Жаңалықтар

Ақын рухына тағзым етті

Қарақалпақстанға сапарының екінші күнінде Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин Нөкіс қаласындағы Сорша қорымында жерленген ақын Төлеген Айбергеновтің басына зиярат етті.
Небәрі 30 жасында дүниеден озса да, артында өлмес мұра қалдырған Т.Айбергеновтің атамекені Ақтөбе өңірі екені айтылып жүр. Ақынның туғанына 80 жыл толған мерейтойы Байғанин өңірінде кеңінен аталып өткені белгілі. Қазақстан Жазушылар одағымен бірлескен жоба аясында биылдан бастап берілетін Ақтөбе облысы әкімінің 7 сыйлығының бірі Төлеген Айбергеновтің атында.
Оңдасын Сейілұлы ақынның бейітіне гүл шоғын қойып, Құран бағыштады. Қазақ пен қарақалпаққа ортақ ақынның жырлары мәңгілік екенін айта келіп, оның есімі екі елдің арасындағы мәдени байланыстың бір тініне айналатынына сенім білдірді.

Бауыржан БАБАЖАНҰЛЫ,
Нөкіс қаласы

Басқа жаңалықтар

Back to top button