Денсаулық

Коронавирус: қазақстандықтар қай елге бармауы керек?

Әлем елдері коронавирус қаупінен алаңдап отыр. Оңтүстік Корея, Италия, Иран елдерінде жағдай күрделене түскен. ҚР Бас санитариялық дәрігері Жандарбек Бекшин коронавирус індетінің алдын алу бойынша Қазақстанда қандай жұмыстар атқарылғанын айтып берді. Бұл туралы «ҚазАқпарат» агенттігінде хабарланды. 

Жандарбек Бекшиннің айтуынша, Қытайда вирусқа қатысты жағдай тұрақты болғанымен, әлемнің өзге елдерінде күрделеніп барады. Мәселен, соңғы  кездері Иран Республикасында ресми түрде 42 адамның вирус жұқтырғаны анықталып, 12 адам қайтыс болған. Оңтүстік Кореяда 10 өлім-жітім оқиғасы тіркелсе, Италияда – 10, Гонконгта  2 адам қайтыс болған.  Ал инфекция шыққан Қытай елінде соңғы мәліметтер бойынша 78 064 адам вирус жұқтырса, 2 715 адам көз жұмыпты. ҚХР Денсаулық сақтау істері бойынша мемлекеттік комитеті 26 ақпанда 406 коронавирус жұқтырған адамды анықтады. Ал келесі күні 52 адам осы инфекциядан қайтыс болды. Өлімнің барлығы Хубэй провинциясында (Орталық Қытай) тіркелген.

Еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі індет тараған мемлекеттерді үш санатқа бөліп, Қазақстан азаматтарына бірнеше елге бармау жөнінде кеңес берді. Бұрын бірінші санатта тек ҚХР болса, бұл тізімге Оңтүстік Корея, Жапония, Италия, Иран, Қытайдың арнайы әкімшілік аймақтары —  Гонконг, Макао, Тайвань аймағы енгізілді. Бұл елдерден келген азаматтар 1 наурыздан бастап, өз мекенжайлары бойынша карантинге оқшауланады. Жергілікті дәрігерлер күн сайын оларды бақылап отырады.  Қауіптілігі жағынан екінші санатта үш мемлекет бар. Олар —  Сингапур, Таиланд, Малайзия. Ал үшінші санатқа Вьетнам, Германия, Аустралия, АҚШ, Біріккен Араб Әмірліктері, Канада енгізілді. Бұл елдерден келіп жатқан азаматтар еркін жүреді. Бірақ олардың жағдайын медициналық қызметкерлер телефон арқылы күнара біліп тұрады.

ҚР Сыртқы істер министрлігінің мәліметіне сәйкес, қазіргі уақытта Оңтүстік Кореяда — 34 мың, Жапонияда — 180, Иранда 170-ке жуық қазақстандық бар. Осы уақытқа дейін Уханьнан 300-ге тарта қазақстандықтар мен шетелдіктер жеткізіліп, карантиннен өткізілген. Олардан коронавирус табылған жоқ. 20 ақпаннан бастап Қытайдан келген 160 адам карантинде жатыр. Олардың ішінде отандастарымызбен бірге ҚХР-дың да, өзге елдердің де азаматтары бар. Сонымен бірге, коронавирус инфекциясына байланысты Қазақстан Оңтүстік Корея мен Иранға әуе рейстерін шектейді. Оңтүстік Кореяда 1 146 адам коронавирус жұқтырып, 11 адам көз жұмды. 1 наурыздан бастап екі ел арасындағы әуе қатынасы 9 рейстен 3 рейске дейін азаяды. Түркия, Пәкістан, Оман, Ауғанстан сынды елдер Иранмен әуе қатынасын уақытша шектеген еді. Денсаулық сақтау министрлігі ҚР Инвестиция және инфрақұрылымдық даму және Сыртқы істер министрліктерімен бірлесіп, өзге мемлекеттермен де әуе қатынасын шектеуді қарастырып жатыр. Бұл ретте Қазақстан мен Қытай арасында жүк тасымалының тоқтамағанын атап өткен жөн. Жандарбек Бекшиннің айтуынша, жүк тасымалымен айналысатын қызметкерлер, оның ішінде жүргізушілерге ешқандай қауіп жоқ.  Олар кедендік аймаққа екі сағатқа кіреді және Қазақстанға өтпейді. Басқа да ауыр жүк көліктерінің жүргізушілері шекара аймағында тұр.

Қытайлық тараптан да, біздің тараптан да шаралар қабылданып жатыр. Көлік жүргізушілері бақылауға алынған. Тексеру жұмыстары күніне екі рет жүргізіледі,— деді Жандарбек Бекшин.

Сондай-ақ  Жандарбек Бекшин кәсіпорындар мен қоғамдық орындарға дезинфекциялық режим күшеюі керектігін айтты. Барлық қоғамдық орындарда қол жууға жағдай жасалып, міндетті түрде сұйық сабын қойылуы тиіс. Әсіресе, супермаркеттер мен медициналық мекемелерде дезинфекциялық режим сақталып, сағат сайын есік тұтқалары мен баспалдақ маңайы тазартылып тұруы керек.

«Қазақпарат» агенттігінің мәліметіне сүйенсек, қауіпті санатқа жататын елдерде өтуі тиіс халықаралық спорттық шаралар тоқтатылып жатыр.  Мәселен, Оңтүстік Кореяның Сеул қаласында 13-15 наурыз күндеріне жоспарланған шорт-тректен әлем чемпионаты өтпейтін болды.

ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов күн сайын әрбір өңір министрлікке есеп беріп отыратынын айтты. Қытайдан келетін адамдар да тұрақты мониторингтен өтеді. Мәселен, осы күнге дейін Қытайдан келген 24 мың адамның жартысы 14 күндік карантиннен өткеннен кейін мониторингтен шығарылған.

 

Дайындаған Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button