Жаңалықтар

Жұмыс берушілер кәсіби стандарттар қалыптастыруы қажет

Сессия

Кеше облыстық мәслихаттың кезекті қырық екінші сессиясының жалпы отырысы өтті. №22 Мәртөк сайлау округінен депутат Амангелді Есіркеповтің төрағалығымен өткен сессия жұмысына облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов, облыс әкімінің орынбасары Руслан Мамунов, сондай-ақ облыстық басқармалар мен департаменттердің басшылары, аудан және Ақтөбе қалалық мәслихаттарының хатшылары қатысты.

Сессияның  күн тәртібінде облыстық мәслихаттың өткен жылы атқарған  жұмысы қорытындыланды. Облыстық мәслихаттың хатшысы Сәния Қалдығұлованың айтуынша, есепті мерзім ішінде 15 сессия өткізілген, оның бесеуі — кезекті, ал қалғандары — кезектен тыс сессиялар.

Жыл бойы өңір үшін маңызды мәселелер қаралып, тиісті шешімдер қабылданды. Сессия жұмыстарында 17 басқарманың басшыларының баяндамалары тыңдалып, 133 шешім қабылданып, бекітілді. Соның ішінде 37 нормативтік-құқықтық актілер мемлекеттік тіркеуден өткізіліп, облыстық газеттерде және облыстық мәслихаттың сайтында жарияланды, — деді С.Қалдығұлова.

Бүгінгі таңда облыстық мәслихатта 5 тұрақты комиссия жұмыс жасайды, олардың барлық отырысы кеңейтілген форматта өткізіледі. Мәслихат хатшысының айтуынша, былтыр облыстық қоғамдық кеңес, азаматтық қоғам өкілдерімен бірлесе 66 отырыс өткізіліп, 133 мәселе қаралған.

Облыстық мәслихаттың жұмыс тәжірибесінде көпшілік тыңдаулар өткізілді. Депутаттар үшін құқықтық оқу жүргізіледі. Мәслихат депутаттары 29 кеңес пен  комиссиялар құрамында тіркелген. Сондай-ақ олар облыс әкімдігі жанынан құрылған ведомствоаралық сипаттағы мәселелерді қарау жөніндегі консультативті-кеңесші органдардың жұмыстарына белсенді қатысып келеді. Бүгінгі таңда 2 депутаттық бірлестік жұмыс жасауда: Nur Otan партиясы депутаттық фракциясы мен қоғамдық келісім мәселелері бойынша Қазақстан халқы ассамблеясының депутаттық тобы. Депутаттар кездесулер өткізу үшін өздерінің сайлау округтеріне барады, партия филиалдарының қоғамдық қабылдау бөлмелерінде тұрғындарға қабылдау жүргізеді, өз округтерінің сайлаушыларымен олардың жеке мәселелері бойынша кездеседі, — деді Сәния Қалдығұлова.

Оның айтуынша, депутаттар мемлекеттік-жекешелік әріптестік және бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі шеңберінде түрлі шараларға да қатысады. Былтыр депутаттар 237 миллион теңгеден астам қаражатты қайырымдылыққа жұмсаған.

Облыстық мәслихат хатшысы есепті баяндамасында өткен жылы жоспарланған жұмыстардың барлығы нәтижелі орындалып, биылға  бекітілген жоспар бойынша жұмыс жасауға кіріскендерін айтты.

Сессияның күн тәртібінде қаралған тағы бір мәселе — жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының іске асырылуы. Бұл жайында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бұлбұл Елеусінова аталған бағдарламаны жүзеге асырудың төрт бағыты бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

Былтыр облыста «Еңбек» бағдарламасы бойынша 43132 жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтушылар жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылды. Бұл мақсатқа республикалық және жергілікті бюджеттерден 11 миллиард теңге қаражат қарастырылды, — деді басқарма басшысы.

