Жаңалықтар

Шығармашылық ынтымақтастық жалғасады

Облыстық «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттерін біріктіретін «Ақтөбе Медиа» ЖШС мен «AQTO’BE» облыстық телеканалы негізі бұрыннан қаланған шығармашылық ынтымақтастық желісін бүгінгі күні де лайықты жалғастыруда.

Кеше екі ұжым арасындағы алғы бағыттағы бірлескен іс-шараларды айқындайтын меморандумға «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин мен «AQTOBE» облыстық телеарнасы басшысы Мирас Мұқаш қол қойды.

Мұндай өзара тиімділікке негізделген ынтымақтастық 2017 жылдан бері ресми түрде бастау алды. Содан бергі уақытта басқа іс-шараларды айтпағанда, Қазақстанның бұрынғы астаналары — Орынборға, Қызылордаға, бүгінгі Нұр-Сұлтан қаласына бірлескен автоэкспедициялар ұйымдастырылды.

Шығармашылық ынтымақтастық аясында баспасөз конференцияларын, брифингтер, дөңгелек үстелдер, тренингтер, т.б. өткізу, екі жақты іс сапарларға  шығу  қарастырылған. Сондай-ақ, қай ұжымның болмасын маңызды шаралары бірлескен ақпараттық қолдауға ие болмақшы. Әсіресе, «AQTO’BE»-нің алдағы 60 жылдық мерекесіне қатысты мақалалар облыстық газеттер беттерінде тұрақты беріліп тұрады. Баспасөз үйіндегі музейде телеарна экспонаттарынан тұратын арнайы бұрыш ашылды. Сондай-ақ облыстық газеттердің жаңа сандары телеарна арқылы жұртшылыққа таныстырылады.

Салтанатты шара барысында облыстық «Ақтөбе» газеті бас редакторының орынбасары Ертай Ашықбаев, «Актюбинский вестник» газетінің бас редакторы Айгүл Нұркеева сөз сөйлеп, ынтымақтастық ауқымын кеңейте түсуге қатысты ойларын білдірді.

 Өз тілшіміз.

Басқа жаңалықтар

Back to top button