонт Долгополов арқылы Семейдегі өлкетану музейіне жолдаған тұрмыстық заттары бар. Жалпы, Семейдегі өлкетану музейі — еліміздегі ең көне музейлердің бірі, ол 1883 жылы ашылған. ХІХ ғасырдың соңында бұл өлкеге саяси сенімсіз ретінде жер аударылған орыс оқығандары көп болған және олардың Абай Құнанбайұлымен жақсы араласқаны белгілі. Семей музейі Е.Михаэлис, Н.Долгополов, П.Лобановский секілді адамдардың бастамасымен ашылған. 1885 жылдың жазында Н.Долгополов Абайдың ауылында екі ай жатып, қонақ болған. Қайтарында музей қоры үшін Абай табыстаған 60-тан астам затты ала кеткен, бұл заттардың тізімі сол кездегі музейдің тіркеу журналында сақталған. Зерттеушілердің айтуынша, бұлар — әншейін беріле салмаған, қазақтың сол кездегі тұрмыс-тіршілігін жан-жақты ашып көрсету үшін арнайылап таңдалған заттар. Бұл жәдігерлер асүй жабдықтары, қару-жарақ, музыка аспаптары, ұстаның құрал-саймандары, т.б. болып топтастырылған. 1963 жылы бұл заттардың тағдырын білу үшін белгілі абайтанушы ғалым Қайым Мұхамедханов облыстық өлкетану музейінде іздестіру жұмыстарын ұйымдастырады. Нәтижесінде, 23 бұйым табылыпты. Кейіннен олардың басым бөлігі ақынның өз музейіне берілген.

Ақтөбеге әкелінген жәдігерлер арасында осы бұйымдардан кісе белбеу, асатаяқ, ер-тоқым, тоғызқұмалақ, т.б. бар.

Кісе белбеудің ұзындығы — 110 см, ал биіктігі 18 см болады. Музейдің көне тіркеу кітабының бұйымды кімнің тапсырғаны жөнінде дерек жазылатын тұсында: «Дар Ибрагима Кунанбаева. Чингизская волость, Семипалатинского уезда» —  деген жазу сақталыпты. Белбеуді мамандар тері мен металл өңдеуді өте жоғары деңгейде меңгерген шебердің қолынан шыққан дүние ретінде де айрықша бағалайды.

Ал асатаяқты зерттеушілер әріде абыздар, беріде бақсылар пайдаланған өте көне аспап санайды. Семей музейіне ұлы ақын тапсырған асатаяқ — еліміздің музейлерінде сақталған асатаяқтардың ішіндегі ең көнелерінің бірі. Оның ұзындығы — 128 см, салпыншақтар тағуға арналған 8 ілмегі бар, бұлардың екеуінің ғана салпыншағы сақталып қалған.

«Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейінің қызметкері Раушан Елекенованың айтуынша, Ақтөбедегі көрмеге Абай Құнанбайұлы табыстаған заттар көшірме түрінде емес, түпнұсқа күйінде әкелінген. Яғни ұлы тұлғаның өз қолымен тұтынған заттары…

— Ақын тұтынған бұйымдардан бөлек, көрмеге біздің қорық-музей қызметкерлері жүргізген зерттеу жұмыстарының нәтижесінде, Мәскеу, Санкт-Петербург, Қазан, Омбы қалаларының және еліміздің мұрағаттарынан табылған Абай мен Құнанбай қажыға қатысты түрлі құжаттар, Семейдегі Ахмет Риза медресесінің шәкірттері оқыған араб, шағатай тіліндегі кітаптар, сондай-ақ Абайдың шет тілдерге аударылған кітаптары, оның жары Еркежанның киімі қойылып отыр, — деді Раушан Әлиханқызы.

«Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейі ұлы ақынның мерейтойына орай оның мұрасын насихаттау мақсатындағы жылжымалы көрмелерді еліміздің барлық өңірлерінде ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Олардың ұйымдастырған көрмелерін бізге дейін Нұр-Сұлтан, Алматы, Павлодар мен Қызылорда тұрғындары тамашалаған.

Ақтөбедегі көрме 28 наурызға дейін жалғасады.

Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button