Б.Елеусінованың айтуынша, биылғы жылдан бастап «Еңбек» бағдарламасы бойынша оқушыны қысқа мерзімді оқытудан өткізу үшін төрт жақты келісімшарт жасау жөнінде өзгеріс енгізілген. Ол — жұмыс беруші, ынта білдірген оқушы мен жұмыспен қамту және оқу орталықтары арасында жүргізілетін келісімшарт. «Егер кәсіпорын тарапынан ешқандай сұраныс болмаса, онда оқушыны қысқа мерзімді курстарда оқытуға ешқандай құқығымыз жоқ. «Еңбек» бағдарламасы мен мамандарды даярлау мәселесі бойынша біз облыстық білім, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік басқармаларымен қатар «Атамекен» палатасы және аудандық әкімдіктердің жұмысын үйлестіреміз. Бүгінгі күні бұл мақсатқа 33 мекемеден 463  маман бойынша арнайы ұсыныс түсті. Қазіргі күні министрлік тарапынан төрт жақты келісімшартты жасау бойынша арнайы ереженің бекітілмеуіне байланысты біз бұл жұмыстарды бастай алмай отырмыз. Біз көрсеткіш үшін жұмыс жасамаймыз, нарықтағы нақты мамандықтардың талабын зерттегіміз келеді. Негізінен  сұранысты біз жоғарыда аталған басқармалар мен кәсіпорындар, әкімдіктер мен палатаның зерттеуі негізінде жинап отырмыз», — деді Бұлбұл Елеусінова.

Бұл мәселеге қатысты депутаттар тарапынан сауалдар қойылды. Сессия жұмысы кезінде халық қалаулыларының тартысты тақырыбына айналған бұл мәселеге қатысты Марат Тоқжанов:

Бүгінгі күні біздің алдымызға қойып отырған «Еңбек» бағдарламасының мақсатына сәйкес тек қана маман беру емес, оны жұмысқа орналастыруымыз да  керек. Яғни бұл бағдарлама бос жүрген азаматтардың барлығын белгілі бір мамандықтарға оқытып, жұмысқа орналастыруды көздейді. Өйткені көптеген азаматтар мен азаматшалардың мамандығы жоқ, олардың оқуға жағдайы да жоқ. Сондықтан министрліктің алдына қойылып отырған ең басты мақсат — біз олардың барлығын жұмысқа орналастырып үлгермейміз. Сессияда «нарықтық замандағы талдау қайда?» деп көтеріп жатқан мәселе өте орынды. Талдау жасалып отыр, бірақ өз сапасына жеткен жоқ. Бүгінде жеке кәсіпкерліктің дамуына байланысты көптеген сұраныс бар. Сондықтан мамандарға деген жұмыс берушілердің қызығушылығы жоғары болуы керек. Ол үшін жұмыс берушілер кәсіби стандартты қалыптастыруы қажет. Бүгінгі күні жұмыс берушілердің өздері кәсіби стандартты дайындап бере алмай отыр. Әзірге Білім және ғылым министрлігі мамандарды жалпы стандарт негізінде даярлайды. Егер жұмыс берушілер тарапынан кәсіби стандартты қалыптастыру мәселесі қолға алынса, бұл бағытта мамандар біркелкі, бөлек бағдарлама бойынша даярланатын болады, — деді ол.

Сол сияқты сессия отырысында облыстық мәслихаттың 2019 жылғы 11 желтоқсандағы №473 «2020-2022 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» мәселесі қаралды. Облыстық экономика және  бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлқасима Сүйінтаева облыстық бюджетті нақтылауға ұсынылатын шығындар тізбесін ұсынды. Шығындардың жалпы сомасы —  5 790 629,3 мың теңге.

Сондай-ақ депутаттар Ақтөбе қаласының 128 атаусыз көшесіне атаулар беру туралы ұсынысты бір ауыздан қолдады. Бұдан өзге жер үсті көздеріндегі су ресурстарын пайдаланғаны үшін төлем мөлшерлемелеріне, іске асырылуы жоспарланған жергілікті мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларының тізбесіне, кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі облыстық комиссияның дербес құрамына өзгерістер енгізілді. Облыстық мәслихат аппаратының қызметтік куәлігін беру қағидасы және Ақтөбе қаласының әлеуметтік маңызы бар қатынастар тізбесінің күші жойылды деп танылды.

Сессияда №19 Байғанин сайлау округінен депутат Ә.Сарманованың, №20 Ырғыз сайлау округінен депутат Ж.Мұхамбетпайызованың, №21 Қарғалы сайлау округінен депутат Г.Ерғазинаның, сондай-ақ №4 Мясоедов сайлау округінен депутат М.Итеғұлов пен №26 Темір сайлау округінен депутат С.Айтбаевалар депутаттық сауалдарын жолдады.

Облыстық мәслихаттың кезекті сессиясында депутаттар 15 мәселе қарап, тиісті шешімдер қабылдады.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button